Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Руханият » МЕРЕЙТОЙ: «ОЛ ОРЫС ЖЕРІНДЕ 21 МЕШІТ САЛҒЫЗДЫ»

МЕРЕЙТОЙ: «ОЛ ОРЫС ЖЕРІНДЕ 21 МЕШІТ САЛҒЫЗДЫ»

Шымкентте мемлекет және қоғам қайраткері Амангелді Төлеевтің 80 жылдығына орай арнайы дөңгелек үстел өтті. Іс-шарада «Губернатор Аман Төлеев», «Жизнь замечательных людей» атты кітаптар мен «Алдаспан ғұмыр» журналының тұсаукесер рәсімі өтті. Жиынға зиялы қауым өкілдері, елге белгілі ақын жазушылар, сондай-ақ Ресей елінен арнайы қонақтар келіп қатысты.
—Шымкент төрінде қазақтың біртуар азаматы, сонау ормандай орысты мойындатқан,Кемеровада 20 жыл губернаторлық жасаған Аман Төлеев ағамыздың мерейтойы өтіп отыр. Бүгінгі жиында Аман Төлеев туралы шыққан кітаптардың тұсауын кеспекпіз. Бір өзі бір дәуірді иығына көтерген баяғы біздің Толағай батырымыз сияқты. Мен 1993 жылы Сарағаш шипажайында Аман ағамызбен бірге демалған болатынмын.Сол жылы Аман ағамызға өз пәтерінде шабуыл жасалған, яғни оқ атқан. Өзінің айтуынша тура маңдайдан дәлдеп атылған оқтан аман қалған. Сол шабуылдан кейін «мен өз Қазақстанымда болса осылай оққа ұшар ма едім»—деген ой келген екен. Содан ол жұбайымен елге келіп, өзінің қызмет таңдамайтынын айтып, қандай қызмет болсада істеуге дайын екендігін жеткізген. Өкінішке қарай сол уақытта біздің биліктен еш хабар болмаған соң ол қайта Ресейге оралды. Сондай ақкөңіл, ашық жарқын, ешкімді жатсынбайтын мінезімен ол орыс халқын бағындырып отырды деп ойлаймын. Осындай арда азаматты біздің жастарымыз білуі тиіс. Тағы бір айта кететін жайт Аман Төлеев сол орыстың жерінде 21 мешіт салғызды. Мұнан біз ол кісінің асыл дінімізге немқұрайлы қарамағандығын көре аламыз. Сол себепті де бүгінгі іс шараның маңызы зор, — деді ақын Ханбибі Есенқарақызы.
Амангелді Төлеев Ресейдің Президент сайлауына үш рет түскен. 20 жылдан астам уақыт Ресейдің күрделі өңірі Кузбассты басқарған. Ресейдің үш Президенті тағайындаған, халық үш рет сайлап, «халық губернаторы» атанған саяси феномен А.Төлеев 2023 жылы қарашада дүниеден озды.
Айта кетейік, дөңгелек үстел ертең ғылыми конференцияға ұласпақ.Конференцияға ғалымдар, ақын жазушылар, ұлт зиялылары қатысып ой бөліспек.

Пікір жазу