Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Руханият » АҚМОНШАҚ

АҚМОНШАҚ

Бүгін күндегіден ертерек ояндым. Оныма себеп бар… Кешке Салтанат берген моншақты сөмкеме салып қоюым керек. Жылтыраққа əуестігім болмағанмен, затым əйел емес пе, мен де бір алтын тағып барайыншы деген ойым ғой. Өзімде осыған сай келетін сырға бар еді, оны іздейтін уақыт жоқ, «менде жоқ дегенге ешкім сенбейтін шығар» деп өзімді-өзім іштей иландырып қоямын.

Сағат 8-ден асып қалыпты, жұмысқа жеткенше əлі 20-30 минут керек. Сөмкеме моншақты қорабымен сала салдым. Қос келінім болғанын қайтейін, осы үйдегі бас келін де, жас келін де әзір өзім болып тұрмын. Олар бөлек үй-жай болып тұрғысы келді, екеуімен де екі жылдан аса бірге тұрдық. Үлкенінің еншісін беріп үй салып беріп шығарып салдық та, кішісін қара шаңыраққа қалдырып, жолдасым екеуміз жаңа үйге көшіп келіп бас шаңырақ құрып отырмыз. Пайдасы сол, сенетін ешкім жоқ болғасын таңертең киетін киімімді кештен дайындауға дағдыландым. Бір жағынан бөлек тұрғанның пайдасы, олар өздігінше өмір сүруге талпынғанына ішім жылиды. Біраз талпынсын, түбінде кіші ұлмен еншіміз бірге.

Кабинетке кірген соң моншақты сөмкеден жайлап шығарып, мойныма салып көрдім. Жарасатын сияқты. Мойнымда лық-лық етіп қозғала тербеле ме, қалай өзі?! Асау моншақтарды бір-біріне еріксіз бұғаулап, жіпке тізіп бас білдіргенге ұқсайды. Қозғалған сайын бұлқынады, аунап-аунап түседі, биіктен төмен қараған тəкаппар бойжеткендей əр қимылымен сылаң қағады, кербез еркелейді, мені көрдің бе дегендей сыңай танытады. Жібінің бір шеті үзіліп кетсе болғаны, еркіндік іздеген ерке моншақтар омыраудан шашылып түсіп, еркіндік іздеп, жан-жаққа лап қоюға бар.

Туасы мен киім кигенді жақсы көргенмен, аксессуарларға мəн бермеймін. Анда-санда той-пойға барарда білінер-білінбес етіп бояу жақсам да грим жасап алған артистерге ұқсап кетем. Сондықтан боянуға əуес емеспін. Моншаққа көз тігіп ойланып отырмын. Кезінде маржан моншақтың талайын тағып, талайы үзіліп-шашылып қалды ғой. Мынау моншақ өзі баданадай ірі, жұп-жұмыр, ерекше əппақ екен. Моншақ Салтанаттың өзінен аумайды-ау, аумайды…

Осыдан екі жыл бұрын бұғанамдағы, білегімдегі құрсаулап қойған темір шегелерді алдырып тастау үшін ауруханаға жатқан едім. Сол жерде Күлия досыммен бір палатада Салтанат жатыр екен. Операциядан шыққаныма бір күн ғана болған. Таңертең, әлі сағат сегіз болмай жатып Салтанат жетіп келіпті. Таң қалдым. «Күлиядан естідім, «жаным, жаным» деп іші-бауырыма кіріп, жағдай сұрап жатыр. Туасы Салтанат ақкөңіл, елпілдеп қалған, шаршау білмейтін жан. Топ-толық, жұп-жұмыр денесі өзіне жарасады, шапшаң қимылдайды, үнемі сөйлеп жүреді, үнемі күліп жүреді. Ернін қып-қызыл етіп бояп алады, онысы роза гүлдің бутондарынан бір аумайды. Ернін тістерімен ауық-ауық тістелегенде ерні дымқыл тартып, қып-қызыл бутонға енді ғана су бүркіп кеткенге ұқсап, онсыз да əдемі реңі ажарлана түседі. Ешкімге ұқсамайтын əдемі келіншек.

Мен үшінші қабаттамын, ақжарма пейіл Мұқанның арқасында бір палатада жалғыз өзім жатамын. Ауруханадағы темірдей тәртіп, мұнтаздай тазалық, дəрігерлердің науқастарға жасап жатқан ем-домын айтпағанда, қабырғаларда ерекше дизайнмен жасалынған өнер туындыларының ілініп тұруы бас дәрігердің талғамының биіктігі. Заманауи жаңа қондырғылар алынып, дəрігерлер біліктілігін арттыру мақсатында шетелдерден тәжірибеден өтті. Əжем марқұм «мал тапқанша, есеп тап» деуші еді. Мұқан жұмысты осылай дөңгелетіп жүргізуші еді ғой.

Кеш болғанына қарамастан қос келіншектің жағдайын білмесем болмас деп төртінші қабатқа көтерілдім. Оларға дəрі егіліп жатыр екен. Салтанат орнынан жалма-жан тұра салып, «сіздерге Жеңіс Ысқақова қайырлы күн тілеп əн салып береді» деп телефоннан əншіні таныстырды.

Жайраңдап жазда ағатын еді,
Есімде қайран Сыр сұлу.
Таңертең сонда баратын еді,
Толқынға құмар бір сұлу.
Аңсатса Сыр өңірі,
Əн тербер жүрегімді,

Қайран сол Сыр сұлуы қайдасың? – деп қайырмасын бітіргенде Жеңістің көмейінен шыққан əн толқын-толқын болып ақкөбіктеніп шалқақтап барып айналаға мап-майда ақ тамшыдай тарап бара жатты. Шәмшінің «Сыр сұлуын» Жеңіс шырқағанда аспанда қалықтаған əнмен бірге өзің де самғап барып, əн біткен кезде орныңа баяу қонатындай болып тұрасың. Қайырмасына келгенде Жеңіс құс патшасындай қанатын серпіп, əн өзінің нағыз иесін тапқандай болар еді… Оның туған жерге деген махаббаты Шәмші əнінің құдіретімен астасып, үндесіп, тіл табысқанын жан дүниеммен сезініп, керемет күй кешіп отырмын.

Нағашы əжемнің қолында еркелеп өскен балалық шағым көз алдымнан тізбектеле жөнелді. Əуелеп барып əн бітті. Салтанат тұрып шай қойды. Күлия екеуі алтын əшекейлер сатып алған екен. Шай қайнағанша «мынау қалай?» деп ақ маржан моншақты көрсетті. «Жақсы екен» деп аузымды жиып үлгірмей жатып «ендеше, бұл сізге сыйлық» дегені… Ыңғайсызданып, «жоқ, керек емес» дегеніме қарамастан мойныма тағып жібермекші. Күлия моншақтың ілгішін таба алмай біраз əуреленген соң «кейін тағам» дедім де, моншақты Салтанат жатқан кереуеттің тумбасының үстіне қоя салдым. Ондағы ойым байқатпай қалдырып кетпекшімін. Отырып шай ішіп болған соң кетуге бет алғаным сол еді, Салтанат шығарып салам деп ілесе шығып, əлгі моншақты əкеліп қолыма ұстатты. Енді қарсыласқанның артық екенін түсініп, моншақты ұстаған бойы палатаға оралдым. «Ізетке найза бойламайды» деген осы да… «Бəрібір бекер алдым ба» деген ой біраз уақыт мазалап жүрді.

Міне, бүгін реті келіп, ақ моншақты тағынып мәжіліс залында отырмын. Күлия да сол жолы сатып алған маржан тасты сақинасы мен сырғасын тағып алыпты. Жарасып тұр. Тура бір уəделесіп алған сияқтымыз. Ауруханадағы сəт есіне түскен шығар. Ал, мен моншақты көрген сайын ойыма аршыған жұмыртқадай аппақ, моншақтай жұп-жұмыр, əдемі Салтанат орала берді, орала берді… «Салтанат – Ақмоншақ», «Ақмоншақ – Салтанат» деп Салтанатты ақ моншаққа, ақ моншақты Салтанатқа ұқсатып далаға шығып, терең тыныс алдым.

«Аңсатса Сыр өңірі,
Əн тербер жүрегіңді…»

Жеңістің даусы құлағымнан кетер емес. Ол əуен көмейіме құйылып, толқындап шығып жатыр. Барша қазаққа əн салдырған неткен құдірет?! Толқынға құмарлықтың сырын енді ұққандаймын…

© Халыйма Жантөреева,
«Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық
филиалы төрағасының орынбасары.
«Оңтүстік Қазақстан» газеті.

 

Пікір жазу