Муханура, Қара Иван, Қызыл бетперде, Ямагата, Қара Мұстафа… Біз білетін Қажымұқанның осындай неше түрлі лақап аттары бүкіл дүние жүзіне тарай бастайды.
1912 ж. ресейлік атақты фотограф Карл Булла түсірген сурет. Қажымұқанның жас кезі.
Ал оның шын есімі, яғни азан шақырып қойған аты – Мұқан Мұңайтпасұлы. Өмірінің 55 жылын күрес пен цирк өнеріне арнап, 50 шақты медальға қол жеткізіп, халықаралық додаларда жеңіс тұғырынан түспеген қазақтың балуаны қалайша «Қажы Мұқан» атанып кетті?
Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Тұрағұл (Абайдың ұлы), Көкбай (Абай шәкірті), Қажымұқан Мұнайтпасұлы және басқа да қазақтың зиялылары (Семей, 1918 ж.)
Палуанға бұл атаудың қалай жалғанғаны жөнінде де түрлі пікірлер бар. Бірі ешкімнен жеңілмеген соң, оған «қажы» атағы берілді десе, екіншісі қажылық сапар шеккенін алға тартып жүр. Алайда, қай қазақ батырын «қажы» деп атаған? Мұндай лақап себепсіз аталмайды ғой. Бұл пікір шындықпен жанаспайды. Мұсылман халықта тек Меккеге барып, қажылық сапарын өтеген адамға ғана «қажы» атағы беріледі.
Қазақ әншісі Әміре Қашаубаевпен
Ендеше, Мұқаңның Меккеге барып, қажы атағына ие болғаны туралы мынадай хикая дәлел бола алады: Ыстамбұлда түріктің Нұрла атты балуанын жеңген соң, шаһардың сол кездегі әкімі, генерал Шәкір паша мен қаланың бас имамы Баюр қазақ балуанының өнерін жоғары бағалап, мұсылман екенін біліп, қажылық сапарын өтеуге шақырған. Жол қаражатын ұсынған кісілердің өздері көтерген. Осы кісілер себеп болып, күш атасы Мұқан Меккені көріп, зәмзәм құдығынан су ішеді, Арафат тауының етегінде түнеп, Мәдинаға да сапар шегеді. Содан кейін Мұқан есімінің алдына «қажы» сөзін қосып, барлық жарыстарға Қажымұқан деген атпен қатысып отырған екен.
Қажымұқанның оң жағында әйелі Мінәйім, ұлы Айдархан және немере інісі Есбол
Дайындаған: Гүлниса Алдажар
Kazakh-tv.kz