Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Облыс жаңалықтары » ЕСЕЛІ ЕҢБЕГІ БАҒАЛАНДЫ

ЕСЕЛІ ЕҢБЕГІ БАҒАЛАНДЫ

Мемлекеттік қызметте еселі еңбегімен танылып, бүгінде еңбектің зейнетіне жеткен азаматтарға құрмет көрсету дәстүрі Төлеби ауданында жалғасын табуда, – деп хабарлайды Didarbek.kz тілшісі Төлеби Ауданы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Зейнеткерлік 63 жасқа толған Көксәйек ауылдық округінің тұрғыны Кемелов Сейітхан Әбдіқұлұлына аудан әкімінің құттықтау хаты, ҚР Кәсіподақ федерациясы «Түркістан облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің «Алғыс хаты » табыс етілді. Сондай-ақ, Түркістан мемлекеттік мекемелер кәсіподағының «Еңбек озаты» төсбелгісімен марапатталды. Төлеби аудандық мәслихат төрағасының Грамотасы, «AMANAT» партиясы Төлеби аудандық филиалы атқарушы хатшысының құттықтау хаты табысталды.
Салтанатты жиында ауылдық округ әкімі Жексенбек Сарсаулетов, кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бердіғали Өмірәлі ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін алғыстарын жеткізіп, мерейтой иесінің иығына шапан жапты.
Жамбыл гидромелиоративтік құрылыс институтын инженер гидротехник мамандығы бойынша тәмамдап, еңбек жолын Сәкен Сейфуллин атындағы колхозда бас инженерліктен бастап, туған жерді түлету мақсатында Көксәйек ауылдық округі әкімі аппаратында салық инспекторы қызметін абыроймен атқарған азаматқа ізгі тілектерін жеткізді.
— Саналы ғұмырыңызды ауданның өсіп-өркендеуіне арнаған – Сіз өңіріміздің дамуына үлкен үлес қостыңыз. Қоғамдық жұмыстарға да белсене араласып, көпшіліктің алғысын арқалап келесіз. Білікті, тәжірибелі, іскер азамат ретінде нәтижелі және жемісті қызметіңізбен биік абырой мен беделге ие болдыңыз, деген аудан әкімі Төлеген Телғараевтың құттықтау хаты Кемелов Сейітхан Әбдіқұлұлына табыс етілді.
Мерекелік басқосуда Сейітхан Әбдіқұлұлына қызмет барысында қолдау көрсеткен әріптестеріне алғысын білдірді.
© Didarbek.kz

Пікір жазу