Қажымұқан Мұңайтпасұлы – ғаламат күш иесі. Қазақтың атын тұңғыш рет әлем жұртына танытқан осы бір таудай құбылыс баба тарихынан бізге жеткен алып баһадүрлер туралы әңгімені растай түсуі үшін арнайы жіберілгендей көрінеді, кейде. Шындығын да, ежелгі қазақ батырларының тау тұлғалық алып қасиеті туралы кейбір аңыз боп жеткен әңгімеге сеніңкіремей «қазекемнің асырып жіберетіні бар» дейміз. Алайда күні кеше, яғни 1948 жылы ғана өмірден өткен Қажымұқанның алып тұлғасы ондай аңыз әңгіменің ешқайсысы да ақиқаттан алыс еместігін айғақтай түседі.
Өмірдегі Қажымұқан қандай еді?
Жақында Астананың (қазіргі Нұр-Сұлтан) батыс беткейіндегі Қажымұқан ауылында даңқты балуанға арналып, ас берілген еді. Асқа алыстан арнайы ат терлетіп, солтүстік өңірден келген, ұлты татар жігіт ағасының әңгімесі Қажымұқанның батырлығы, балуандығынан бөлек, азаматтық игілікті істерін, жомарттығын да паш ететін шежіре болып шықты. «Ағайынымыз Сейфулла атты татар осы өңірде кішкене күнінде Қажымұқанмен тел өскен достарының бірі болған екен. Өзі де Қажымұқан секілді жастайынан жетім қалып, тіпті кейбір шақтарда байға бірге жалға жүрген көрінеді. Содан Қажымұқан балуан болып, шетел асып кеткеннен кейін бірер заман өткен соң, қайтадан осы Қызылжар жәрмеңкесінде көріссе керек-ті. Сонда атағы дардай Қажымұқан өзінің татар досын бірден танып, жөн сұрасыпты. Досының үй-күйі жоқ, жалшылықпен күн кешіп жүргенін естіген Қажымұқан қалтасынан санап, ақшасын түгел төлеп, қаланың қақ ортасынан бір үлкен үй сатып әперген екен. Мұндай жомарттықты қалай ұмытуға болады?» – дейді әңгімешіл ағамыз. Ол үй әлі де Қызылжарда тұрған болуы керек.
Дереккөз: alashainasy.kz