(Қажымұқан өмірінен жаңа деректер)
Жазушы Қалмақан Әбдіқадыров иісі қазаққа белгілі «Қажымұқан» хиқаятында Қажекеңнің Айдарханнан кейінгі ұлы – кенжесі Жәнәбілді Мінәйімнен туылды деп жаза басып, шалағайлық шегінен шыға алмаған келімге келіп, қиғаштық танытыпты. Қиянның қиынындағы нәрсе емес, Жәнәбілдің анасы Сіргелі тайпасындағы Қарабатыр руынан шыққан Бибіжан Бүркітқызы. Мұны білетін көзкөргендер арамызда жүр. Композитор Қалдыбек Құрманәлінің жөн сілтеуімен Бибіжанның 1936 жылы дүние есігін ашқан, отыз жылдан астам кітапханашы қызметін атқарған немере сіңлісімен сұхбаттасудың сәті түсті. – Әкем Айбек пен көкем Бүркіт бір кіндіктен тараған кісілер. Бибіжан әпкем Бүркіттің бұрынғы әйелінен. Кейінгі алғанынан Жұмаш, Ұлмекен деген қыздар өрбіді.
Бибіжан әпкемнің түр-тұлғасына көптің әуесі кетіп, көргеннің көзі тойғандай еді. Оң жақта отырған текті бойжеткеннің майдай мінезі, әдептілігі, биязылығы, ізеттілігі, сөздің мәнін, әңгіме ыңғайын емеуріннен түсінетін көрегендігі алыс-жақын жұрттың жырына айналыпты. Сұғын қадай сұқтанатындардың тіміскішіл көзінен, сыртынан семіретін сөз салушылардың өзінен сақтанған Бүркіт аға қызын қазіргі Ордабасы ауданындағы Елшібек батыр ауылының тұрғыны Бадам деген кісіге ертерек ұзатыпты, – деді Қаныткүл Айбекқызы. Бибіжанның алғашқы күйеуінен неге ажырағанын, Қажымұқанға қалай некелескенін тоқсан бес жасында өмірден өткен жазушы Әдіһам Шілтерханов ата әдемі әңгімелейтін. Ол өз алдына ұзақ сүрлеу.
Көрнекті ғалым Әуелбек Қоңыратбаев: «Өмірінің соңғы жылдары Қажекең Шаян ауданынан Айшагүл атты әйел алыпты. Мен 1946 жылы Қажекеңнің ауылында болғанымда, Айдархан 6 жасар да, Айшагүлдің аяғы ауыр екен» дейді. Неге Айшагүл? Неге Бибіжан емес? Шаян ауданының Тасқұдық ауылында туылып, «Қызылту» колхозына (қазіргі Елшібек батыр ауылына) ұзатылған, кейіннен Қажымұқанға қосылған әйелдің есімі Бибіжан. Айшагүл азан шақырып қойған ныспысы да, Бибіжан лақап аты ма екен? Осы сауалды немере сіңлісі Қаныткүл Айбекқызына қойғанымызда: – Айшагүл дегенді білмеймін, әпкемнің шын есімі – Бибіжан, – деп жауап берді. Шашасына шаң шалдырмаған тұлпар талант Әуелбек атамыздың жаңылғаны ма? Мүмкін емес қой. Алматыдан арнайы іздеп келген, он күн бойы бетпе-бет ұшырасқан қонағына Қажекең зайыбының есімін не себепті Айшагүл деп таныстырған сырының шек-шегіне, ұшығына қанша барласақ та шыға алмадық.
Шамамыз келгенінше талаптанып, зердемізді жұмсап баққан мақаламыз балуан өмірін келешекте зерттейтіндерге ой салып, қателескен тұстарымызды олар түзетіп жатса, дән ризамын. Көрнекті ақын Қасым Аманжолов жазғандай «Өнер табу, өр табу мақсатымен, Адассам да мен адал жолда адастым» деп жұбатамыз өзімізді.
Рауан БЕГАЛИЕВА, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің ғылыми жұмыстар және инновациялар жөніндегі проректоры.