Денешынықтыру мен спортты дамытуға сіңірген еңбегі үшін Қазақ Автономиялы Кеңестік Социалистік Республикасы Орталық Атқару Комитеті Президиумының 1927 жылы арнайы шешімімен Қажымұқанға «Қазақ даласының батыры» деген құрметті атақ берілді.
Патриот ағамыз ел басына ауыр күн туған Отан соғысының отты жылдарында жасының егде тартып қалғанына қарамастан, тағы бір ерлік іс жасады. Ол белін бекем байлап, ел аралап, өнер көрсетіп, одан жинаған қаржыға ұшақ жасатып, майданға жіберді. Сөйтіп, Ұлы Жеңіске өз үлесін қосты. 1944 жылдың 29 қыркүйегінде Мемлекеттік Қорғаныс комитетіне жолдаған хатында Қажымұқан: «Біздің қаһарман қызыл Армия сүйікті Отанымыздың жаңа аудандарының бірінен соң бірін фашист басқыншыларынан азат етіп, неміс-фашист басқыншыларына қирата соққы беріп жатқан күндерде мен, өмірімнің елу бес жылын спортқа арнаған палуан, Жеңіс күнін жақындату үшін еңбекпен тапқан 100 мың сом табысымды Қорғаныс қорына тапсырдым», – деп жазған.
Қажымұқанның хатына Мемлекеттік Қорғаныс комитетінен жауап жеделхат келді. Онда былай делінген: «Оңтүстік Қазақстан облысы, Шәуілдір ауданы, «Ақтөбе» колхозы, Қажымұқанға: «Қызыл Армияның әуе күштеріне көрсеткен қамқорлығыңыз үшін менің сәлемдемемді, алғысымды қабыл алыңыз, жолдас Қажымұқан. Тілегіңіз орындалатын болды. И.Сталин».
Сөйтіп, палуанның жинаған қаржысына өзі жас кезінде бірінші кәсіби күресін бастаған Қазан қаласында ұшақ жасалды. Бұл ұшақ 1945 жылдың бас кезінде 1-ші Белорус майданындағы 284-ші авиация 701-ші түнгі бомбардировщиктер авиаполкінің құрамында шайқасып жүрген қазақ ұшқышы Қажытай Шалабаевқа табыс етілді. Ол Қажымұқан сыйға тартқан ұшақпен 120-дан астам жауынгерлік тапсырма орындады. Ақырында, әскери әуе күштерінің басқа да машиналарымен бірге 1945 жылы 24 маусымда Мәскеуде өткен Жеңіс парадына қатысады. Ал сол ұшақтың ұшқышы Қажытай Шалабаев соғыстан қайтқан соң Қажымұқан ағасымен кездесіп, дәмдес, сәлемдес болып өтті.
Қалиәкпар Әміржанов,
Қазақстанға еңбегі сіңген дербес зейнеткер,
мәдениеттанушы, ҚР мәдениет қайраткері. Адырна.