Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Тұлға » ЖҰЛДЫЗЫ ЖОҒАРЫ ЖҰМАБЕК-ЖЫР

ЖҰЛДЫЗЫ ЖОҒАРЫ ЖҰМАБЕК-ЖЫР

Жұмабек Мұқанов

Жүрек пен ақыл

Жетпісінші жылдардың екінші жартысы мен сексенінші жылдардың басында өз тұстастарынан дарынымен дараланып, рухани орта мен әдебиет сүйер әлеуметке кең танылған жас ақындардың бірі – Жұмабек Мұқанов (1955-2017) болатын. Шалғайдағы Шардарадан шыққан шайыр бала бесігінен уызына жарыған, ата көрген, әке көрген, солар арқылы халық ауыз әдебиетіне қанып өскен қаламгер боп қалыптасыпты. Қазақстанның әр түкпіріндегі аға буын қаламгерлер шығармаларынан бөлек, Орта Азия елдеріндегі ақын-жыраулар поэзиясымен де жете таныстығынан сөз өнеріне ынта-ықыласы ерекше болған. Өйтетін де жөні бар. Егер ақ тауды айырып, қара тауды қайыратындай қарқынын сезінбесе, тілімен тас жарарына сенбесе, әдебиет әлеміне жас кезінен жасқанбай аттай алар ма еді? Қабілетіне күмәнді, шабытына шүбәлі болса «Өлеңге» деп қаламға серт беріп, былай деуге батылы барар ма:

Жөңкілмесе соны ізбен көшім менің,
Оу, өлеңім, сен мені кешірмегін.
Тірі жүрсем табармын соқпағымды,
Амалым жоқ, үзілсе тосын демім.

Араздықтың бұлты да торламасын,
Арамызда шекара орнамасын.
Азабыңнан қаймығар жан емеспін,
Қорғаласа – жасықтар қорғаласын.

Жанар болсаң – мен сенің кірпігіңмін,
Жамау болсаң – сондағы жыртығыңмын.
Бұлт болсам – сен өзің нөсерлетші,
Атылатын оқ болсаң – мылтығыңмын.

Қуансақ та біз бірге қуанайық,
Суалсақ та біз бірге суалайық.
Жүректерде жалын боп үрленейік,
Өлер болсақ екеуміз бірге өлейік!

Оның осындай оптимистік ойларымен, бала жасынан жазып жүрген бұла жырларымен таныс болмай, алдымен осы өлеңін оқыған болсам, бірден пафос деп қабылдар едім. Бірақ теңіздің дәмі тамшысынан білінетініндей, жыр жинағынан бұған дейінгі алғашқы жазбаларынан бастапқы қарқынын, ақындық қуатын, сөз ләмін байқап үлгергем. Сондықтан көзім жеткенін жазып отырмын.

«Тіл-көз» деген өлеңінде жырлары газет-журналдарда ертеден-ақ жарияланып жүрген бозбала ақын өзін сақтандырмақ болған үлкендердің ырымынан да ықпапты. Тіл-көз тиетіндей ақын болсам ғой деп армандайтынын қайтерсің?!

Ырым ғой бұл белгілі бесенеден,
Сіңіп қалған сананың кеселі ерен.
Түн баласы мен жүрмін ұйқы көрмей,
Арман боп көшелі жыр, көсем өлең.

Жараймын ба, білмедім, жыр күреуге,
Жүрегімнен бір жаңбыр сіркіреуде.
Мен жалынға құмармын қаршадай боп,
От алар деп бір күні шырпы-кеуде.

Жыр кұмарлар жүрсе егер дара санап,
Тағзым етіп, таңырқап, тамашалап.
Уа, тағдыр, ұзақ ғұмыр қимасаң да,
Өлеңнен алма мені арашалап...

Жұмабектің жас кезіндегі мұндай өлеңдері көп-ақ екен. «Өзіме» деген өлеңінен де жырдың жолына, сөздің соңына түскен кездегі арманын аңғарасың.

Жас ақын үшін қоршаған дүниенің бәрі тақырып боп шақырып тұратындай көрінетінін қауырсын қаламын қолға алып, өлең жазуға толғанып, ой үстінде отырғандағы әсем әсерлерін бастан кешкен кез келген қаламгер мақұлдайды. Сол сияқты біздің бозбала ақынымыз да алуан тақырыпта өлең өруден қол үзбепті. Тіпті «Шабытсыз шағын» да жырмен жеткізіпті. Ал «Кешке қарай» өлеңінің жөні бөлек. Онда ең жемісті уақыттың сәтті жырлары мен тәтті сырларын талмай түсесің.

Жұмабек Мұқанов

Қырық жыл бұрын: «Уақыт деген сыншы бар, ендігі сөзді сол айтар…», – деп өзі жазғандай, ендігі сөзді сыншылар айтар. Менің де оқырман ретіндегі ой-пікірлерімді ортаға салуға хақым бар шығар. Алайда, бірден басын ашып айтарым, Жұмабек ақын өзіммен туыс, жақын ағам болғандықтан ғана оны асыра бағалап, «жастайынан мықты қаламгер болыпты, өлеңдерінің бәрі асыл екен» дей алмаймын. Қайта шығармашылығының барынша шынайы сараланғаны жөн деп білемін.

Ол да замандас қаламдастары сияқты қолтаңбасы қалыптасқанша ізденіс кезінде көбіне Төлегенше тебіренеді («Көктемді аңсау»). Мұқағали мен Меңдекешті жырлағанда да: «Қалдырған әсер көп маған…» – дегеніндей, аға ақындарынан алған әсерін анық аңғартады. Сірә, жас кезінде жазғандары болар, «Менің махаббатым» өлеңінде де Айбергенов ықпалы бар. «Биіктік», «Арман» сияқты арнауларынан оған еліктегенін байқауға болады. Сондай-ақ Төлеген ақынның «Апаларым» өлеңінің ізімен, соның сарынын сақтай отырып жазылған «Інілерім» деген өлеңіндегі ойлары қорғасындай оп-оңай балқып, дайын қалыпқа құйылып түскен.

Ал енді Жұмабек ақынның өзіне ғана тән жастық жырларын тақырыптарына қарай бөлек топтастырдым: «Көп болды-ау…», «Күтейін сені», «Терезелер», «Ай туған шақта, айнам-ау…», «Сәулетай, боянбашы…», «Гүл ұсынбай, сен жаққа жыр ұшырмай…», «Үйіңді маңайласам…», «Қарындасқа сыр», «Қоштасу», «Сен мені ойлайсың ба?», «Мен сені көрсем деп ем…» өлеңдеріндегі өрнекті ойлары өтімді, жүрекке жетімді екен.

Ақынның бала махаббаты, яғни көрші үйдің қызы – жиі жырлайтын тұрақты кейіпкері болыпты. «Жолда келемін», «Мен саған ғашық екем», «Туған жер құшағында», «Сағыныш» өлеңдерінің бәрі сол Музасына арналған. Кейінгі «Ағаға айтар сырларым» атты жыр естелігінде де сырын айтамын деп, шынын айтып қойып, кейбір құпиясын ашып алып, ағынан ақтарылыпты.

«Өлең шіркін – өсекші, жұртқа жаяр,

Сырымды тоқтатайын айта бермей», –

деп Абайдың өзі абайлайтыны осындайдан шығар-ау…

Жырларым жүрсе мазалап,
Жазғырма, жаным, кешір сен.
Жүрегім жүрер жазалап
Өлеңнің отын өшірсем.

Сағынған кезде мен сені,
Қаптаған сәтте нала, мұң,
Көңілдің аппақ семсері –
Қолыма қалам аламын.

Сол кезде жаным жайланып,
Маржаны жырдың төгілер.
Кеудеме алтын ай қонып,
Көңілдің бұлты сөгілер.

Кінәлап мені тіл қатпа,
Жан сырым сенен тілер шын.
Ақындық деген сырқатқа –
Жүректен шыққан жыр емші.

Неге екенін, мені Жұмағамның «Хош, жиырма!» деген өлеңі өзгеше ойландырды. Бір оқығанда екі-үш рет қайталадым. Алдыңғы өлеңдеріндегі өзі айтпақшы, сыршыл, жыршыл жас, аз уақытта ақыл тоқтатқан азаматқа айналып шыға келгендей болды.

Басқа арнамен мен енді қозғаламын,
Ағалыққа ұмтылып сөз бағамын.
Үлкендердің мен енді тонын кием,
Шешіп тастап жейдесін бозбаланың...

Ерте есеюге асыққан адамның әдетте жүрегін ақылына еріксіз бағындырып қоятыны бар. Ал ақын үшін болашақта бұл тәуелділіктің өкініші ауыр болуы мүмкін. Өйткені бұлақ көзін ашқандай өлең-жырдың қайнарын кеңітудің орнына, керісінше, көкірегіңдегі тегеурінді толқынды саналы түрде тежеп, бөгегеніңдей ғой…

Толқынысты қалайша баса аласың,
Қимастықпен көзіңе жас аласың.
Қош енді, жиырмам – ақ отауым.
Аттап барам үлкен үй босағасын...

Егер қателеспесем, осы жырында Жұмабектің жасырған жұмбағы бар. Іңкәрлік, сағыныш сезіледі. Кейбір қателігіне өкінетін сияқты ма, қалай? Егер олай болмаса:

Ұғыншы жүрегімнің дүрсілдерін,
Үңілші көңіліме сыршыл менің.
Айыптама тек қана жағаңа кеп,
Жиырма жасар жігіттің күрсінгенін... –

деп неге Сырға сырын айтады?! Ау, күні кешегі қарқын қайда? Былтырғы жалыны бәсеңдеген бе? Анау жылғы арыны қайтып қалғаны ма?

Не десең де, әзірге бұл уағындағы ақылы – жүрегінің ырқында еді…

Есенғали мен Темірхан

Әр жылдары Жұмабек Мұқановқа арнап жазылған жырлар аз емес екен. Мен қазір соның екеуіне ерекше тоқталғым келіп отыр. Олар – бүгінгі қазақ поэзиясының корифейлері – Есенғали мен Темірхан ақындардың өлеңдері.

Е.Раушанов пен Т.Медетбекті Ж.Мұқановпен тек географиясы мен биографиясы ғана байланыстырып қоймайды. Олар – әдеби шығармашылық жолдары да қатар өрілген замандас қаламгерлер.

Келешекте классикке айналмақ жас ақын Есенғали Раушановтың 1980 жылы «Бастау» деген тұңғыш жыр жинағындағы «Солмашы, жауқазыным (Жұмабекке)» деген өлеңін оқыған жанның жүрегі елжіремей қоймас. Онда бала кезінен бірге өскен арманшыл, қиялшыл жастардың қоңыр қаздардай жұп жазбай жүрген күндері көз алдыңызға келеді:

Дарияның бойы еспе құм еді,
Естелік еді бұл да бір.
Сәуірдің бұлты көшкелі бері,
Сескеніп еді қырда гүл.

Қырдағы гүл... ол – жүрегің еді,
Түнеріп еді қырат бел.
Сыр толқындары біледі мені,
Біледі мені..., сұрап көр.

Ауламызда өскен бар еді шынар,
Айту да қиын тілменен.
Көрші қыз, рас, әдемі шығар,
Көркем ғой бірақ жыр деген...

Алғашқы махаббаты өлең-жырға ауып, баяғы бала махаббаты – көршінің көркем қызынан да жырақтап жүрген күндерінде қос қоңыр қаздың бірі дертті екенін біліп, сыңарына сырын айтыпты. Оған қосыла қайғырып-қапаланған сол кездегі жиырма жасар жігіттің аппақ көңілді достық тілегі шығар, бәлкім, науқас жүрек иесінің одан кейінгі өмірінің қырық жылға дейін ұзара түскені…

Жұп жазбай самғап келеді қаздай,
Ертерек ұшқан қос көңіл.
Шерлі жан едің, шеменің аздай,
Өлеңнің дертін қосты өмір.

Жар етіп жанған жас қылықты арман,
Жалт беріп кетті болып мұң.
Мен сонда сенің бастығып қалған
Өр дауысыңнан қорықтым.

Жалғыз жүрген соң жағалауда әман,
Жалығыпсың-ау, соны ұқтым.
Мен сонда сенің жаңа лаулаған
Қиялдарыңнан қорықтым.

Көрінсе деп ем көшің ілгері,
Жосыла түсіп жолдарың.
Хатыңды ашарда осы күндері
Дір-дір етеді қолдарым.

...Ұзатып салдым жанарымменен,
Жазықсыз, бейқам қаздар-ай.
Жазира қырға жаралы үнменен
Жалғыз ұшуды жазбағай!

1978 жылы жазылған осы өлеңде айтылғандай, жаралы үнмен жазира қырға қырық жылдан кейін қаңқылдап жалғыз ұшқан қаздың сапары – дос қазасы үшін еді… Бір-біріне: «Мені тастап кетуші болма!» – деп қол алысып, сөз байласқан ақындардың уағдасын ақыры Жұмабектің жаралы жүрегі бұзып кете барған…

Сөйтсе, нағыз жалындап жүрген жас ғұмырында жанындағы жара жанарына мұң, қабағына кірбің, көңіліне қайғы орнатып үлгерген екен ғой. Ондайда, әсіресе, ақылының алдына түспей, жүрегінің жетегінде кете берсе, әлдеқашан-ақ қыршынынан қиылған қысқа ғұмырлы көп қаламгерлер қатарында анда-санда ғана аталып қалып жүрер ме еді?

Жұмабек «Бақытқа барар жолда» деген диалог-өлеңінде қазан айының қараңғы бір түнінде аурухана палатасындағы екі сырқаттың (соғыс ардагері мен жас жігіт) сырласуын хатқа түсіріпті. Жоғарыдағы сұрағыма содан жауап тапқандай болдым. «Элегия» өлеңінен ақынның ауруханадағы ахуалын сезіндім. Ал енді «Сырқаттан соң» деген өлеңі – Есенғали досына жауабы сияқты…

Қуанышты да, қайғыны да ақылынан бұрын жүрегімен қабылдайтын ақынның жанын ақыннан артық кім ұқсын?! Ақынның мінезін ақыннан артық кім танысын?! Жұмабектің жанын ұғып, мінезін білетін рухтас ағасы, Көк түріктер сарынын жаңғыртқан әйгілі ақын Темірхан Медетбек сол үлгісімен інісіне жазған жанашырлық жырында ескертетіні бар:

Жұмабек!
Бірде бәріне төзетін
Кеңсің, байсалсың.
Бірде басыңды кессе де
Қайтпайтын қайсарсың!

Енді бірде
Құмырсқа шаққан адамды да
Жылан шаққандай аяп жүресің!
Ал кей кезде бәрінен безініп,
Қағынан жеріген құландай
Саяқ жүресің!

Сені түсіну қиын!
Кейбір кездерде
Болмайтын нәрсеге де
Бордай езіліп құлап тұрасың!
Бірақ сен тіресетін кездерде
Бүгіліп, иілуді білместен 
Сексеуіл сияқты
Күтір-р етіп бір-ақ сынасың!

Бәсе, Жұмабек ақынның сексеуілді жиі жырлап, көп айтатыны – табиғатының жақындығынан да бұрын, жанымен ұқсастығынан екен ғой. Бұл туралы тағы да таратыңқырап жазармын. Өлеңді еріксіз бөліп жібергенімді байқамай қалыппын. Ары қарай:

Ондай кездерде
Айналаңды алақұйын етіп,
Жындай қуырып кетесің.
Орай да борай соғып,
Құмдай суырып кетесің!

Абай бол!
Жұлдыз боп көгімнен
Ағып кетпеші!
Өз отыңа өзің өртеніп,
Жанып кетпеші! –

депті. Айтудай-ақ айтқан ғой. Түбінде өз отына өзі өртеніп кетерін өзінен бұрын өзгелер білген екен де. Ғапыл-дүние! Пәруана-пенде! Сексеуіл-тұлға!

Әкім мен ақын

«Айтамыз біздер ақын деп – адамды шоқ боп маздаған. Ақынға керек ақыл көп, асаулық керек аздаған…» Қадыр Мырза Әлидің осы сөзін Жұмабек інісі өзіне қағида қылып алғандай. Асаулығын тежей алмаса да, ақылын арттырып барып, жаралы жүрегінің қабынуын басқан ақын шығармашылығы «Поэзия махаббаттан басталып, парасатпен аяқталуы тиіс» деген Мұқағали Мақатаевты да растап тұрғандай. Шынында да махаббатпен басталған Жұмабек жырлары жылдар өте парасатты поэзияға ұласыпты. Келе-келе кәсіби қызметі ақындығына да ықпал етіп, өлеңдерінде публицистикалық сарын басым түсіпті. Баяғы «арман болған көшелі жыр, көсем өлең» көсемсөзге көбірек жол беріпті…

Бірақ қазіргі кәсіби әдебиетшілер мен ойлы оқырмандарды былай қойып, ақын өлеңдерін оқуға мұршасы жоқ түстіктегі ағайын, қарапайым шаруалардың бәрі Жұмабек Мұқановты жақсы біледі. Себебін сұрасаңыз, «Үнемі әкімдермен алысып-жұлысып, айтысып-тартысып жүретін жазушы ғой!» – деп түсіндіреді. Расында да нәзік сырлы лирикадан басталған ақын жырларының уақыт өте күрескерлік бағытқа бейімделіп кетуіне, әзіл-шынын араластырып айтсам, әкімдердің де тікелей әсері бар деп білемін. Жұмағамның жергілікті билік басшыларының қайсысымен қойын-қолтық аралас-құраластықта болғаны да, қайсысымен қырғи-қабақ қарым-қатынаста болғаны да ендігі жерде жалпы оқырманға маңызды емес. Бірақ әкім мен ақынның ара-қатынасы туралы шығармаларының өзі бір топтама болатындықтан, бұл төл тақырыбынан да айналып өте алмадым.

«Әкім мен ақын дос болса…» деп басталатын әлқиссасы – халықтық нақыл сөздер үлгісінде термелеп айтылған толғау сияқты. Ал оның жалғасы ретінде «Есін жиғызса есті өлең…», «Ақындар өмір көшінде…» сияқты екінші, үшінші өлеңдерінде алдыңғы ойлары айшықтала түседі.

Келесі «Әкім кетті… Әкім келді…» деген өлеңі, басқаны білмеймін, мені бейжай қалдырмады:

Әкім кетті...
Әкім келді...
Ой, тобам!
Араздасам ба?
Арпалысам ба қайтадан?
«Дат! Дат, тақсыр!» – деп
Қаламсабым қарап тұр.
Шамамды мың сан байқаған,
Шалабымды талай шайқаған.
...Шалқасынан шаршап жатыр Шардарам,
Мен қалайша жай табам?!

Әкім кетті...
Әкім келді...
Ол да бір күн кетеді.
Зымырап уақыт ағын судай өтеді.
Қызылқұмның қойнауында,
Жаушықұмның аймағында,
Дарияның қайнарында,
Мүлкіл Ата баурайында біз қаламыз, бауырым.
Шағыл құмы, ащы суы,
Бәрімізге жетеді.

Уай, кім келді?!
Туысы кім? Досы қайсы? Жолдасы?...
Қызыл тілім,
Таңдайыңа шоқ түскенше толғашы.
Көңіл көзім қарсы алдынан қарайды,
Қыл мойнына іліп алған
Жоқ па екен деп дорбасы...

Бұл – оның өлеңінде шет жағасын ғана шығарған журналистік зерттеудегі өзіне тән тәжірибесі, репортерлік әдісі еді. Өкініштісі, түсінбегендер әлде әдейі арандатушылар мұнысын кезінде басқаның басқан ізін бағу, тіпті арызқойлық деп те қабылдағанын жасырмаймын. Бұл оған қажет пе еді? Тақтағылармен таласып береке таппайтынын өзі де білді. Бірақ қоғам төзген қиын жағдайларға қаламгердің төзбеуінде де сыр бар. Ол сырлар сол жылдардағы газет тігінділерінде, ашық хаттарда, сот шешімдері мен кеңес хаттамаларында өшпестей боп тасқа басылып қалды.

«Сөз бен шығармашылық еркіндігіне кепілдік беріледі. Цензураға тыйым салынады» деген Ата Заңның белгілі баптарына сеніп, ел мен жерге жанашырлықтан сыни материалдарын батыл жазып жүрген журналистің есіл уақыты түрлі деңгейдегі соттардың табалдырығын тоздырумен де өтті-ау. Жә, өлеңге оралайық:

Күресуден де,
Тіресуден де жалықтым.
Шардараның күнге күйген кекілінен сыйпай алар
Азамат іздеп тарықтым.
Халқымыздың тілегіне көп еді-ау,
Қай қалауы болып тұр дейсің халықтың?!

Жан сырымды жеткізейін термелеп,
Періштесі аз жұртта
Перілер көп, пенде көп.
Шалқасынан шаршап жатыр Шардарам,
Бірер жұтым су тамызар Ер керек.

Шудаларын шаң басқан, 
Нар бурадай қабынам.
Айналайын адамдар,
Айыр тілімнен қағынам. 
Шардараның құм басқан,
Әжім қашқан ай жүзін
Шайып кетер ақ жаңбырды сағынам.

Хақ Тағалам қанағат пен сабыр берсе...
Ел де – тыныш...
Мен де – тыныш...
Ол – тыныш...
...Төрімдегі ақ семсерге қараймын,
Махамбеттің басын кескен – сол қылыш!

«Қауіп қайдан болса, қатер – содан». Бүгінгі қару – баспасөз ғой. Оның үстіне «Ықыластар» да өз әріптестері арасынан шығып жатты. Сексеуілді сексеуілмен ұрып сындырмақ болған әкім-қаралардың айдап салуымен, солардың сойылын соғып, сөзін сөйлеп жақтаушылар мен ақтаушылардың және Жұмабектің өзін даттаушылардың қарсы мақалалары да іле-шала жазылып жатты. Ақпараттық таластар бойынша қоғамдық сараптама орталығының мамандары автордың кейбір мақалаларының мәтініндегі әр сөзіне дейін шұқшия талдаған кездері болды. Мақаланы қойып, қарсы жауаптарында өлеңдеріндегі оқшау ойлары үшін кінәлауға тырысып бақты. Одан ығатын, одан бұғатын Мұқанов қайда?! Батырдың бес қаруы сияқты бесаспап қаламгерлігімен қасарысудан қайтпайтын. Өз кезегінде ол да сараптамалық мақалаларымен, журналистік зерттеу репортаждарымен, басқа басылымдардағы сұхбаттарымен, ашық хаттарымен, өлеңдерімен оппоненттерін үсті-үстіне төпелеп, ақпаратық соққымен есінен тандыратын.

Сондағы ең көп жазатын негізгі мәселесі – Шардараның шешімі табылмай шиеленіп қалған өзекті проблемалары ғой. Оны өлеңдерінен де оқи аламыз. «Беймаза кезең, беу, дүние…» деп бебеулеген бәйітінде тоқыраған ауылдың, дағдарған қауымның, күйі кеткен кезеңдегі күйбең тірлігін қаз қалпында көз алдыңа елестетеді.

Шарт сынасың да шамырқанасың,

Ақтарып тастап дамыл табасың… –

деп, жазып болғаннан кейін ғана жүгі жеңілдегендей, көңілі жайланады.

«Аспанға емес, ауылым жерге керек» деп ашынатын жанайқай жырларымен шағын ғана Шардарасын әдебиетте әйгілі етуден бөлек, журналистік қызметінде де аудан мәселелерінің ауқымын ұлғайтып, республикалық деңгейге шығарып жіберетін.

Қай заманда да ақындарымен алысқан бишікештердің беделі биіктеп, абыройы артқандары шамалы. Қарсы тараптың көзімен қарасақ, оларды да түсінуге болатындай. Әкімдікке бағынышты ресми «Өскен өңір» газетін отыз жыл бойы (!) басқара жүріп, құрылтайшыларын сынауы – өзі отырған бұтағын өзі аралап кескендей әрекет қой. Бюрократ басшылардың ұғымында бұл – абсурд…

Шардараның шері Махамбетше мұңданып («Ей, бекер күн, бекер күн»), маңына жан жуытпайтындай жекебатыр көрінгенімен, жанын ұғатын жолдасынан жағдайын жасырмай, жайып салады. Оның да бәрінен түңілген сәттері болған екен. «Жүдеусің дейсің, досым-ай» деген жыр-хатында жабығу да, жалығу да, торығу да, тіпті зорығу да сезіледі. Мұндай сезімтал жанды жабырқату да аса қиын болмаған сияқты.

Шамшыл шайырымыз шенеуніктерді шенегенде де шамалы жерде шешенсіп жүретіндердің өзі шеніне тең келе алмайтын шығар. «Жоғарылау мен төмендеу немесе алмастыру жайлы ақиқат» балладасында мансапқорлық машақатын мысқылмен мысалдайтыны бар. Соған қарағанда, кейде көңіліне жақпаған шенділердің шабына әдейі ши жүгірте ме деймін. Әйтпесе, «Тектілік пен мықтылық», «Әкеге құрмет – ұрпаққа үрмет», «Арамызда бар бола бер» сияқты азамат ердің қадірін бағалайтын өлеңдерінен оны басқаша танисың.

Қашан да халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтап жүретін Жұмабек Сейілханұлының қайраткерлік тұлғасын таныған жазушы, Қазақстанның Құрметті журналисі Захардин Қыстаубайұлы «Сайланбаған депутат» деген тақырыппен мақала жазып еді («Қазақ әдебиеті», 07.10.2016). Мұндай жылы лебіздер оның көзі тірісінде-ақ аз айтылған жоқ. Өмірден өткен соң жылы сөздер мен ыстық лебіздер жаңбырша жауды.

Сырт көзге Жұмағаң қайшылықты тұлға сияқты болып көрінуі мүмкін. Өйткені біреулер оны жер-көкке сыйғызбай мақтаса, ендібіреулер атарға оқ таба алмай, қара жерде алаңсыз алшаң басып жүргенін де көтере алмайтынын көрсетіп қоятын. Сонысымен де ол елеусіз, ескерусіз қалатын ер емес еді. Сонысымен де енді достарының да, дұшпандарының да есінен кетпейтін болды.

Ақындық пен азаматтық

Мен ақындардың бойынан азаматтықты да қатар көргім келеді. «Ақын болу – міндет емес, азамат болу – парызың» деген ақыл-нақылды ұстанамын. Таланты тасып бара жатса да, азаматтық қасиеті кем ақындардың сөзін құрметтегеніммен, өзін жаныма жақын тұта алмай, алыстан сыйласқанды ғана жөн көремін. Ал азаматтық поэзия өкілі деп есептейтін Жұмабек ағамыздың әңгімесін тыңдау үшін, жырақта жүрсек те, әр кездескен сайын жанында көбірек болуды қалайтынмын. Енді кітаптарымен ғана сырласамыз…

Сексенінші жылдары сыршыл көңіл күй лирикасымен танылған ақынның тоқсаныншы жылдардан бастап саяси-азаматтық лирикаға ауысқанын айттық. Оған қоғамы да ықпал етпей қоймады. Тәуелсіздік жылдарында публицистиканың поэзия мен прозаны да басып озғанына оқырман куә. Бәрін былай қойғанда, ел мен жер тағдыры таразыға түсіп жатқан нарық заманында құндылық атаулыны қорғайтын парық керегі даусыз еді. Осы тұста Жұмабек ақын да белсеніп шығып, азаматтық позициясын парасатты публицистикасы мен ақындық өнері арқылы айқын көрсете білді. Ол тарихи тақырыпта болсын, саяси, әлеуметтік тақырыптарда болсын, тіпті табиғат туралы толғанса да бәрінде азаматтық үнін, өз дәуірінің дауысын жеткізе білді.

«Елдік пен ерлік жырында» өткен ғасырдың отызыншы жылдарындағы саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық кезінде көзсіз ерлік көрсеткен ел азаматтары туралы тамағына өксік тығыла отырып өлеңдетеді. Атақонысынан жер аударылып, берісі Балқантау асып, арысы Тескентау асып үдере көшкен жұрттың бір шоғырының ширек ғасырдан кейін қазақ елінің оңтүстігіне көшіп келіп қоныстану оқиғалары баяндалады.

Бағзы жыраулар сарынымен жазылған «Соғыстың соңғы батыры» өлеңінде де қаһарман тұлғасынан бөлек, сын сәтіндегі қайсарлық пен ерік-жігер, бейбіт замандағы бейнет пен зейнет туралы да тебірене толғайды.

«Аңсау мен шаршау» шығармасында шабандоз, көкпаршы азаматтың әруағын еске ала отырып, шаршағанда сырласуға шақырады, марқұмнан медет күтеді. Жалпы Жұмабек жырларында, әсіресе, зайырлы қасиет иелері жайлы жазғанда тірінің мерейі үшін өлінің үрейін құрметтеу дәстүрге айналған. «Қарабура әулиенің асында», «Бабалар рухына тағзымында», «Абай ескерткішіне мұң шағуында» сөзбен сыйынып қана қоймай, сол асты ұйымдастыру шараларына тікелей атсалыса жүріп, ұлы тұлғалар ескерткішінің бой көтеруіне себепші болып, сондағы әсерлерімен де бөліседі.

«Қазақ әйеліне ода», «Шардараның толғаныстары», «Ұстаздан – ұлағат, шәкірттен – сәлем хат» туындыларының тақырыбынан-ақ мазмұны білініп тұрғандықтан, тәптіштемей-ақ қояйын. Бірақ ондағы көңіл күйлерін ұғу үшін аталмыш өлеңдерін оқу керек. Басқа да жалпы тақырыптары – «Мектептегі кездесу кешінде», «Жеңіс жыры», «Көктем кешіккенде», «Арғымақ жылдың ақырғы түндері», «Есенинге ескерткіш», «Шекаралар» өлеңдері де тамаша жырланған.

«Жаңаөзен жарығым-ай» атты азалы зарында 2011 жылы әлеуметтік әділетсіздікке төзбей, ақ-адал ақысын талап еткені үшін қырғынға ұшырап, саясаттың құрбаны болып кеткен қыршын жастар мен құқы тапталып, сергелдеңге салынған қаралы қауым үшін қабырғасы қайысып тұрып қайғырады. Осы қан-қасап пен қиянатқа қатысы бар шенділер мен шекпенділерді 2013 жылы «Жазушы» баспасынан жарық көрген «Жадымдасың, Жаңаөзен!» кітабын алып, оңашада болса да, мұқият оқып шығуға шақырамын! Ондағы ашынған ақындардың еттен өтіп, сүйекке жетер сөздерінен ар азабын сезініп, шын өкінсе, әріптестері мен ізбасарларына сабақ болар ма еді деген ізгу ұсынысым бар. Жұмабек ағамның жүрегі бар жанды ойландырмай қоймайтын жыры да солардың қатарында!

Айтпақшы, алда сексеуіл туралы тағы айтамын деп ем ғой. Автор экология мәселелерін де назардан тыс қалдырмаған. «Сексеуіл қашып барады адамдардан» деген өкінішті өлеңі – соның дәлелі. «Бақылау мен жанашырлықтың жоғынан, есепсіз пайдаланудан Қызылқұм алқабында сексеуіл, жүзген, жыңғыл, тағы басқа бұталар мен өсімдіктер сиреп барады. Ғалымдар адамдардың қатыгездігі мен жауапсыздығынан таяу болашақта бұл өңірде алапат құм көшкіні басталатынын болжап, алаңдаушылық білдіруде», – дегенді газеттен оқып, сары уайымға салынады.

Ғаламат ғасырлардан аман қалған,
Торығып тоналғаннан, қаналғаннан,
Артынан құм суырып құла дүзде,
Сексеуіл қашып барады адамдардан.

Жалған-ай... жаутаңдайды аласұрып,
Қыршынынан қиылған бала шыбық.
Тал түсте табанға сап талқан қылды,
Трактор мен иесі таласа ұрып.

Білмеп пе ең қос аяқты бөрі барын?
Қияметте қапыда жолығарын.
Қаңғыбас қаңбақтарға күнің қалса,
Қызылқұм, маңдайыңның соры қалың.

Ырысын шайқап алған ұл жарамас,
Құрысын құмнан ұшқан құл-қолағаш.
Қып-қызыл қиянаттан есі танып,
Қызылқұм ыңырсиды... тыржаңалаш.

Мұндағы Қызылқұмның қасіретін Маңғыстауда жүрген мен де өлең авторынан кем сезінбеймін. Біздің де бірнеше ауылдарымызда құм көшкініне тосқауыл қылып, қалың өскенін қалап, жанталаса сексеуіл отырғызып жүрген жұрттың есіл еңбегін еш ететіндер баршылық. Күнделікті отынына пайдаланатындардың пендешілік пиғылынан Қызыл кітапқа кірген сексеуіліміз де сиреп барады…

Адамдар, арашаға жарармысың?Өлкеме оң көзіңмен қарармысың?Қызылқұм, қызы өлгендей күңіреніп,
Қызығыңнан айрылып қалармысың?

Жүз жылдап, мың-мың жылдап шегенделген, 
Қазағым мықтылықты сенен көрген.
Қызылқұм, нұр жүзіңнен қызыл кетті-ау,
Көз құрты тоймайтұғын өлерменнен.

Талқандаймыз күн демей, түн демейміз,
Айта алмаймыз, мылқаумыз, үндемейміз.
Жалтаңдаймыз бір тасыр таққа отырса,
Табиғат-анамызға мүлде өгейміз.

Пейіл тар, қанағат жоқ, пайдақормыз,
Туған жер, сорыңды да қайнатармыз.
Құлқынның құлы болсақ күні ертең-ақ
Ұрпаққа қызыл шағыл шайнатармыз.

Біз қалай келешекпен үндесеміз?
Кетуде мәңгүрттікпен күнде есеміз.
Даламның жауһарларын жаппай құртсақ,
Тіршіліктің көзіне құм себеміз.

Қалайша қамықпайын, жай қарайын?
Тоғайда тораңғыл жоқ, айналайын!
Даламның адырнасы быт-быт болды,
Қабырғасы қайысар қайда ағайын?!

Сыңсиды саған қарай, маған қарай,
Жанымның жұбанышын табам қалай?
Алаяқтар арылмай арамыздан,
Өмір сүру мүмкін бе алаңдамай?

...Сексеуіл қашып барады қарайламай,
Айбалтаны сілтедік абайламай.
Тірегінен айырдық Қызылқұмды,
Жүрегі жоқ қатыгез адамдар-ай!
Нәпсіге нәубет болған надандар-ай!

Қандай ауыр айыптау?! Ақыннан осыны тілеп алғандар осылай осып айтпауға мүмкіндік қалдырмай, ашып айтуға мәжбүрлеп тұр ғой. Басқа тұрғындар үшін бұл – көмірді қымбатсынып, отын ретінде пайдаланып жүрген халықтың қалыпты қарекеті, табиғат ресурстарын қорғаушылар үшін – броконьерлік болар. Ақын үшін – опырылған әр бұтағы мен діңінен қопарылған әр түп сексеуіл – тамырларын суырып, жүрегін жұлып жатқандай жантүршіктірерлік жағдай.

Мен Жұмахаңның сексеуіл тақырыбын бекер таңдап алып отырған жоқпын. Ақынның бойында да сексеуілге тән қасиеттер бар. Ол – Маңғыстаудың түлейінен туған түлек. Орта Азия мен Оңтүстік өңіріміздің құмды, шөлді, сортаң, тақырларын да жерсіне алған, табиғатынан төзімді жаратылыс иесі. Үнемі ұйтқи соққан желден құм көшкінін тоқтатуға, жан-жануарлар мен жәндіктердің паналауына ыңғайлы өсімдік сияқты – Жұмабек ағамыз да айналасына қамқор, жақындарына қорған бола білген жанашыр азамат. Жұмабектің де сексеуіл секілді морт сынатынын, әп сәтте өртеніп кетуге бейім тұратынын сөз басында Темірхан Медетбектің мінездемесінен білдік. Ыстығы көмірден қалыспайтын сексеуіл шоғы сықылды Мұңал Шоғы Жұмабек те қызуқанды қылығымен от пен шоқ сияқты өмірден маздап өтті. Жылуы әлі біразға дейін басылмайтынын да білеміз…

Ж.Мұқановтың тағы бір таңдайқата тақырыбы – саз өнері мен сөз өнері һәм өнер иелері туралы. Оның «Татьяна Бурмистрова шырқаған ән», «Он төртінші соната», «Ойпырмай, мынау әннің керімін-ай» сияқты өлеңдері «әсем ән мен тәтті күйге» тамсанудан туған. Жырақта жүрсе де әдебиет алыптары Әбіш Кекілбайұлы, Фариза Оңғарсынова екеуімен Жұмабек інісіндей жақын араласқан қаламгер жоқ шығар. Ардақты ағасы мен аяулы апасы рухтас бауырының барлық бастамаларына үн қосып, ақыл-кеңестерін беріп келген екен. Сондай-ақ Ханбибі Есенқарақызы ақынмен де қатты сыйласқаны бірнеше арнауларынан белгілі. Әнші, композитор досы Лесбек Амановқа жазған өлеңінде автор өз жайын да жыр қылып, сыр қылып ақтарады

Кітабының соңғы беттерін парақтай отырып көзім жеткені Жұмабек Мұқанов – ойдың ақыны екен. Азаматтық поэзияны жалаң ұраншылдықпен, үгіт-насихатпен шатастыратындардың санатынан емес. Тек поэзияға тән жалпы көркемдік компоненттерін сирек қолданып, образдан озып, ойын ашық айтатыны болмаса, өлеңдерінен көп кемшілік көре бермейсің. Ең бастысы – оның әдеби мұраларының тәрбиелік-тағылымдық, танымдық мәні зор.

Поэзия мен публицистика

Жұмабек Мұқановтың бойындағы табиғат тарту еткен таланты – қос қанатындай поэзия мен публицистика оны шырқау шыңдарға алып ұшыпты. Көкте еркін қалықтата жүріп, жер жүзіне биіктен зер сала қарауға мүмкіндік беріпті. Мен алдыңғы бөлімдерде негізінен ақынның тек «Сексеуілдің шоғы» өлеңдер жинағынан (2005) үзінділер ұсындым, тақырыптық тұрғыдан жалпы мазмұны бойынша ғана ой-пікірлерімді жаздым.

Өлеңдеріндегі әр алуан тақырыптарындағыдай, журналист Ж.Мұқановтың басқа кітаптарының да бағыттары әртүрлі. Жаңаөзенде мектеп оқып жүрген кезімде менің қолыма тұңғыш тиген – «Ширек ғасыр шежіре» деген атпен 1994 жылы құрастырылып шыққан Шардара тарихы туралы шағын кітапша еді. Ол жинақтың шыққанына да тағы ширек ғасыр өте қойыпты. Бөлем Шәудірбайұлы Айбек «Ағаңның кітабы» деп сыйлаған болатын. Содан бастап, әр жылдары дүние-жарыққа шыққан Жұмабек ағамыздың барлық туындыларын оқып келем.

Тауда туып, таста өскен, ағайыннан басқа өскен тағдырлы жан, Ресейдің көрнекті саяси тұлғасы, мемлекет және қоғам қайраткері жайында «Губернатор Аман Төлеев» деген кітабы оқырмандардың сұранысына байланысты бірнеше рет қайта басылған (2003).

Туған жері Өзбекстанның Самарқанд облысына қарасты Нұр Ата өңіріндегі Әйтеке би жатқан бейітіне бірнеше рет ғылыми, көпшілік экспедициялар ұйымдастырған ағамыз «Әйтеке би» қорын құрып, қоғамдық қызметтер де атқарған. Ұлы бидің басына еңселі ескерткіш орнатып, «Әйтеке бидің ақ жолы» атты жинағын шығарыпты (2009).

Түрлі жанрдағы жазбаларын қамтитын «Шағалалы Шардара» кітабы да жерлестерінің құнды жәдігеріне айналып үлгерді (2009).

Өзінің ата тегі туралы ғана емес, тұтас бір арыс елдің тарихи деректерін қамтитын «Шоғы батыр» (2010), одан да ауқымды «Мұңал Ата» (2015) кітаптары жарық көрді.

Қазақстанның халық жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері, Еңбек Ері Әбіш Кекілбайұлы өмірден өткен күннен бастап, үш айдың ішінде «Жүз күндік жалғыздық» (2016) атты кітап жазып шығып, марқұмның жүз күндік садақасында таратылды.

2017 жылы жалпы еңбектерінің таңдамалы жинағы жарық көрді.

Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетінің түлегі Жұмабек Сейілханұлы еңбек жолын 1976 жылы Шардара аудандық «Өскен өңір» газетінде бастап, ұзақ уақыт осы басылымның бас редакторы болған (1983-2013). Әр жылдары республикалық «Халық кеңесі», «Түркістан», халықаралық «Ақ жол» газеттерінің меншікті тілшісі қызметтерін де қоса атқарған.

Оның ерен еңбегі елеусіз қалған жоқ. «Құрмет» орденінің кавалері; ҚР Мәдениет қайраткері; «Қазақстанның Құрметті журналисі»; Шардара ауданының құрметті азаматы; Ресей Федерациясы Кемерово облысының «Сенім мен ізгілік үшін» күміс медалінің иегері; Санкт-Петербург халықаралық психология ғылымдары академиясының құрметті академигі атанды. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі.

Газет-журнал материалдарынан бөлек телевизиялық жобаларға да атсалысып, «Әйтеке бидің ақ жолы», «Шардара – алтын бесігім» деректі фильмдеріне сценарий жазған. Ол өмірінің соңында «Абыздың жары» (Ә.Кекілбайұлының зайыбы Клара Жұмабайқызымен сұхбат) атты бірнеше бөлімді телехабарлар дайындап эфирге ұсынды.

Енді ағам екеумізге қатысты қысқа-қысқа естеліктерді жадымда жаңғыртуға тырысайын. Жұмабек Мұқановпен алты-жеті рет қана дидарласыппын: Алғаш 2010 жылы Ақтауға келген сапарында көріп, таныстық. Оңаша отырып ұзақ әңгімелестік; Екінші рет 2013 жылы Маңғыстау ауданының 85 жылдық мерекесіне қонақ болып келгенде кездесіп, бейнетаспаға түсіріп, құттықтау лебізін жазып алғаным есімде; 2015 жылы атажұртындағы Амал мерекесіне арнайы шақырып, «Қасиетім – қарашаңырақ» өнер кешінің ақындар мүшәйрасына қазы қылдық; Сол жылдың қараша айында Алматыда Табылды Досымовтың 50 жылдығына арналған «Мен – қазақпын» атты шығармашылық кешінде тағы жолықтық. Осы кеште отырғанда Алматыда тұратын ақын, шежіреші, ауыз әдебиетін жинаушы Үбіғали Бақтығалиұлы (1925-2015) ақсақалымыздың дүниеден өткенін естідік. Ертеңіне Жұмекең бастап, Ескендір Қарбаев ағам үшеуміз Үбіғали атамыздың үйіне барып көңіл айттық; Арада бір ай уақыт өтпей Астанада Әбіш Кекілбайұлы ағамыздың жаназасында және жүздестік… Құдай ақырының қайырын бергей, үшінші жаназадағы және соңғы кездесуіміз – Жұмабек ағамыздың өзінің қазасы болыпты. 2017 жылғы 21 қаңтар күні ағамыз өмірден озыпты деген қаралы хабарды естіп, абдырап қалдым. Ес жия сала маңғыстаулық інілері – М.Ұлықпан, Ж.Дәрменов, І.Қалдаманов, М.Қосымбаев, Н.Джалимов және мен, т.б. делегация өкілдері ұшып барып, Шардарада ағамызбен бақұлдасып, жерлеуіне қатысып, топырақ салып келіп едік.

Ағамыз екеуміз телефонмен жиі сөйлесіп, әлеуметтік желілерде бір-біріміздің жазбаларымызға пікір білдіріп, әдебиет, тарих, шежіре, дін бағыттарында ойларымызды жазысып жүріппіз. Ең соңғы SMS-і қалта телефонымда әлі сақтаулы тұр екен: «Маңғыстаудың марғасқа азаматы, арналы ақынына айналып келе жатқан Бақтыбай інімді жаңа жылымен құттықтаймын!» – деп асыра мақтап, ағалық ақ тілегін білдіріпті. Қайтарынан бір апта бұрын, 2017 жылғы 13 қаңтар күні хабарласып, амандық-саулық сұрасқанымда: «Қазір қалам ұстауға, шығармашылықпен айналысуға мүмкіндігім болмай жүр», – деп еді. Бұл – фәнидегі ақырғы байланысуымыз екен…

Ұлдары түгілі қыздарын да оқ жонуға баулыған әкенің алтын асықтай ұлдары мен күміс қасықтай қыздары жастайынан тау тұлғаның жолын жалғап, бүгінде жаңа заманның жаңашыл, жасампаз, алғыр азаматтарына айналды. Бейнетінің зейнетін көріп, еңбегінің жемісін жеп, немере-шөберелерінің шаттығын қызықтар кезінде бақиға бет бұрып кеткен ағамыздың қалған қуанышы Рахима жеңешеміз бен бауырларына бұйырғай деп тілеймін! Топырақ жасын қоса есептеп, ағамыздың 65 жылдығында сағына еске аламыз.

Шардарада бір өзі бір одақ болып қызмет етіп, әдебеиетте де, журналистикада да шеберлік мектебін қалыптастырып кеткен қаламгердің ізбасарлары барда, әр аймақтағы көзкөргендері – замандас-қаламдастары барда, талғамы биік оқырмандары барда оның өміршең өлеңдері мен өнегелі мұрасы болашаққа жалғаса бермек. Жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін аудандық «Жұмабек Мұқанов оқулары» әдеби байқауы биыл үшінші рет ұйымдастырылады. Түлеп ұшқан мектебінде музей-көрмесі жасақталып, арнайы кабинет ашылыпты. Ақын бейнесі ауылына ескерткіш болып орнатылмақ. Уақыты келгенде көшеге есімі де беріліп, өзіне дейінгі даңқты тұлғалардың қатарын арттырып, алыстаған сайын асқақтай бермек.


© Бақтыбай ЖАЙЛАУ,
педагогика ғылымдарының магистрі, PhD докторант.
Yessenov University ғылыми қызметкері.
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі.
Маңғыстау облысы, Ақтау қаласы.

Пікір жазу