Қоғам қайраткері Қуаныш Айтаханұлы Айтахановтың 75 жылдық мерейтойына орай қоғамдық маңызы бар мақала жариялауды жөн көрдік.
Біздің өңірімізде ел игілігі жолында аянбай еңбек етіп, қажырлы қайрат танытып, халқының құрметіне бөленіп жүрген абзал жандар, Құдайға шүкір, баршылық. Солардың бірі және бірегейі, жерлесеміз, мемлекетіміздің және қоғамымыздың көрнекті қайраткері Қуаныш Айтаханұлы Айтаханов десек, артық айтқандығымыз емес.
Қалағаң – оңтүстік халқына, қала берді, қазақ еліне кеңінен танымал тұлға. Несімен танымал деген сыңайда қарсы сұрақ қоятындар некен-саяқ шығар деген ойдамыз. Өйткені, Отырар ауданында дүние есігін ашқан ол кісінің өзінің туған өлкесіне еткен еңбегі ұшан-теңіз. Қоғамға сіңірген қомақты еңбектері үшін мемлекет тарапынан марапатталған ордендер мен медальдарды былай қойғанда, Қалағаң – облысымыздың және Арыс, Бәйдібек, Қазығұрт, Отырар, Сайрам, Созақ, Шардара аудандары мен Түркістан қаласының құрметті азаматы. Мұндай құрмет нені білдіреді? Бұл оңтүстік халқының Қалағаңа, оның өңірдің қарыштап дамуы, гүлденуі жолында төккен теріне, қалтқысыз қызметіне көрсеткен ықыласы деп түсінеміз. Енді осы ойымызды дәлелдейтін мысалдарға жүгінейік.
Жалпы Қалағаң балаң шағынан еті тірі, оқуға қабілетті, қайсар жеткіншек болып ержетті. Тіпті, алты жасында оқимын деп жылап, әпкесіне ілесіп ауылдағы жетіжылдық мектептің бірінші сыныбына барды. Соғыстан кейінгі елуінші жылдардағы жұпыны қазақ ауылындағы бұл мектепті үздік бағамен бітірген Қалағаңды ата-анасы ауылда онжылдық мектеп болмағандықтан әрі үйден бес-алты шақырым жердегі орта мектепке қатынау жас балаға қиын болар деген оймен Жамбыл (қазіргі Тараз) қаласындағы туыстарының үйіне аттандырып, қаладағы мектептен тиянақты білім алсын деп шешті.
Міне, осы арада Қалағаңның келешек тағдырына күрт әсер еткен оқиға орын алды. Балам оқысын, тоқысын, адам болсын деп үміттеніп жүрген қайран ана кенеттен көз жұмды. Осыдан кейін жақын ағайындар ақылдаса келіп, Қалағаңның мектептегі оқуын Жамбыл қаласындағы зоотехникалық-малдәрігерлік техникумда жалғастыруға ақыл-кеңес берді. Ондағы ойлары техникум бітіргеннен кейін ауылдың шаруашылығына араласып, әкесі мен әпкелеріне қолғабыс жасасын деген ниет болатын.
Қалағаң отбасына түскен қиындықтан жас болса да мойыған жоқ. Өзін-өзі қайрап, талаптанып, техникумды да үздік бағамен бітірді. Кезінде техникумда Қалағаңмен бірге оқыған, кейінгі жылдары совхоз директоры, аудан әкімі, ҚР Мәжіліс депутаты болған Әбдіманап Көпбергенов Қалағаңның тиянақтылығын, оқуда озат болғанын былай суреттейді: «Қуаныштың мінезі өзгешелеу еді. Қайсарлығы бірден байқалып тұратын. Оқуда алдына жан салмайды. Біз қазақ ауылында өскендіктен орыс тіліне шорқақтаумыз. Ол да қазақ ауылында өскен ғой. Бірақ, оның орыс тілі жақсы. Өйткені, ол көп ізденеді. Қайдан табатынын білмеймін, қолында орысша-қазақша сөздіктер жүреді. Осындай ізденгіштігінің арқасында техникумды үздік бітірді ғой».
Алдына мақсат қойып, оны орындауға бар ынты-шынтысымен ұмтылатын талапты жас техникумды бітіре салысымен Мәскеудің жоғары оқу орнына құжат тапсыруға талпыныс жасады. Бұл ойын ауылда қарапайым колхозшы болып жұмыс істейтін әкесіне білдіргенде ол кісі сөзге келместен жалғыз биесін 400 сомға сатып, баласының қалтасына салып, сәт-сапар тіледі.
Айта берсек, биыл 75 жастың қырқасына шыққан Қалағаңның мағыналы да мазмұнды өмірі туралы әңгімені газет көлемі көтермейді. Сондықтан ол кісінің сонау техникум бітірген кезеңнен бастап ауыл шаруашылығы саласына қызу араласып, бұл бағытта небір күрделі шаруалардың басын қайырып, небір қиындықтардың күрмеуін шеше білген сәттеріне қысқаша ғана тоқталып, тезистік түрде шолу жасаумен ғана шектелмекпіз.
Сонымен, Мәскеу қаласындағы Скрябин атындағы Еңбек Қызыл Ту орденді Ветеринария академиясын қызыл дипломмен бітірген соң, жақсы оқыған, қоғамдық жұмыстарға белсене араласқан алғыр жасты академия басшыларының «Осында қал, ғылыммен шұғылдануыңа барлық жағдай жасалады» деп үгіттегеніне қарамастан, елге жақындап, отбасына, әкесі мен әпкелеріне қолғабыс жасауды ойлап елге оралды.
Сол кездегі тәртіп бойынша жас маман ең алдымен облыстық ауыл шаруашылығының жолдамасымен Алғабас (қазіргі Бәйдібек) ауданына жол тартты. Мұнда оны аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы қарсы алып, аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Нұртаза Исмаиловқа ертіп барды. Бірінші хатшы Қалағаңның жеке парақшасына көз жүгірте отырып, оның партия мүшесі екенін оқығанда, жүзі жылып: «Сонау Мәскеуде жүріп партия қатарына өткеніңе сүйсініп, бір жағы таңданып отырмын. Мәскеу түгілі осы біздің жергілікті жердің өзінде партияға өту оңай емес. Демек, өзіңді жақсы жағынан көрсете білгенсің ғой» деп, бұған сұраулы жүзбен көз тастады. Қалағаң академияда сабақты үздік оқумен бірге қоғамдық жұмыстарға да белсене араласқанын айта келіп, академия ұсынысымен партияға қабылданғанын қысқаша баяндады.
Осылайша үлкен кісілердің батасын алғаннан кейін Қалағаң осы ауданның ХХІІ партия съезі атындағы совхозына бас мал дәрігері болып орналасты. Тәжірибелі маман, Ұлы Отан соғысының ардагері С.Ф.Горбатенко басқаратын, миллионер атанған совхозға келісімен Қалағаң іске білек сыбана кірісіп кетті. Ең алдымен шаруашылық басшысының кірпияз, талапшыл, қатаң адам екенін жұмысты бастаған алғашқы күндерден-ақ аңғарды. Оның бір мысалы жаңадан келген жас маманға директордың атынан мамандардың маусым бойынша не істейтінін баяндайтын бұйрық жазудың тапсырылуы дер едік. Бұрын мұндай бұйрық жазып көрмеген жас маман біраз қиналғанымен директордың сынынан абыроймен өтті. Осыдан кейін С.Ф.Горбатенко Қалағаңның алғырлығына, іскерлігіне риза болып, бір жылдан соң оны өзінің орынбасарлығына тағайындады.
Осы шаруашылықта еңбек еткен жылдарында Қалағаңның тікелей араласуымен бұл бағытта үнемі артта қалып жүрген мал төлдету көрсеткішін тығырықтан алып шығудың жолдары қарастырылған еді. Атап айтқанда, Қалағаңның ұсынысымен осыған дейін тапшы болып келген жайылым мәселесін шешудің сәті түскен болатын. Тау жайылымдарын игерудің жобасы жасалып, бұлақтардың көзін ашып, шопандарды ынталандыру шаралары ұйымдастырылды. Соның нәтижесінде мал күздік күйекке қоңды болып түсіп, көктемде төл алудан жоғары нәтижеге қол жеткізілді.
Жалпы Қалағаң жаңалыққа жаны құмар жан. Қызметке араласқан жерлерінде күнделікті жұмысқа барып-келіп жүретін таптаурын жолмен кетпей, үнемі ізденіп, ортақ іске пайдасы тиетін нәрселерді түртінектеп іздеп, содан бір нәтиже шығарып, ол нәтижеден тиімділік туындап, ал тиімді іс жетістіктерге жетелеп, абыройды арттырып жатқаны.
Мысалы, облыстық партия комитетінің нұсқаушысы, облыстық комсомол комитетінің екінші хатшысы қызметтерін ойдағыдай атқарып жүрген жерінен Қазығұрт (бұрынғы Ленин) аудандық партия комитетінің екінші хатшысы қызметіне кіріскен кезде, еңбек өнімділігін арттыру тәсілдерін іздестіре отырып, оған қол жеткізу үшін күнделікті атқарылар жұмысқа экономикалық талдау жүргізсе қалай болар екен деген пікірді ортаға тастаған еді.
Ондағы ойы аудан қайда кетіп барады, барлық жұмыстар істелініп жатыр, ал, бірақ ол жылдың қорытындысы бойынша қалай болады? Бір совхоз пайдамен шығады, бір совхоз шығынмен шығады. Соны жылдың соңында барып байқағанша неге әр тоқсан сайын сараптама жасап, талдап отырмасқа дегенге саяды.
Көп ұзамай аудандық партия комитеті бюросының шешімімен аудандық партия комитетінің жанынан экономикалық талдау бюросы құрылды. Бюрода өндірілген өнім қанша, ол қаншаға сатылды, оған қандай шығын кетті, оның өзіндік құны қандай, бір адамға шаққанда еңбек өнімділігі қандай, өткен жылмен салыстырғанда қалай, кеткен шығын өзін-өзі ақтады ма, 1 сомға шаққанда қанша пайда табылды, астықтың, сүттің, еттің, жүннің, жоңышқа ұрығының, тағы басқа өнімдердің өзіндік құны қандай, басқа облыстармен салыстырғанда қымбат па, арзан ба, республика бойынша қандай, ана совхоз бен мына совхоздың арасындағы алшақтық қанша деген мәселелерге талдаулар жасалынды.
Бұл аудан тарихында болмаған жағдай еді. Экономикалық талдау бюросының отырысына шаруашылық басшылары, бас мамандар, бөлімше, ферма басшылары, бригадирлер, еңбек озаттары шақырылатын. Фермалардағы, бөлімшелердегі экономикалық ахуал қай деңгейде деген мәселе көтеріледі. Совхоз бен совхоздың көрсеткіштерін салыстыра бастасаңыз, айырмашылық жер мен көктей болып шығады. Мысалы, бір совхозда 1 литр сүттің бағасы 2 тиын болса, басқа бір совхозда 20 тиын, 10 есе қымбат. Еттің де, еңбек өнімділігінің де жағдайы сондай. Осылардың бәрін анықтап, айтқан кезде, мінбеге шығарып сұраған кезде мамандар абдырап қалатын еді.
Бұл іс-шаралар көп адамның көзін ашты. Біреулер көзі ашылғанына риза болып, басқа біреулері тыныш жатқанын қалап, мойнын бұрғысы келмей ренжіп те жүрді. Кейін осы мәселе облыстық партия комитетіне дейін жетіп, 2-3 жылда бүкіл облыс көлеміне тарады. Ол ауданда да үлкен жаңалық деп танылды. Осындай үлкен жұмыстарға мұрындық болып жүрген аудандық партия комитетінің 2-ші хатшысы Қалағаң сол кезде небәрі 28 жаста еді.
Арада бірер жыл өткенде шаруашылықты басқарудың, жастармен жұмыс істеудің, халықпен етене араласудың бірсыпыра мектебінен өтіп, шыңдалып, ысылған Қалағаңды сол кезде жаңадан құрылып, екпінді құрылыс атанып, Оңтүстік өңірдің тың жерлері игеріле бастаған Шардара өңіріне Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің басшысы Д.А.Қонаевтың өзі: «Қуаныш, сен Қазақстан бойынша аудандық Кеңес атқару комитетінің төрағасы болып бара жатқан ең жас кадрсың» деп, сәт сапар тілеп, арқасынан қағып аттандырған еді. Сол тұста Қалағаң орда бұзар отыз жаста болатын.
Шардара ауданында қызмет істеген кезде Қалағаң «Комсомолдың Бүкілодақтық екпінді құрылысы» атанған Қызылқұм суландыру массивін игеруге қатысып, тек жусан мен сексеуіл өсетін мидай далада 5 күріш, мақта өсіретін кеңшардың қазығын қағып, жүздеген шақырым каналдар мен қашыртқылар, тасжолдар мен электр желілерін, мыңдаған гектар суармалы жерлер мен тұрғын үйлер, мектептер, ауруханалар, тағы басқа әлеуметтік объектілер салуға қатысты. Қазір ол ауылдар жасыл желекке бөленген ірі елді мекендерге айналды.
Мұның бәрі әрине Кеңес өкіметі тұсында атқарылған игі істер. Ал, еліміз тәуелсіздік алған жылдары Қалағаң Арыс қаласының әкімі еді. Заман өзгеріп, республиканың жер-жерінде уақыт талабынан туындайтын алуан түрлі шаралар жүзеге асып жатқанда Қалағаң бірінші кезекте кезінде Кеңес Одағының Бас хатшысы болған Н.С.Хрущевтің солақай саясаты салдарынан жабылып қалған Арыс ауданының қайта құрылуына қол жеткізді.
Қала мен ауылдың халқын біріктіріп, өндірісті, ауыл шаруашылығын дамытып, жәрмеңкелер ұйымдастырып, елді мекендерді көріктендіруге, көгалдандыруға, санитарлық жағдайын жақсартып, тұрғындардың әл-ауқатын көтеруге күш салды. Әсіресе, ел басқарудың қазақы рәсімін қайта жаңғыртуға баса назар аударды. Ауыл биі, төбе би деген сияқты институттар енгізді. Ардагерлер кеңесі, ақсақалдар кеңесі, әйелдер кеңесі, жастар кеңесі, мүгедектер кеңесі, қажылар кеңесі деген кеңестер ашты. Сөйтіп, демократиялық институттарды барынша көтермелеп, үкіметтік емес ұйымдардың санын көбейтіп, олардың аудан көлеміндегі халықтың барлық санаттарын қамтитын құрылымдарының тиімді жұмыс стеуін қамтамасыз етті.
Бұлардың бәрі, түптеп келгенде, аудан көлемінде жүргізілетін әлеуметтік-экономикалық, мәдени бағыттағы негізгі жұмыстарға кәдімгідей қолғабыс жасайтыны көп ұзамай белгілі болды. Мысалы, билер кеңесін алайық. Ел болған соң онда күнделікті тіршілікке байланысты арақ ішу, төбелес, дөрекілік, ұрлық-қарлық сияқты әр түрлі жағдаяттар туындауы мүмкін. Міне, сондай кезде ауыл ақсақалдарынан құралған билер кеңесі дау-дамайдың одан әрі ушығып кетпеуін қадағалап, халқымыздың дәстүрінде бар үлкенді сыйлау, ізеттілік, адамдардың бір-бірімен сыпайы қарым-қатынас мәселелері төңірегінде әңгіме қозғап, жұртқа басу айтып, дауласқан тараптарды татуластырудың қазақы тәсілдерін шебер пайдалану арқылы жағдайдың жаймашуақ аяқталуына қол жеткізеді.
Ақыр аяғында бұл игі бастама бүкіл облысқа тарап, Арыс ауданының базасында осы қоғамдық ұйымдармен жұмыс істеу туралы облыстық семинар өтті. Халықпен жұмыс істеудің бұл тиімді тәсілін Қалағаң басқа аудандарға, мысалы, Созаққа, Сайрамға, Отырарға әкім боп қызметке барғанда да қолданды.
Сайрам ауданын басқарған жылдары Қалағаң осы үрдісті одан әрі жалғастырды. Еліміздің капиталистік жолға түсіп, нарықтық жағдайға көшуіне байланысты шағын және орта бизнестің дамуына барынша қолдау көрсетіліп, аудан экономикасының қарыштап дамуын қамтамасыз етумен бірге, аудан халқын қазақ ұлтының айналасына топтастыру жөнінде ауқымды жұмыстар атқарылды. Өйткені, өзбек ұлты көбірек шоғырланған бұл ауданда қазақ тілінің жағдайы жұпынылау екен. Тіпті, аудандық дәрежедегі жиналыстардың өзбек тілінде өтетіні Қалағаңның жанына кәдімгідей батты. Бұл төзуге болмайтын жағдай еді. Мәселені дереу қолға алып, істі халық арасында түсіндіру жұмысын жүргізуден бастады. Біраз уақыттан кейін өзбек ауылдарында қазақ мектептері, сыныптары ашылып, басқа ұлттың азаматтары мемлекеттік тілді үйренуге кірісті. Аудандық дәрежедегі жиналыстар қазақ тілінде жүргізілетін болды.
Сондай-ақ, Қалағаң түрлі рухани шаралар өткізуге ерекше мән берді. Аудан орталығында Мәртөбе алаңы, Абылайхан ескерткіші, Батырлар, Ардагерлер, Құрметті азаматтар, Халықтар достығы саяжолдары ашылды. Мәртөбе тарихи-танымдық кешені іске қосылып, туристер баратын орынға айналды. «Сайрамдықтар жауынгерлік сапта», «Шежірелі Сайрам», «Сайрамда бар сансыз баб», «Сайрамдық батыр аналар», «Мәртөбелі Сайрам» сияқты тарихи-танымдық кітаптар шығарылды. Аудан тарихына арналған деректі телефильм түсірілді. Сайрам таланттары халық өнер фестивалі жыл сайын өткізіліп тұрды. «Әлем аналар көзімен», «Сайрам аруы», «Абысын тату болса», «Қарттарым есен-сау жүрші», «Мәдениетім мерейім», «Жігіт сұлтаны», «Туған жерге тағзым» сияқты іс-шаралар халықтың көзайымына айналды.
Қалағаң өзінің туып-өскен жеріне – Отырар ауданына әкім болған жылдары да аудан экономикасын оның рухани саласынан бөле-жарып қарастырған емес. Керісінше, Отырар ауданын жан-жақты өркендетуге бар күшін салды. Тұзданып, істен шыққан суармалы жерлерді, ыза су шығып көктемде батпаққа айналған ауылдардың мелиоративтік жағдайын жақсарту үшін ауданның экономикасы мен әлеуметтік жағдайын көтеруге бағытталған іс-шараларға батыл кірісіп, каналдар бетонмен қапталып, қашыртқылар тазартыла бастады, аудан орталығына жаңа 12 тік дренаж орнатылды. Нәтижесінде ыза сулар азайып, тұздану процесі тоқтап, ағаштар егіліп, жайқалып өсті.
Аудан орталығында алаң толығымен қайта жөнделіп, ортасында Әл-Фараби бабамыздың ескерткіші қойылған Отырар даңқты бабалар кешені ашылды. Онда «Даңқты бабалар саяжолы», «Отырар қорғанысы», Отырар өркениетін бейнелейтін жеті баған», Отырар кітапханасының символы іспеттес «Киелі кітап», Отырар қаласының орны «Отырар төбе», өскелең ұрпақ символы «Киелі ағаш» композициялары қойылған.
Аудан орталығы мен ауылдар абаттана түсті. Жас таланттардың көзін ашу үшін жыл сайын Отырар таланттары халық өнер фестивалін өткізу дәстүрге айналды. Мұхтар Шаханов атындағы әдебиет пен өнер бірлестігі ашылып, жұмыс істеді. «Отырар энциклопедиясы», «Отырарлықтар жауынгерлік сапта», «Тәушен», «Шежірелі Отырар», «Отырар жәдігерлері» тарихи-танымдық кітаптары шығарылды. Отырарды халықаралық туризм орталығына айналдыру мақсатында, Республика Үкіметі арнайы «Көне Отырардың қайта өрлеуі» атты арнайы қаулы қабылдады. Бұл Қаулыға сай Арыстанбаб кесенесі жөнделді, Отырар төбеде археологиялық жұмыстар жанданып, дами түсті. «Отырар» мемлекеттік археологиялық музейі» толық қайта жөндеуден өтті.
Қалағаңның аудандарды басқару тәжірибесінде Созақ ауданына жетекшілік еткен жылдары ерекше дараланып тұрады. Салыстырмалы түрде алғанда бұдан бұрын да, кейін де басшылық жасаған аудандарының бәрінде тіршілік өз ауанымен өтіп жататын. Ал, Созақ ауданында Қалағаңды бұған мүлдем кереғар жағдай қарсы алды.
1994 жылдың қақаған қаңтар айы еді. Қалағаңның облыс әкімінің орынбасары болып тағайындалғанына небәрі сегіз ай өткен. Облыстың бірнеше ауданын өркендетуге өмірінің 25 жылын арнап, отбасымен бірге қала тіршілігіне енді-енді бейімделіп келе жатқан тұста облыс орталығынан 200 шақырым қиянда жатқан ауданға басшы болып аттану оңай болған жоқ.
Қалағаң келгенде аудан жағдайы тіптен мүшкіл екен. Алдағы қиындық көріністері қыс түспей тұрып-ақ басталып кетіпті. Қазан айының екінші жартысында алдымен жаңбыр жауып, артынан қар түскен, ізінше аяз ұрған. Даладағы шөп атаулының бәрі мұз құрсанып шыға келгені сондай, майда мал түгілі, ірі қара, тіпті жылқы да өз аяғымен жайылудан қалған.
Жығылғанға жұдырық дегендей, қалың түскен қардан жол жабылып, ауыл мен ауыл арасындағы қатынас үзіліп, жем-шөп, жанар-жағармай, азық-түлік зәрулігі анық байқалды. Қысқа дайындық жұмыстарының уақтылы жүргізілмегені осындай қысылтаяң кезеңде бірден көзге ұрды. Қалағаң ауданда дереу төтенше жағдай жариялап, мал-жанды қиындықтан құтқару шараларын шұғыл қолға алды. Жұт жеті ағайынды дегеннің кері келіп-ақ тұр.
Ең бастысы, облыстың өз күшімен Созақты апаттан құтқарып қалуға әлі келмейтіні түсінікті болды. Өйткені, бұған дейін ауданға облыс тарапынан уәде етілген көмек сөз күйінде қалып қойған.
Қалағаң аудандағы ауыр жағдайды облыс әкіміне, республика Премьер-министрі С.Терещенкоға, ел президенті Н.Ә.Назарбаевқа шұғыл түрде жеткізіп, жем-шөп, отын, азық-түліктен жәрдем сұрап, жеделхат жіберді, республикадан арнайы комиссия шақыртты. Алматыдан, Ауыл шаруашылығы министрлігінен комиссия келді. Оларды тікұшаққа отырғызып, фермалар мен отарларды аралатты, шалғайдағы кеңшарларға апарды.
Кейін Қалағаң Премьер-министр С.Терещенконың қабылдауында болып, хат тапсырып, ол жерден біраз көмек алып, республикалық штаб құрылуына қол жеткізді. Сөйтіп, ауданға республиканың бес облысынан жем, екі облысынан шөп дайындауға рұқсат беріліп, мемлекет тарапынан жанар-жағармай, көмір, ұн бөлінетін болды. Енді осы бөлінген жем-шөпті, отынды, ұнды Созақ ауданына жеткізу проблемасы туындады. Себебі, қыс мезгілі болғандықтан, Қаратаудың асуы жабық. Шымкенттен келетін жол жабық. Бір-ақ жол бар, ол – жем-шөпті, отынды, жанармайды, азық-түлікті Жаңатас арқылы Таукентке дейін жеткізу жолы. Ол жол Қазатомпромдікі, тек қана Қазатомпром объектілеріне керекті жанармай, қышқылдар, т.б. өнімдерді тасымалдайды. Қалағаң республика басшылығы алдына осы жол арқылы ауданға бөлінген отын, жем-шөп, жанармай, азық-түлікті апару мәселесін шешу туралы мәселе қойып, оған да әрең дегенде қол жеткізді.
Созақ халқы Қалағаңның аудан халқының басына түскен осындай ауыртпалықтан құтқарып қалған ерен еңбегін осы күнге дейін ауыздарынан тастамай айтып, ризашылық білдірумен келеді.
Қалағаң Созақ ауданының келешегі жер асты байлықтарын игеру екені жөнінде мәселе көтеріп, ауданды өнеркәсібі дамыған аграрлық— өндірісті аудан ету бағытында көп тер төкті.Уран алпауыттарымен айтысып-тартысып жүріп, олардың мемлекетке төлейтін салықтарының бір бөлігін аудан бюджетіне құйылу мәселесін шешті. Нәтижеде Созақ ауданы облысымызда дотациясыз өмір сүретін таза табысты ауданға айналды.
Ауданның рухани өміріне сіңірген еңбегі де ауыз толтырып айтарлықтай. Баба түкті шашты Әзіз кесенесі қайта жаңғыртылды. Қарабура әулие, Саңғыл би кесенелері салынып, республика көлемінде ас берілді. Мемлекет және қоғам қайраткері С.Қожановтың 100 жылдық мерейтойы, басқа да мәдени шаралар жоғары дәрежеде өткізілді.
Қалағаң 12-шақырылған ҚКСР Жоғарғы Кеңесінің сессиясына депутат ретінде белсенді түрде қатысып, елімізде президенттік институт енгізу, тәуелсіздік туралы Конституциялық заң, Қазақстан Республикасының Конституциясын қабылдау, Ту, Елтаңба, Әнұран, меншік, шекара туралы және нарықтық қатынастарға өтуге байланысты экономикалық реформаларды жүзеге асыратын заңдарды талқылауға, ұсыныстар беріп, қабылдауға белсене араласты.
Қуаныш Айтаханұлы бастаған бір топ Жоғарғы Кеңес депутаттарының тікелей араласуымен Оңтүстік Қазақстан облысы Шардара, Арыс, Отырар, Түркістан, Созақ аудандары Арал теңізінің экологиялық апатты аймағы деп танылып, қабылданғалы тұрған заңға енгізілді. Сол арқылы аталған өңір тұрғындары халқының еңбекақысы мен зейнетақысына 20% қосымша үстеме қосылды, олардың зейнеткерлікке шығу жасы 5 жылға қысқартылды және т.б. әлеуметтік жеңілдіктерге ие болды.
Қалағаң 2005 – 2017 жылдар аралығында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты бола жүріп, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына, мемлекеттік тілге, мәдениет пен демографияға, халықтың әлеуметтік жағдайына, ауыл мен ауыл шаруашылығының дамуына, республикалық бюджеттің атқарылуына, т.б. салаларға байланысты ойларын ортаға салып, ұсыныстар беріп, заң шығарушылық қызметке белсене араласты.
Мәселен, Қалағаң облыс көлемінде толық шешімін таппай келе жатқан мәселелерді облыс әкімімен, қала, аудан әкімдерімен, мәслихат депутаттарымен бірлесе ақылдаса отырып, Үкіметке депутаттық сауал жолдап, республикалық бюджет арқылы қаржы бөлдіріп отырды. Осындай бірлесе атқарған жұмыстың нәтижесінде облысқа ондаған мектептер, таза ауыз су объектілері, ауруханалар, жолдар, елді мекендерді газдандыру, электр желілерін тарту, канализация, бөгеттер мен каналдар жөндеу және тағы басқа көптеген объектілер салынды.
Қалағаңның өзі тікелей Үкімет басшысына дейін кіріп, облысқа республикалық бюджеттен қаржы бөлдірген объектілер туралы айтар болсақ, олар: Кентаудағы жылу орталығы, Кентау, Түркістан, Жетісай қалаларының канализациясы, Кентау, Арыс, Леңгір қалалары мен Отырар, Түркістан, Ордабасы, Сарыағаш аудандары елді мекендерінің, Мырзакент, Атакент, Бөген елді мекендерінің ауыз суы, Шардара, Бөген, Қошқорған, Ақылбексай су қоймалары мен Арыс-Түркістан каналдарын күрделі жөндеу, суармалы жерлердің гидромелиоративтік жағдайын жақсарту облыс аудандарында салынған ондаған мектеп пен балабақша құрылыстары және тағы басқалары.
Қалағаң Парламент Сенатына депутат болған жылдары Оңтүстік Қазақстан облысының қалалары мен аудандарының тұрғындарымен, мәслихат депутаттарымен, активпен, кәсіпкерлермен, ардагерлермен 350 рет, ал, жеке еңбек ұжымдарында 705 рет кездесу өткізген екен. Осы мезгіл ішінде туған облысынан көмек іздеп келген 1211 азаматты қабылдап, тиісті өтініштерін қарап, оларға оларға қолдан келген жәрдемін көрсеткен.
Сенат депутаты қызметінде жүргенде Қалағаңның еңбек нәтижелерінің көрсеткіші іспетті «Ел мерейі жолында», «Сөз сұраймын», «Елге қызмет – басты міндет», «Қызмет еттім халқыма» атты көлемді кітаптары жарыққа шықты. Бұл кітаптарда оның Парламент отырыстарындағы сөйлеген сөздері мен депутаттық сауалдары, әртүрлі басылымдарда жарияланған мақала-сұхбаттары топтастырылған. Ал, 2017 жылы шілде айында Қалағаңның «Өмір белестері» атты ғұмырнамалық көлемді кітабы баспа жүзін көрді.
Осы жылдары Қ.Айтахановтың адами болмыс-бітімін, қайраткерлік қырын, азаматтық ажарын айқындайтын «Азамат ажары», «Отырардың Қуанышы», «Біз білетін Айтаханов» атты кітаптар мен арнаулар жарық көрді. Бұдан бөлек, 2020 ел дамуының өзекті мәселелерін қозғайтын, республикамыздың өсіп-өркендеуіне қатысты ұсыныстар мен пікірлер айтылған, сондай-ақ, өз замандастарының өзі туралы ой-толғамдары мен өзінің өмір жолында кездесіп, пікірлес, сырлас, қызметтес болып еңбек еткен замандастары туралы естеліктеріне орын берілген «Мерей», «Сол бір жылдар» атты көлемді де мазмұнға бай қостомдық кітаптары жарық көрді.
Қуаныш Айтаханұлы – экономика ғылымдарының докторы, Қазақ Ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясының академигі, Қазақ ұлттық ғылым академиясының құрметті мүшесі, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің құрметті профессоры.
Қалағаңның елге сіңірген еңбегі «Парасат», «Құрмет», «Құрмет белгіci», «Содружество» ордендерімен, басқа да ондаған медальмен атап өтілген. Қ.Айтаханов 2007 жылы Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Алғыс хатымен және арнайы «Барыс» белгісімен, 2019 жылы Қазақстан Республикасы Президенті Қ.К.Тоқаевтың Алғыс хатымен, Шетелдің және Отанымыздың Жоғары деңгейдегі басқа да мемлекеттік органдарының Құрмет грамоталарымен марапатталған.
Қалағаң 1917 жылы зейнеткерлікке шыққаннан кейін де еліміздің қоғамдық-саяси өмірінен қол үзбей келеді. Ол еліміздің экономикалық-әлеуметтік дамуына байланысты өзінің ұстанымдарын, ой-пікірлерін, ұсыныстарын республикалық бұқаралық ақпарат құралдары арқылы тұрақты түрде бөліседі. Республика көлеміндегі ірі саяси іс-шараларға қатысып, оны халыққа түсіндіруге белсене араласады. 2019 жылғы Президент сайлауында, Президентке кандидат Қ.К.Тоқаевтың орталық сайлау штабының мүшесі ретінде, ал, 2022 жылы конституциялық референдумды өткізу жөніндегі «Аманат» партиясының орталық штабы мүшесі ретінде халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуге қатысты. Республиканың қоғамдық-саяси өміріне белсене қатысқаны үшін Қ.Айтаханов 2019 және 2022 жылдары екі рет Президенті Қ.К.Тоқаевтың Алғыс хатымен марапатталды.
Отанға, елге, халқына толағай еңбегімен адал қызмет етудің жарқын үлгісін көрсетіп келе жатқан Қуаныш Айтахановтай азамат өзінің терең ойлы дүниетанымымен, еліне деген сүйіспеншілігімен танымал нар тұлға. Қуаныш ағамыздың салиқалылығына, қоғам ісіне берілгендігіне, туған халқына, еліне қолдан келгенше аянбай адал қызмет ету ниетіне Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатынының төрағасы Қ.К.Тоқаев 2017 жылы былай деп баға беріпті: «Қуаныш Айтаханов біздің Парламенттегі ең беделді, ең білімді депутат болып табылады десек бұл ақиқат. Шын мәнінде бұл кісі біздің арамызда 12 жыл бойы жұмыс істеп, біздің жұмысымызға үлкен үлес қосты. Жалпы бұл кісінің біздің мемлекетіміздің дамуына, құрылысына үлесі өте елеулі. Сондықтан Қуаныш Айтахановтың жұмысын біз жоғары бағалаймыз, ризамыз. Мемлекетіміздің әрбір өзекті мәселесі бойынша, бұл кісі жан-жақты сараптама жасап, талдау жасап, үкіметке 200-ден астам депутаттық сауал жіберді. Бұл жақсы нәтиже. Расында, Қуаныш Айтаханов біздің арамызда үлкен беделге ие болды. Бәріміз құрметтейміз, сыйлаймыз бұл кісіні».
Қалағаң жұбайы Айман Мағзиқызы екеуі үш ұл-қыз және бірнеше немере тәрбиелеп отырған үлгілі отбасы. Қызы Айгүл тұрмыста, дәрігер, төрт перзенттің анасы. Үлкен ұлы Ерлан – ММУ-ды бітірген, экономист, экономика ғылымдарының кандидаты. Отырар ауданының, Шымкент қаласының әкімі қызметтерін атқарған. Екінші ұлы Нұрлан – заңгер, Англия құқығын жетік білетін маман, Лондон қаласында халықаралық құқық компаниясында жұмыс істейді. Немерелері университеттерде, мектептерде оқиды, балабақшаларда тәрбиеленуде.
Біз сөз кезегінде бүкіл өмірін халқының игілігіне жұмсап, қуанышын да, ренішін де елімен тең бөлісіп, бүгінде үлкен отбасымен шүйіркелесіп, талай жылғы бейнетінің зейнетін көріп отырған Қалағаңа, өмірлік серігі Айман жеңгемізге бар болыңыздар, отбастарыңызбен, халқыңызбен бірге тойлайтын қызық-қуаныштарыңыз молынан бола берсін дегіміз келеді.
Орынбек ЖОЛДЫБАЙ,
Қазақстан Жазушылар одағының және
Журналистер одағының мүшесі, филология ғылымдарының кандидаты,
Қазақстанның құрметті журналисі.