Сайрам аудандық Ардагерлер кеңесінің жанындағы «Әкелер мектебінің» төрағасы Сейдуалы Темірбаевтың төрағалық етуімен «Ұрпақ тәрбиесіндегі бетбұрыс» тақырыбында «Әкелер мектебінің кеңесі» ұйымдастырылды. Аудандық Қ.Жандарбеков атындағы аудандық Мәдениет үйінде өткен тағылымды жиында мәні бөлек, мазмұны ерек мәселелер көтерілді. Ортаға орамды ойлар тасталды.
Алдымен көрермендер назарына әкенің отбасындағы орасан орнын айқындайтын тақырыптық бейнеролик көрсетілді.
Бұдан бөлек, ардагерлер кеңесінің абыз ақсақалдары баланың тұлға ретінде қалыптасуында әкенің рөлі айрықша екенін атап айтты.
Жиында аудан әкімінің орынбасары Мадияр Әліпов, «Ардагерлер кеңесі» қоғамдық ұйымының мүшелері, Ардагерлер кеңесінің төрағасы Ілес Айтжан, аудандық Қоғамдық кеңестің төрағасы Мұрат Есалиев, аудан мәслихатының депутаты Мухиддин Сиддиков, әжелер алқасының төрайымы Гүлдер Тастанбекова, ауданның бас имамы Арыстан Оспанов сөз алып, жас ұрпақты түзу жолдан тайдырмай тәрбиелеу барлық жиынға қатысушылардың парызы мен міндеті екенін жеткізді.
Сонымен қатар, өскелең ұрпақ тәрбиесіндегі ата-аналар, ардагерлер, әкелер, әжелер рөлдері туралы тілге тиек етіліп, нақты кеңестер берілді.
Аталған іс-шараға Сайрам ауданының барлық білім беретін жалпы орта мектептерінің директорлары мен тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, бала тәрбиесіне жауапты педагогтар, ата-аналар комитетінің төрағалары және де Сайрам ауданының әкелер, әжелер ұйымдарының алқалары, тағы басқа зиялы қауым өкілдері қатысты.
Жиынды қорытындылаған Мадияр Әліпов бүгінгі ұрпақ тәрбиесіне бетбұрыс жасау арқылы қоғамдағы кейбір кемшіліктерді қалпына келтіру керектігін жеткізді. Осылайша, олардың бойына саналы білім мен тағылымды тәрбие сіңіре отырып, қоғамда отбасылық мемлекеттік саясаттың тұрақты түрде жүзеге асырылуына атсалысудың маңыздылығын айтты.
Алдағы уақытта жоғарыда құралған құрамдағы өкілдермен ауданға қарасты барлық ауылдық округтерде кездесулер ұйымдастыру жоспарланды.
Сайрам ауданы әкімінің баспасөз қызметі