Мұражай жалпы Қажымұқанның мемориалдық музей-үйі болып Түркістан облысы (бұрынғы — ОҚО), Ордабасы ауданының орталығы Темірлан елді-мекенінде 1976 жылы негізі қаланып, 1981жылдан бастап аудандық мәдениет бөліміне қарап, 1985жылдан 2001жылға дейін облыстық тарихи өлкетану мұражайының бөлімі болып жұмыс жасады. 2001 жылы халық демеушілігінің және күш атасына лайықты құрмет деп біліп жекеше демеушілік еткен ел азаматтарының арқасында ұлттық нақышта бір қабатты, төрт бөлмелі етіп салынған арнайы жаңа ғимарат көтеріліп, сонда көшіріліп, ОҚО әкімінің 20.06.2001 жылғы №78 қаулысымен Қажымұқан атындағы облыстық спорт мұражайы мемлекеттік мекемесі болып құрылып халыққа кеңінен қызмет етіп келеді. Шаңырағы іштен қарағанда күмбез болып келеді де, сырттан жерді, елді жаудан қорғап өткен қол бастаған сарбаздардың, хан, бектер мен батырлардың шатырындай үшкірленіп жабылған. Ішкі залдың дәл ортада ойып түсірілген цирк аренасы іспеттес құрылысынан қазақы сал-серіліктің, спорттан балуандық өнердің символын байқауға болады. Спорт тарихынан сыр шертер Қажымұқан бабамыздың мұражайында бүгінгі таңда 3000жуық жәдігерлер бар. Жалпы аумағы 368,5 шаршы метрді жуықтайтын ғимаратта орналасқан мұражайымыздың жәдігерлер қоры жыл өткен сайын көптеген құнды деректер мен тарихи мұралармен толыға түсуде.
Мұражай залы арнайы тақырыптарға құрылған үш экспозициялық бөлімнен құралған. Бірінші бөлім, Қ. Мұңайтпасовтың өмір жолын, тарихи деректерін айғақтайтын құнды құжаттар, фото суреттер мен бейне таспалар, жеке тұрмыстық заттар мен спорттық бұйымдармен жасақталып «Алыптың өзі — киелі көзі» тақырыбымен аталды. Бөлімде өзінің болмыс тағдырымен қазақ спортының дарабозы атанған ұлы тұлғаның өміріне, палуандығына, патриоттығына куә болар фото суретттерден басқа да тарихи қысқа метражды деректі фильмдер мен ресми құжаттар, кезінде пайдаланып тұтынған тұрмыстық заттары, киген киімдері, баға жетпес құнды жәдігерлері палуанның әлемдік сайыстардан ұтып алған 48 алтын-күміс орден-медальдарының бірнешесі мен күрес өнерін хабарлап көрсеткен жарнамалық афиша қағаздарының түпнұсқалары төрімізге жасақталып халыққа кеңінен таныстырылуда. ҰОС жылдарында, жасының егде тартып қалғанына қарамастан ел аралап өнер көрсетіп қаржы жиып, жеке табысына әскери ұшақ жасатып майдан даласына жіберіп, жеңіс күнін жақындатуға өз үлесін қосқандығы жөнінде деректі фильм түсірілген таспа мен фото суреттер, жеке спорттық тас-темірлер мен майдандағы жауынгерлерден «Жауға қарсы аттан» газеті редакциясы арқылы Қажекеңе жолданған сәлем хаттар мұражай төрінде сыр шертіп тұр. Палуанның өмірінің соңғы жылдарында аудандық аурухананың бас дәрігері болып қызметке келген облысымыздың құрметті азаматы, медицина саласының үздігі, Қажымұқанның жек дәрігері болып көз көріскен қариялардың бірі Ахмет Бектаев ағамызға да жеке залдық бұрыш арналған. Онда дәрігердің әр-түрлі суреттері мен қызметтік қолжазбалары, марапат белгілері мен медицина саласында ұстаған саймандары қойылды. Экскурсия барысында келушілердің көпшілігі терең назар салып, ерекше көңіл бөлетін бөлігі Қажымұқанның отбасы туралы ақпараттар. Палуанның төрт әйелінен тараған ұрпақтары туралы ауқымды залдық көрнек тақталарында ұл-қыздары мен немере-шөберелерінің, оның ішінде ата жолын қуған танымал спортшы ұлы мен немересіне арналған залдық бұрыштар бар. Сондай-ақ, 2003жылы облыстық «Арх-Диз-Строй» фирмасының қылқалам шеберлері салған қабырға суретінің өзінен Қажымұқан бабамыз туралы шағын бір әлемді тамашалау кімді-де болса таң қалдырып, ерекше әсерге бөлері сөзсіз. Жалпы қазақ даласының ата және ана символы ретінде суреттің екі басына тарихи маңызы бар кейіпкерлер Қорқыт ата мен Домалақ ана түсірілсе, Қажымұқанның қазақ даласының ұрпағы екендігін көрсету мақсатында, туылған жері Отырардағы Арыстан баб кесенесінен атпен шауып Ұлы далаға бет алған қазақ баласын суреттеген. Төменгі жағында шежіре бойынша Қажымұқанның он бірінші атасы, қазақ эпосындағы Қобыланды батыр мен оның жұбайы Құртқаның көш түйесін суарып суатта тұрған бейнесі түсірілді. Қажымұқанның Петербургтегі спорт мектебіндегі ұстазы мен оның достары және кілем үстіндегі қарсылас шетел палуандарының жобалары мен аралап өнер көрсеткен 24 мелекеттің ең ірі қалаларының басты мұнаралары мен цирк ареналарында қазақ палуанының түйе көтерген бейнесі сомдалды. Өзімен замандас болған, жиндарда кездесіп көз көріскен қазақ халқының өзге де зиялы интелегенциясымен ортасында Қажымұқанды жарастырып келтірсе, ең ортадағы палуанның 75 жасындағы жеке бейнесі, өзі көтерген салмағы 350келі тасымен салынған бейнесі көзге анық, айшықты көрінеді.
Спорт — ғылым. Әр спорт түрінің өзінше тарихы бар. Сол себепті мұражай залының басқа бөлімдері халықтық палуан жігіттердің өмірімен біте қайнасып жатыр. Екінші бөлім, спортта Қ. Мұңайтпасовтан кейінгі ел намысын қорғаған атақты саңлақтармыздың жеңісті сәттері мен жеке фото суретері, өнердегі жетістіктері мен марапат белгілері, сондай-ақ жеке спорттық заттары мен бұйымдарынан жасақталып «Ұлт намысын ту еткен олимпиада жеңімпаздары» тақырыбымен аталды. Қажымұқан Мұңайтпасовтың жолын қуып, ізін алған спорттың алғашқы «қарлығаштары» Ә. Айханов, А. Бұғыбаев, Ә. Нұрмаханов, М. Мамыров сынды тағы да басқа Қазақстан спортына теңдессіз жеміс жинаған ағаларымызға, ағалары бастаған дара жолды ілгері жалғастырушы ұлттық намысты ту етіп әрқашанда биіктен көрсеткен олимпиада жеңімпаздары Б,Саттарханов, Е.Ибраймов, Б. Артаев, С. Сапиев, И. Ильин тағы да басқа көптеген танымал спортшыларымызға арналған бұрыштардан асылды ардақтау, ұлыны құрметтеу танымын көрсетіп тұрғанын білуге болады. Әрбір экспозицияда олимпиада саңлақтарының суреттерімен қатар спорттағы жеткен жетістіктері – медальдар мен кубоктарын, мақтау қағаздарын, сондай-ақ үлкен сайыстарда киген жеке спорттық киманолары мен заттарын көуге болады. Жалпы олимпиадаға қатысқан Қазақстандық чемпиондарды Әлем, Европа, Азия жеңімпаздарына бөліп саралап қойған мәлімет тақталары да бар. Сондай-ақ облыс таэквондошыларымыздың спорттағы жеткен жетістіктері ретінде кубоктар коллекциясы топтастырылып, облысымыздан шыққан әр түрлі ойындардан кәсіпқой спортшыларымыздың да жеке залдық бұрыштары жасақталған.
Үшінші бөлім, қазақ күресінің нығаюына зор үлес қосып, намысты қолдан бермей әрдайым жеңіс тұғырында көрінген қазақ спортының және аудан, облыс спортының майталмандарына арналған, сол кісілердің жеткен жетістіктерінен және жеке заттарынан жасақталып «Қажымұқанның ізбасарлары» тақырыбымен аталды. Бөлімге республикалық, облыстық спартакиадалардан, спорттық жазғы-қысқы ойындарға жеке құрам және жалпы командалық есеп бойынша қатысып жеңіске жеткен спортшыларымыз бен спорттық белгілер жасақталған. Ұлттық көкпар спортының майталмандарына арналған сайыстар туралы фото суреттер, танымал шабандоздың киген киімдері, палуандардың кір тастары қойылған залдық көрмелер кейінгі спорт сүйер ұрпаққа үлгі ретінде кеңінен насихатталуда. Жыл сайын аудан орталығында Қ. Мұңайтпасовтың құрметіне қазақша күрестен халықаралық дәрежеде турнир өткізіледі. Бұл дода алғаш рет 1964 жылы ауданымыздың іргесі қаланған кезеңде бастау алып, небір алып балуандар белдесіп, түйе балуан атанып жеңімпаздар белгіленіп тарихы мол дәстүрлі турнирге айналып отыр. Турнир барысы мен жеңімпаздарына арналған суреттер мен бағдарламалар, ескерткіш кәде сыйлар мен медальдар жасақталған залдық бұрышымыз жылда жаңарып, толығып тұрады. Қоыта келгенде құрылғанына жарты ғасыр толған ауданымыздың танымал спортшыларының спорт тарихында жеткен жетістіктерін паш ететін үшінші бөлімде осындай құнды да қызықты бұрыштарды көріп тамашалауға болады.
Еңселі тарихы бар егеменді еліміздің еншісіндегі көптеген игі жақсылықтар мен спорттағы жеткен биік жетістіктеріміз біріншіден құдіреті күшті алланың берген несібеміз екенін, екіншіден тұғыры биік Елбасының да ықпалының зор екендігі ескеріліп, мұражай бұрышында көрерменге «Елбасы және Тәуелсіз елдің спорты» атты залдық көрмені тамашалауға мүмкіндік жасалған. Шын мәнісінде Президент спорт саласына ерекше көңіл бөліп, спортшыларға жақсы жағдай жасағандықтан Қазақстандықтардың соңғы олимпиадада бұрын соңды жетпеген алтын-күміс жүлделерінің саны артып спортымыздың тарихына рекорд әкелгені белгілі.
Бөлімдерден тыс мұражайдың ішкі қабырғаларына Қазақ балуаны Қ. Мұңайтпасовтың арғы ата-тегі туралы шежіре мен отбасы-ұрпақтары туралы, ірі атақ-дәрежелер мен ұтыс орден-медальдарды қашан және қайдан иеленгені жөнінде, сондай-ақ 75 жасындағы дене бітімі мен өлшемі көрсетілген басқа да мәліметтер жазылған ақпараттық тақталар ілінген.
Мұражай ісі жәдігер жинап, жиналғанын сол қалпында сақтап қалу ғана емес, сол жиналған жәдігерді дәріптеп, түсіндіріп сөйлете білу, кейінгіге насихаттау. Қажымұқан мұражайының қызметкерлері де өз жұмысын ғылыми зерттеу, қор жинау және оны насихаттау сияқты түрлі сан алуан бағытта халыққа қызмет етуде. Келуші қонақтарға тың экскурсиялар жүргізу, дәрістемелер дайындау, жаңа келіп түскен жәдігерлерге көрнектер жасақтау, оқушылар мен студент жастарға практикалық жұмыстарына нұсқаулар беру, ғылыми жұмыстарға әдістемелік көмектер ұсыну, сондай-ақ жоспар бойынша жалпы оқу орындарында және өзге де мәдениет ошақтарында танымдық мақсатта мұражай қызметкерлері көшпелі көрмелер ұйымдастырып отырады. Атап көрсетер болсақ 2006жылы Көкшетау қаласында өткен ҚР Тәуелсіздігіне 10жыл толуына «Ақ Бидай» ауыл спорты спартакиадасында — «Ауыл спорты — үлкен спорттың бастауы», Қызылорда облыстық өлкетану мұражайында «Қажымұқан мұражайы Сыр елінде», Жамбыл облысына шығарылған «Оңтүстіктің шырайлы шежірелері» көшпелі көрмесіне де қатысып көпшілік ағарту мақсатында қызметтер көрсетілді. Барлық облыс, қала, ауылдарға апарылған көшпелі көрмелер барысында таныстыру, тақырыптық дәрістер оқу, ең қызықты бейне таспалар арқылы дерект» фильмдер мен спорттық сайыстардан ақпараттар көрсету қызметтері жасалынып отырды.
Қажымұқан атындағы облыстық спорт мұражайының ұжымы музейлік және даталы күндерге байланысты әр-түрлі тақырыптарда мәдени , әдеби іс-шаралар өткізіп отырады. Әрбір өткізген іс-шаралары барысында мұражай халықтың мәдениеті мен өнерін, терең тарихын уақыт безбеніне салып, қайта жаңғыртуға, өткеннің маржандары мен бүгіннің құндылықтарын саралай отырып, жастардың дүниетанымын , санасын, туған елге, жерге деген патриоттық, отансүйгіштік сезімін оятып, болашаққа деген көзқарастарын қалыптастыруды мақсатқа алады. Мұражайымыздың даталы және кәсіптік мерекелік күндерді атап өту іс-шараларын тамашалауға келген көрермендер құрамының қай-қайсысы болмасын мекеме қонақтары, спортшылар толассыз келіп қатысуда. Келушілерге зал көрмесі кеңінен таныстырылып, алыс та жақыннан келген қонақтарға өз тілектерін қалдыруға «Тілектер тізбегі» қолтаңба кітабы ұсынылады.
Қазіргі таңда облыстық елеулі мәдениет ошағы болып есептелетін мұражайымыздың киелі табалдырығын бір мүшел жастан астам өмір жолында сан мыңдаған көрермен аттады. Қазақстанның түкпір-түкпірінен, алыс-жақын шет елдерден келіп, көріп-тамашалап, өз қолтаңбаларын қалдырып, мұражай қызметкерлеріне және осы мұражай ісіне қолдау көрсетіп жанашырлық танытқан азаматтарға ризашылық білдіріп жатқан көрермендер қаншама. Мұражай ісі ауқымды іс болғандықтан келушілерге жәдігерлерді көрсетіп таныстырумен қатар іштегі қор байлығын молайту күн тәртібіндегі мәселе. Келушілермен сұхбаттасу, БАҚ арқылы ізденісте болып дала батырынан қалған белгілерді және спорт саңлақтары жөнінде деректер мен жәдігерлер жинау шығармашылық қызметкерлердің басты мақсаты.