Қай кезеңде, қай елде болмасын мәдениет пен өнер –халықтың рухани болмысының айнасы, бағдарлы болашағының бастауы. Рухани бай дүниенің өлшемі мен өресі де осы мәдениет пен өнер шоқтығында жатыр. Өркениетке қол созған еліміз үшін экономикалық өсіммен қатар елдің рухани бай құндылықтарын да дамыту мәселесі қолға алынып келеді. Өнер мен мәдениет егіз ұғым екені белгілі. Бір-бірінсіз жетімсіреп тұратындай. Мәдениеттің мәйегі өнер арқылы дәріптеліп, халықтың құлағына жетіп жатады. Осы орайда, төскейінде берекенің қазаны қайнаған, босағасында бақ пен береке ұялаған, талай өнер майталмандары түлеп ұшқан ауданымызда мәдениет пен өнерді дамыту саласында атқарылып жатқан игі істер көп. Осы игі істерді ұйымдастыруда басы-қасында жүріп, талай жастардың өнер айдынында қалықтап жүзуіне ұйытқы болып жүрген жанмен сұхбат құруды жөн көрдік. Ендеше, осы саланы ұршықша иіріп, дарынды жандардың талабын шыңдап жүрген «Түлкібас аудандық мәдениет үйі» МКҚК-ның директоры Айнұр Абжалқызымен өрбіген сұхбатты оқи отырыңыздар.
— Ауқымды іс-шараларды, концерттерді өткізу оңай емес. Қаншама еселі еңбек пен ұйымдастырушылық қабілет қажет екендігі шындық. Бір күніңізді жоспарсыз өткізбейтін талапшыл жан ретінде жақсы білеміз. Осы күні қандай істерді жүзеге асырудасыздар?
— Қазіргі таңда ауданымыздағы мәдениет саласының және өнерпаздардың шығармашылығын дамыту мақсатында түрлі аудандық, облыстық байқаулар өткізіп жатырмыз. Жүйелі түрде атқарылып жатқан жұмыстарымыздың ең бастыларына тоқталар болсақ, аудандық ардагерлер кеңесінің «Батагөй қария», аудандық әжелер алқасының «Әже әлдиі», жас эстрада орындаушылардың «Арай» ән байқаулары ұйымдастырылып, өткізілуде. Ұмыт болған салт дәстүрлерімізді ғұрыптық жанрда дәріптеу мақсатында осы Рамазан айында «Жарамазан жақсылықтың жаршысы» фольклорлық әндерін орындаушылар байқауы өткен болатын. Ауданымызға қарасты әр округтегі мәдениет саласының мамандары жоғары деңгейде дайындалып, жарамазан жырын әр түрлі жанрда орындап, халықтың ықыласына бөленген болатын. Ал, біз мәдениет саласындағыларға халықтың хошеметі, еткен еңбегіміздің жемісі деп білеміз. Сонымен қатар, жас жеткіншектердің де өнерін шыңдау назарымыздан тыс қалған емес. Жастармен тығыз байланыста жұмыс жасау барысында«Жайдарман» ойыны аудан жастары арасында ұйымдастырылып өткізілді.
— Түлкібас аудандық мәдениет үйінің бүгінгі тынысымен бөліссеңіз?
— «Аудандық мәдениет үйі» МКҚК-да және ауылдық мәдениет мекемелерінде 98 шығармашылық қызметкерлері мен тех персоналжұмыс атқарады.Мәдениет үйінде «Майлыкент толқындары» фольклорлық ансамблі, «Кәусар» бишілер тобы, «Мақталы» халық театры, «Түлкібас триосы» және түрлі үйірме жұмыстары жұмыс жасауда. Мәдениет қызметкерлері қоғамдық жұмыстарға да белсене атсалысып келеді. «Аудандық мәдениет үйі» МКҚК-ның балансындағы «Орталық балалар» саябағымен Жанкент мөлтек ауданындағы «Тұңғыш Презитент» саябағын көктем айынан бастап ағаш көшеттерді жасарту жұмыстарын, қопсыту, әктеу, ішкі су жүретін арықтарды тазалау,гүл егу жұмыстарын мәдениет қызметкерлері атқарады. Ауданымыздың мәдени іс-шараларын ұйымдастырумен қатар осындайда жұмыстарды да атқарамыз.Сондықтан да «Мәдениет үйі – өнер мен еңбектің үлгісі»деп айта алатындай дәрежеде екеніне халық және қоғамдық ұйымдар мен зиялы қауым өкілдері куә.
— Аудандық өнерпаздардың облыс, республикалық деңгейдегі жетістіктерін атай кетсеңіз?
— Өнерпаздарымыздың жеткен жетістіктері жетерлік. Соның ішінде өздеріңізге белгілі «Арша» квартеті Қазақстан Республикасының Үкіметінің қолдауымен «Хабар» Агенттігі» телеарнасының «Жеті қазына»телевизиялық шоу бағдарламасына қатысып, ұлттық өнерін насихаттау байқауына қатысып, жүлделі III-орынды иеленді.
— Ауданға қарасты Мәдениет үйлері мен клубтарының атқарып жатқан жұмыстарына тоқталып өтсеңіз?
— Ауданымыздағы 14 округте 25 ауылдық мәдениет үйлері мен клубтары бар. Ауылдық мәдениет үйлері мен клубтары мерекелерге арнап іс-шаралар өткізіп, аудандық облыстық, республикалық байқауларға қатысады.
— Үстіміздегі жылдың басты мәдени жетістіктері жайлы не айтасыз?
— Мамыр айының 19-21 аралығында Киелі Түркістан қаласында өтетін «Өнерлі өлке-2023» өнер фестиваліне дайындық жұмыстарын бастап кеттік. 3 күнге жоспарланған өнер фестивалі 15 жанрдан тұрады. Осы 3 күнде ауданымыздың барлық саласының жетістіктерін, табиғатын этикалық, эстетикалық мәдени имидждік іс-шараларын көрсетіп, оны өзге өңірлерге таныстыру мақсатында жұмыс жасайтын боламыз (Ән,би, этно топтар, қолөнер, салт-дәстүр т.б).
— Өзіңіз, отбасыңыз бен Мәдениет саласындағы жеткен жетістіктеріңіз турасында да айтып өтсеңіз?
— 1991 жылы Әл-Фараби атындағы мәдениет инстутының музыка факультетіне түсіп 1996 жылы музыка пәнінің мұғалімі және мәдени іс-шара ұйымдастырушы факультетін аяқтап, 2000 жылдан бастап мәдениет саласында қызмет атқарамын. Өзімнің бала кезімнен армандап, таңдап, сүйіп қалаған мамандығым. Отбасым жайлы айтар болсам, Үлкен қызым да өнер жолын таңдап, қазіргі таңда Шымкент қаласындағы опера және балет театрында және М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде қызмет атқарады. Екінші қызым мектеп оқушысы. Мәдениет саласында жүріп бірқатар жетістіктер мен халықтың ықыласына, аудан әкімі мен мекме басшыларының алғысын алып жүрген жайымыз бар. Атап айтсақ, облыс әкімі, аудан әкімі, Түлкібас ауданы әкімдігінің мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі басшысының «Алғыс хаттарымен», 2020 жылы облыс бойынша «Жылдың үздік директоры» алғыс хатымен марапатталдым. Сондай-ақ «Мәдениет» саласында көп жыл еселі еңбек етіп, үздік нәтижелерге қол жеткізгенім себебпті «Ұстаз жолы» қоғамдық қорының президенті А.Тажибаевтың арнайы «Елеулі еңбегі үшін» төсбелгісінің иегері болдым.
— Алда атқарылатын жұмыс барысымен бөліссеңіз? Аудан халқына ұсынатын қандай тың жоспарларыңыз бар?
— «Сіз тыңдаған әндер»атты қазақ радиосы мен теледидардан шырқалған ретро әндерден облыстық байқауы маусым айына жоспарлануда.Тамыз айында Түлкібас ауданының 95 жылдығына орай республикаға, облысқа танымал ауданымыздан шыққан айтыскер ақындарды насихаттау мақсатында«Түлкібас шайырлары» атты облыстық ақындар айтысы ұйымдастырылмақ. Қыркүйек айында ауданымыздың 95 жылдық мерейтойын тойлау мақсатында «Бізден тарту» облыстық композиторлар байқауы өткізілетін болады. Жоғарыда айтылған мерекелік шаралар жоғары деңгейде өтіне және халықтың көңілінен шығуы үшін ұжым болып бар ықыласымызды сала отырып жұмыс жасауға дайынбыз. Аудан тұрғындары әркез бізбен бірге болып, өнерпаздардың өнеріне бағасын береді деп сенеміз.
— Арнайы уақытыңызды бөліп, сұрақтарыма жауап бергеніңіз үшін алғыс білдіремін. Өнердің дамуы – қоғам дамуының көрінісі. Ендеше, қоғамымыз өздеріңізбен бірге өсіп-өркендей берсін.
Ж.АМАНҚҰЛ.