Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Түлкібас » ҚАРТЫ БАР ҮЙДІҢ — ҚАЗЫНАСЫ БАР!

ҚАРТЫ БАР ҮЙДІҢ — ҚАЗЫНАСЫ БАР!

Қазан айының бірінші жұлдызы қарттар күні. Бұл мереке елімізде жыл сайын аталып өтіледі. Және оның аясында қарттарға құрмет көрсетіліп, түрлі форматтағы іс-шаралар ұйымдастырылады.Қазыналы қарияларды мерекесі қарсаңында Түлкібас ауданында бірқатар шаралар ұйымдастырылуда.

1 – қазан, Қарттар күні мерекесіне орай, Түлкібас аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі мен аудандық ардагерлер кеңесінің бірлесе ұйымдастыруымен қарттар арасында спорттық сайыстан жарыс өтті.
Дәстүрлі түрде өтетін шараға айналған жарыста аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Е.Сейфуллаев пен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Қасымбек және ауданның құрметті азаматтары, ардагерлер М.Мірилязов пен Қ.Анашев сөз сөйлеп, қарттарды мерекемен құттықтап, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Шахмат, дойбы және үстел теннисі бойынша сынға түсетін қариялар жақсы дайындықпен келгенін жасырмайды. Олар осындай басқосулардың жиі ұйымдастырылуын және спорттың кең көлемде насихатталуын сұранды.
Сайысқа қатысушылар мен жеңімпаздарға арнайы Алхыс хаттар мен сыйлықтар табысталатын болады.
Түлкібас ауданының Түлкібас кентінде орналасқан Түлкібас клубында кент әкімшілігі және кент клубының ұйымдастыруымен «Қарттар – тарих қазынасы» тақырыбында мерекелік іс-шара өткізілді. Іс-шара концерттік бағдарламалар қойылымдары және ақ жаулықты апалар мен ақсақалды қарияларды Түлкібас кенті әкімінің Алғыс хаттарымен марапаттаумен жалғасты. Соңынан мерекелік дастархан жайылып, ауыл жастарын бірлікке, ынтымаққа шақырып еңбекте табысты болуларына тілек білдіре отырып ақ бата берілді.
«Қарты бар үйдің – қазынасы бар» — деп, дана халқымыз айтқандай, үйінде қариясы бар жанұя – шынында да, қазыналы, берекелі жанұя. Ақсақалы сиреген ауылдан ар-иман қашады», — деген қанатты сөздер бар. Өйткені, кез-келген қазақ шаңырағындағы ата-ана өз баласын үлкендерді сыйлауға тәрбиелейтіні ақиқат.
Сонымен бірге, мереке қарсаңында Балықты ауылдық округі әкімдігінің ұйымдастыруымен, ауылымыздағы «КАС БЕТОН» ЖШС-гі және «Aurum Mining» ЖШС-гі демеушілік танытып, округіміздегі «FORSE FIT» спорт кешенінде «Шахматтан» ардагерлер арасында турнир өткізіліп ас таратылды. турнирге қатысып жүлделі болған ақсақалдарға алғыс хаттар мен сый- сияпаттар табысталды.
Ал, Рысқұлов ауылдық округі әкімі аппаратының ұйымдастыруымен және кәсіпкерлердің демеушілігімен Royal elite мейрамханасында округімізге қарасты ардагерлерге, қарттарға құрмет көрсетіліп дастархан жайылды.Өйткені, оның мәні де, маңызы да ерекше. Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету – ежелден қалыптасқан адами құндылығымыз. Әсіресе, бүкіл саналы ғұмырын ел дамуы мен жас ұрпақ тәрбиесіне арнаған қазыналы қарттарымыздың еселі еңбегін ешкім жоққа шығара алмайды, керісінше, «Қарты бар үйдің – қазынасы бар» деп оларға айырықша ізет көрсетіп, батасын алу – бүгінгі ұрпақтың парызы.
Мереке қарсанында Рысқұлов ауылдық округі әкімі Н.Нышанбай Рысқұлов ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы, мәслихат депутаты Д.Байысбаев, Қ.Қоқанбаевпен бірге жалғызілікті қарттарға арнайы құрмет көрсетіп құттықтап шықты.
Айта кетейік, 1 қазан – Халықаралық қарттар күні. 1990 жылы желтоқсан айының 15 күні БҰҰ Бас Ассамблеясы бұл күнді «Халықаралық қарттар күні» деп жариялады. Асылында, бұл мереке ХХ ғасырдан бастап пайда болған. Бастапқыда Қарттар күні Еуропада, кейін Америкада тойланған, ал 80 жылдардың аяғынан бері бүкіл әлемде атап өтіліп келеді.
Қарттар күнін атап өтудегі басты мақсат — аз қамтамасыз етілген қарт адамдарға, жалғызбасты қарт зейнеткерлер мен қарт мүгедектерге көңіл бөлу, оларға материалдық, әлеуметтік-тұрмыстық және басқа да көмек түрлерін көрсету. Бұл күні біздің елімізде ғана емес, әлемнің түкпір-түкпірінде қарттарға арналған мерекелік іс-шаралар өткізіліп, ересектер тарапынан қарияларға көмек көрсетілетін алуан түрлі жобалар ұйымдастырылып, мемлекет арнайы жәрдемақылар тағайындайды.
Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымының жіктеуіне сәйкес, қарт адамдарға 60-74 жас, кәрілерге 75-89 жас аралығындағылар, ал, ұзақ жасаушыларға жасы 90-нан асқандар кіреді.

Пікір жазу