Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Түлкібас » ТАБИҒАТҚА ҚАМҚОРЛЫҚ ТАНЫТУ — ӨЗ ҚОЛЫМЫЗДА

ТАБИҒАТҚА ҚАМҚОРЛЫҚ ТАНЫТУ — ӨЗ ҚОЛЫМЫЗДА

Тал ек, гүл ек – туған жеріңді түлет!
Дала төсін өзінің құшағына айқара қымтап жатқан қыстың ызғарлы ақ көрпесі ысырылып, өз кезегін көк көйлек киген ару көктемге беретін уақыты да келіп жетті. Көптен бері сіресіп тоң болып жатқан өңірлерге жан бітті. Жылға-жылғаларда көктемнің алғашқы хабаршылары – бәйшешектер бой көтеріп, салтанат құрды. Жылы аймақтан сүйінші сұрап Нәуірзек құс ұшып келіп, өзінің шаттық әніне басты. Қақаған қыстай аязды емес, жүзімізге жылы тиетін қоңыржай леп жанымызды одан әрі жадырата түсті. Кезінде қалың жауған қарды бүгіле көтеріп тұрған ағаштар дүр сілкініп, жасыл қалпына қайта оралды. Осылайша, табиғат әлеміне күлімдеген көктем өз әмірін жүргізе бастады.
Иә, табиғат көрінісі қашанда өзінің қайталанбас мезгілдерімен көркем, шипалы ауасымен әсем емес пе?. Егер қоршаған ортаны барынша аялай білсек – бізден кейінгі ұрпаққа да мінсіз қызмет ете беретін де шығар. Бірақ, табиғатты көздің қарашығындай сақтаудың орнына жетер жеріне жеткізбей желкесін үзіп жүргеніміз де жасырын емес-ау… Көгілдір газымыз жанып, үйімізде жылылық салтанат құрып тұрса да балтаны қолға ала салып, тура әкеміз егіп қойғандай құрылыс материалына қажет деп өзен жағасында жайқалып өсіп тұрған ағаштардың обалына қарауға мұршамыз да келмей, жүзі сұсты балтаны құлаштай сермедік кеп… Ешкім арнайы екпеген, табиғаттың өзі сыйға тартқан қалың тоғай, шағын ормандарға осылайша қарақшылықпен шабуыл жасап, қарақан бастың қамымен үйге тасып жүрміз. Табиғатқа деген жанашырлықты біржолата ұмытып, от басы- ошақ қасының күйбеңінен ары аса алмаймыз. Дана халқымыздың «Бір тал кессең – он тал ек», «Атадан мал қалғанша – тал қалсын» деген ұлағатты сөздерін құлаққа да ілмейміз. Қанталаған көзімізге шел біткені соншалық, өзен жағасының шырайын келтіріп тұрған қалың құрақ қамыстарға да еш ойланбастан шырт еткізіп от қоя саламыз. Біздің мұнымыз табиғатқа жасаған қиянат болды-ау деп ойлаудың орнына лапылдап жанып жатқан отқа қарап, бейнебір әйеліміз ұл тапқандай қуанып, мән-мағынасыз ыржия түсеміз…
Бір тоғай емес ауданымыздағы ауыл мен ауылды жалғастырып жатқан қара жолдың бойындағы бір кездері қалың орманға жете қабыл болған ағаштар да уақыт өткен сайын сиреп барады. Састөбе мен Керейт, Балықты мен Жаскешу, Түлкібас пен Кемербастау және де басқа да елді мекендердің арасын жалғап тұрған жол бойындағы ағаштар бүгінде таз адамның басында қалған селдір шашты еріксіз көз алдыңа елестетеді. Жалаңдаған айбалтаның жүзі жиі-жиі ағаштардың діңгегіне аяусыз бағытталуда. Ал, Балықты – Шарафкент аралығындағы бір кездері жемістерін самсап салып тұрған алма ағаштарының жағдайы мүлде аянышты халде. Бұтақтары шабылып, жарым-жан күйде тұрған алма ағаштары көзімізге адамдардан қорлық көріп, еріксіз жылап тұрғандай әсер қалдырады… Ендігі бір өзекті мәселе- ауданымыздағы қоршаған ортаның тазалық жайы. Ауылына қарап азаматын таны дегендей қай бір ауыл болмасын сол ауылдың тазалығымен, жасыл-желегінің көптігімен ерекшеленетіні даусыз. Бұл бағытта да көкірек керіп, мақтана алмаймыз. Өйткені, жағдайымыз белгілі. Мұнда да сол жоғарыда айтылған жалқаулығымыз, тазалыққа деген енжарлығымыз «мен мұндалап» атойлап алдымыздан шыға келеді. Өзіміздің тұрып жатқан үйіміздің айналасын таза ұстауға, жиналған күл-қоқыстарды арнайы орынға тастауға, жайқалтып тал-терек қондыруға, бұлақ-бастаулардың, өзен-сулардың көздерін ашуға келгенде әйтеуір кежегеміз кейін тартады да тұрады.
Ал, той-томалақта, дастархан басында жынды судың екпінімен «Шіркін біздің Түлкібас өңірі табиғаты жөнінен екінші Швейцария ғой. Бізге жететін жер бар ма екен?»-деп мақтанғанда онсыз да кең танауымыз желпілдей-желпілдей түсіп, шелектей болып кеуіп кететінін қайтерсің… Әрине, шамалы болса да мақтанғанымыз дұрыс шығар. Бірақ соны іс жүзінде дәлелдеп жатсақ, қанекей! Ал, біз болсақ, Жаратқанның өзі аямай үйіп-төгіп берген әсем табиғатымызды, түгін тартсаң майы шығатын қасиетті жеріміздің өзін дұрыс пайдалана алмаймыз.Терең қабат жер қойнауынан мөлдіреп шығып жатқан бұлақтардың, таудан басталатын өзендердің жағасына басқа жер таппағандай малдың көңін, күл-қоқыстарды, ішімдіктен босаған бөтелкелерді тіпті өлекселерді де шімірікпей тастай саламыз. Көктем келсе қауырт істер басталатын үй іргелік жерімізді аудармай,өзге халықтар қолға алып жатқан бау-бақша, жеміс-жидек өнімдерін екпей, шамалы жерге уыстап жоңышқаның ұрығын себе саламыз да көлеңкеге көрпешені молынан жайып, жантая кетеміз.
Міне, біз XXI-ғасырда осылайша өмір сүріп жатырмыз. Әлі де осылай табиғатқа қырын қарап, ауаны ластап жүре беретін сыңайымыз бар. Ал, біздің бұл әрекетімізді келер ұрпақ қалай қабылдар екен? Менің пайымдауымша олардың бізге әрине, алғыс айтпасы анық. Ендеше, олардың наласына қалмау үшін аянбай еңбек етуіміз қажет.Ол үшін ел ағалары бас болып, ауыл ақсақалдары, үлкен-кіші бірігіп, ырыс алды-ынтымақ атты үлкен шаңырақтың аясына жиналып, қолымыздан келетін бар игі істерді жұмыла атқарсақ, ырыс-несібеміз артып, тұрмысымыз түзеліп, жағдайымыздың жақсарып қалары даусыз. Еңбек сүйгіштік пен тазалық қасиеттерін бойымызға дарыта білсек онда ешнәрседен де ұтылмасымыз анық. Сонда ғана біздің келер ұрпақ алдында жүзіміз жарық, еңсеміз биік болады. Әр жылдың басын арып ашқан жүдеу табиғатпен емес, жасыл желекке көмкерілген әсем табиғат пен тазалыққа тұнған көз қуанарлық әрекетімізбен аттасақ жарасатын шығар…
О.КӨМЕКОВ

Пікір жазу