Шамурат Нұрбеков «кітаппен дос» болғанды құп көретін азамат. Ол Түлкібас аудандық орталық кітапхананың тұрақты оқырманы. Бала күнінен әдеби кітаптарды тауысып оқитын бозбала бүгінде кітап толы бөлмелерден жанына дауа, серік іздейтінін жасырмайды. Бойында ақындық өнері де табылатын сегіз қырлы бір сырлы азамат Келтемашат ауылының тұрғыны. 13-14 жасынан бастап поэзияны сүйіп оқып, тырнақалды туындыларын жарыққа шығарды. Ұстаздарының зор қошеметінің арқасында қысқа-қысқа өлеңдер жазып, кітапшалар жинағын басып шығарды. Жарқырап, жанып тұрған шағында жол апатына түсіп, денсаулығына зақым келеді. Сөйткен күннің өзінде, ол сүйікті ісінен алшақтамады. Кітап оқып, ақ параққа жыр төгуден жанына ем, дертіне шипа тапты. Кітапханаларды жағалап, түрлі кейіпкерлердің өмірінен өзіне сабақ алып, күш-жігерін қайрап, намысын оятып, өзін алға қарай жетеледі. Соның арқасында ол түрлі байқаулардан оза шауып, күшінің барын, дарыны мен қабілетінің сөнбегенін дәлелдеді. Кітапсүйер азамат сондай қабілет-қарымының арқасында «Ең үздік оқырман-2020» номинациясын иемденіп, түрлі жарыстардың үздігі атанды.
— Мен кітап оқымайтын жастарға таңданамын. Кітапта өмірлік азық, мол тәжірибе бар. Құнды дүниенің барлығы кітапта. Мен үшін ең қымбат нәрсе- кітап.
Ұлы ойшылдарымыз «Кітап оқымайтын перзент туса, қорқатын заман келді деп ойланыңдар» деген екен. Осы сөздің астарын барласам расыменде, ойланасың, болашақты бағамдайсың.
Менің жаным осы кітаптарды оқу арқылы тынышталады, демалады. Көбінше әдеби кітаптарды сүйіп оқимын-,дейді Шамурат Нұрбеков.
Иә, кітап білімнің қайнар көзі. Кітапсыз өмір сүру XXI ғасырда мүмкін емес екендіге мәлім. «Надан мен дос болғанша, кітаппен дос бол» деп текке айтылмаған. Кімде де болса білімділік сәл-пәл болса да құштарлығын дамытуға көмектеседі. Кітап оқыған адамның шетте калмасы анық.
Д.ТУРҒАНӘЛІ.