Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Ауыл жаңалықтары » Тіл – ұлттық ой-сананың өзіндік құ­ралы

Тіл – ұлттық ой-сананың өзіндік құ­ралы

Тіл – ұлттық ой-сананың өзіндік құ­ралы. Оның түсінуінше, тіл – әлемнің тікелей айнасы ғана емес, сонымен қатар адамның тіл арқылы әлемді түсінуі. Ахмет­тің еңбегін неге «Тіл – құрал» деп атағанын Гумбольдт еңбектерін зерделеу барысында терең түсіне бастағандаймыз. Ия, тіл – адам баласының ішкі қуатын дамытатын құрал.

Әртүрлі тілдерде түрлі дүниетанымдар көрініс табады. Оларда бір заттың әртүрлі атауы ғана кездеспей, керісінше, сол заттың түрлі көрінісі таңбаланады. Сөз – заттың ғана таңбасы емес, сол заттың әсерінен адамның ішкі дүниесінде пайда болған сезімдердің де бейнелі таңбасы. Тілдің жасалу нәтижесінде сол заттың түсінігі де пайда болады. Жеке заттарды атау барысында кез келген тіл шын мәніндегі шығармашылықпен айналысады. Сол тілде сөйлейтін халық үшін әлемнің бейнесін жасап береді. Гумбольдтқа сүйенер болсақ, әрбір тіл өз халқы үшін белгілі шеңберді құра­ды, адам бұл шеңберден шығып кетсе, басқа бір шеңберге тап болады. Дүние­таным жүйесі ретінде тіл адамның жүріс-тұрысын да реттейді: адамның заттарға деген көзқарасы тілге тәуелді болады. Осы ғылыми ой Ахметте былайша жал­ғасып жатады: «Ұзақ өмірінің ішінде һәр халықтың дағдылы тұтынып келе жатқан сөздерінің біріне-бірі жалғасып тізілетін дағдылы жолы, жүйесі, қисыны болады. Һәр жұрттың түрінде тұтынған жолында, мінезінде қандай басқалық болса, тілінде һәм сондай басқалық болады. Біздің жа­сынан орысша я ноғайша оқыған ба­уырларымыз сөздің жүйесін, қисынын нағыз қазақша келтіріп жаза алмайды, я жазса да қиындықпен жазады. Себебі ол қазақша жазып дағдыланбағандық. …Сондай кемшілік болмас үшін, һәр жұрт баласын әуелі өз тілінде оқытып, өз тілінде жазу-сызу үйретіп, өз тілінің жүйесін біл­діріп, жолын танытып, балалар әбден дағдыланғаннан кейін басқаша оқыта ­бастайды. Біз де тіліміз бұзылмай сақталуын тілесек, өзгелерше әуелі өз тілімізбен оқытып, сонан соң басқаша оқыту тиіс». Байқап отырғанымыздай, қазақ ғалымы Гумбольдт ойын әрі қарай шиырлата дамытып, өз елінің шындығы негізінде ой өрбітіп, тілді оқыту мен адамның дүние­танымының арасындағы жақын байла­ныс­ты, сабақтастықты те­реңнен барлайды.

Гумбольдт бағдарламасының теория­лық-әдіснамалық негіздерінің ерекше­ліктері мен Ахмет идеяларының бір-бірі­мен астасып жақын келуінің бас­ты шарты – тілдің адамның адамдық белгі­сінің зоры, жұмсайтын қаруының бірі екен­дігімен астасып, жапсарласып жатыр деп түсінеміз. Қос ғалым зерттеулерінің ішкі тұ­тас­тығы мынадай идеяларынан анық аңға­рылады:

– адам мен тілді зерттеудегі табиғи және әрекеттік қағидаттардың жиынтығы (бірлігі) – тіл, ол – рухтың организмі және рухтың әрекеті;

– тілге деген жүйелі тұтастық көзқарас;

– тіл сипатындағы құрылыстық-стати­калық көзқарастан гөрі, динамикалық про­цессуальдық генетикалық көзқарастың маңызды болуы;

– тілдің жалпы дамуынан гөрі, сөйлеуге көбірек көңіл бөлуі;

– әлемдегі нақты тілдерді бағалаумен қатар, тілді жалпы адамзаттық мұра ре­тінде қарастыруы;

– тілдің тек өзін ғана зерттемей, оны адамның басқа да рухани әрекеттерімен, ең бастысы, өнермен байланыстыруы.

Соңғы тұжырым Ахмет еңбектерінде де мол ұшырасады. Ғалым өзге тілден енген сөздердің, әсіресе орыс тілінен енген сөздердің тіліміздің ішкі айтылу та­биғатына, айтылу сазына кері әсер ете­тінін, ана тіліміздегі сөзіміз шұбарланып, әуені бұзылатынын айтып, сондықтан басқа тілдің сөзін өз тіліміздің дыбыстық ерекшелігімен айту керектігін ескерткен. Көп ой тұжырымдап, нақты тілдік деректерді зерделеген ғалым үшін «Тілі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» деп тұжырым жасау оңай болмағаны анық. Сондықтан да Ахмет әліпбиін қайта қарастырып, кейінгі нұсқасында «х, Һ, ф» дыбыстарын енгізбеген.

«Сөздің асыл болуы ұнауымен. Сөз көңілге ыспат жағының көркемдігімен, сөз мағына жағының күштілігімен жағады. Сөз көркемдігінің әуезінің әдемілігі мен кестесінің келісті болуынан табылады», деп жазады Ахмет.

Әлемдік тіл білімінің қалыптасқан дәстүрі мен жолы бар десек, сол жолды да, жүйені де жасаушы ғалымдар негізінен жеке бір тілді зерттеуші ғалымдар екені айдан анық. Ұлы далада ауызекі дамып, жатталып жатқан тілді қаттап, жазуын өз заңдылығына сәйкестендіре реформалап, метатілін жасап, терминдерін негіздеп, әлемдік ойға көшпелі ой қосқан, түркі тілдерінің фоно-сингармологиялық жүйесін тұңғыш негіздеген Ахмет Байтұр­сынұлының еңбегін әлемдік тіл біліміне қосқан үлес деп бағалаймыз.

А.М.Сухотин мен К.К.Юдахин «Бай­­­­­тұрсынов емлесі» туралы мына­дай пікір білдіреді: «Дауысты дыбыс­тар­­­дың жұптасуына дауыссыз дыбыс­тар арқылы беруді арнайы ұяңдану бел­­­гі­сімен толықтырудың ұқсас әдісін біз «қырғыздар» қабылдаған қазақтың «Байтұрсынов» емлесінен байқаймыз. Бұл емленің ерекшелігі сол, қазақ тілінің ­9 дауысты дыбысы 5 таңбамен графика­лық түрде беріліп, қырғыздың 8 дауысты дыбысына бар-жоғы 4 таңба қажет бол­ған. Дауысты дыбыстардың белгілерінің мұндай азаю мүмкіндігіне арнайы емле тәсілі арқылы қол жеткізілді, бұл q –ƣ әріптерімен буын немесе сөз «қатаң», ал k -g немесе белгімен –«ұяң» деп айтыла­ды. Бұл емледегі кейбір сәйкессіздік жазу­да бір ретпен әртүрлі көрсетілген».

А.Байтұрсынұлы туралы М. Жүсіпұлы «Ахмет Байтұрсынов және қазіргі қазақ тілі фонологиясы» атты монографиясында А.Байтұрсыновтың сингармофонема­лық алфавиті мен сингармофонемалық орфографиясының негізгі принциптері, ұғымдары, нормалық категориялары туралы мынадай тұжырым айтады:

– араб графикасының негізін (тегін) сақтауы;

– сингармофонема – сингармо-­
ды­быстар қоры;

– әріп – бір таңбаның төрт түрлі өз­герілген қоры;

– қазақ тілі сөйлесімі процесінің син­гармониялық қасиеттерін көрсету үшін, орфографияның сингармофонемалық принципін және арнайы таңба – «дәйек­шіні» пайдалануы;

– қазақ тілі орфографиясының негізгі принципі – сингармониялық принцип.

Қазіргі таңда қолданылып жүрген қазақ жазуында осы аталған бес ереженің екеуі сақталғандығын айтады: а) сингармофонема –сингармодыбыстар қоры; ә) негізгі орфографиялық принцип – сингармофонемалық принцип дей отырып, сингармониялық жұп әріптерге тоқталады: а-ә, о-е, ы-і, ұ-ү…. М. Жүсіпұлы былай дейді: «Қазақ сана-сезіміндегі қазақ тілі дыбыстарының психологиялық бейнелерін анықтап, сол арқылы қазақ тілі сингармофонемаларының санын және қасиеттерін анықтауда А.Байтұрсыновтың ой-өрісі, талғамы өзгеріске ұшырамады, яғни бір логикалық арнада, бір ғылыми-теориялық және практикалық бағытта болды». Десек те, Ахметтің ғылыми пікір­лері мен тұжырымдары қатып қалған догма болмағанын, оның үнемі ізденісте, сондықтан ғылыми ойларының дамуда, тіл заңдылығына негізделе отырып жетілгенін кейінгі жас ғалымдар зерттеп, нақты дәлелдермен дәлелдеп отырғанын да ескереміз. Бұл тұрғыдан жас ғалым Әділет Ахметовтің ойлы мақалаларын ерекше атап өтер едік.

«А.Байтұрсынұлы қазақ тілінде 2 жар­ты дауысты бар деп ескерген кезде, қай елдің әліпбиіне сүйенді деген сауалға келер болсақ, жарты дауысты ﯞ (у) һәм ﻱ (й) Англияда да бар екендігін ескере отырып, оларға өз алдына басқа хәріфтер алынбайды, себебі дауысты дыбыстардың соңынан келетін ﯞ (у) һәм ﻱ (й) жарты дауысты болады, қағидалары бар деген Бөкейхановтың пікірімен санаса келе, сол қағиданы біздің тілімізге кіргізуге болады дейді. Жарты дауысты ﯞ (у) һәм ﻱ (й) үшін харіф белгілеп, арнамайтындығын да ескертіп өтеді, деп жазады Н. Сайбекова зерттеуінде.

Қорытындылай келгенде, А.Байтұр­сынұлы қазақ тілі білімін зерттеу барысында әлемдік тіл біліміне мынадай үлес қосты деп санаймыз:

– А.Байтұрсынұлы зерттеулері нәти­жесінде қазақ тілі өзіндік ішкі заңды­лық­тарға негізделген ұлт тілі ретінде алғаш зерттеу нысанына айналды;

– әлемдік грамматология теориясына қазақ тілінің жазу жүйесін реформалауы нәтижесінде ғылыми үлес қосылды;

– әлемдік фонетикаға үндестік заңы туралы жаңа қағида ұсынылды;

– сөз бірлігінің буындық құрамы мен буынның қызметі туралы қисын;

– қазақ сөзінің морфологиялық құры­лымын лебіздегі сегменттік бірлік ретінде тұтастықта қарауы; Бұл Гумбольдтың үндіеуропа тілдеріндегі флексияның сөз­бен және сөйлеммен байланыстыра екіжақты рөлін анықтауымен сабақтас.

– сөздің тұтастығы, сөз мағынасының тұтастығы туралы теориясы;

– Ахмет зерттеуіндегі және оқу әдіс­нама­сындағы мәтін теориясы;

– тіл мен әуенді егіз ұштастыра зер­делеуі;

– қазақ грамматикалық құрылымын бірінші рет кешенді талдап, метатілі мен терім сөзін жасауы және қалыптастыруы.

– тіл тазалығы мен тіл экологиясы туралы ғылыми ой қалыптастыруы;

– сөзді өнер ретінде бағалауы;

– сөйлеу мен ойлау арасындағы байланысты анықтаудағы пайымдауы;

– сөздің ішкі жүйесін когнитивті бағыт­та саралауы: қара сөз бен дарынды сөз жүйесін анықтауы.

Бұл аталған бөлімдердің қай-қайсысы да әлемдік деңгейдегі тіл білімін зерттеген ғалымдар еңбектерімен салыстырылып зерделеніп, сараланып зерттелуі тиіс. Сонда ғана Ахмет асуы биіктеп, Ахметтің ғылымдағы жолы ұзай түсері даусыз.

Дамыған өркениеттің көрсеткіші тек технологиялық жетістіктер ғана емес, рухани, мәдени саладағы ерекшеліктер; демек, әлемдік деңгейге ұмтылу үшін, әлемдік сахнада танылу үшін, мәдениеттің барлық элементтеріне тең назар аударылуы тиіс. Ал мәдениет элементтері деп белгілі бір ұлттың рәміздерін, мерекелерін, нормаларын, салт-дәстүрлерін, ұлттық құндылықтары мен ұлттық тілін атайтынын ескерсек, басқа факторлардың ішінде ұлттық тілдің де толық зерттеліп, заңдылықтары мен орфоэпиялық, орфо­графикалық нормаларының жан-жақты қарастырылуына жеткілікті назар аударылу керектігі сөзсіз екенін түсінеміз. Қазақ тіл білімінде дәл осы іспен айналысқан, қазақ лингвистикасының зерттелуінің қазіргі деңгейіне жеткізуге маңызды үлес қосқан – ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы.

А.САЛҚЫНБАЙ,

филология ғылымдарының докторы

Пікір жазу