Қазіргі кезде ғылыми-теориялық және әдістемелік (практикалық) тұрғыдан қазақ тілі оқулықтары мен оқу-құралдарындағы қазақ тілі дыбыстарының жайы жиі пікірталас тудырып келеді. Өйткені ғылыми тұрғыдан анықталған қазақ тілінің дыбыс құрамы мен қазіргі мектептерге арналған оқу бағдарламаларының арасында едәуір алшақтық бар.
Қазіргі кездегі латын әліпбиіне көшу үстінде фонетикалық шешімін күтіп тұрған өзекті мәселелердің бірі – кірме таңбалар. Латын әліпбиі негізіндегі оқу-әдістеме жұмыстарын жетілдіру осы бағыттағы зерттеулердің нәтижесіне тікелей байланысты. Оқу бағдарламасы және сол бағдарламаға лайық құрастырылған мектеп оқулықтары қазақ әліпбиін 42 таңбадан тұрады деп көрсетеді. Оқу-әдістеме жұмыстары да осы құрамға негізделіп жүргізіледі. Қазіргі қазақ жазуының емле-ережесі бойынша қазақ әліпбиіндегі бір топ әріптер екіұшты, яғни екі түрлі оқылады. Мысалы, и, у, я, ю әріптері қазақ сөздерінің құрамында бір түрлі, ал орыс сөздерінің құрамында екінші түрлі оқылуға тиіс.Соған қарамай, оқулықтарда сол әріптердің айтылу үлгісінің бір-ақ түрі, яғни орыс тіліндегі үлгісі үйретіледі. Өйткені олар қазақ тілінің дауысты дыбыстарының құрамында жүр,сондықтан да олар бір дауысты дыбыс ретінде танылады. Оны осы әріптерге берілген мысалдардан көруге болады: ине, ит т.б. Ал қазақ сөздерінің құрамында олардың бір дауысты ретінде оқытылып, балаларға бір дауысты ретінде айтқызып жаттықтырудың, бір дауысты әріп ретінде жазғызып дағдыландырудың жөні жоқ екендігін әзірге оқулық авторлары, әсіресе бағдарлама авторлары, ескермей келеді. Жоғарғы оқу орындарының болашақ қазақ тілінің мұғалімдерін дайындайтын филология факультеттеріне арналған оқу бағдарламалары мен оқулықтарының жайы да дәл осындай. Сондықтан болар жоғары оқу орнын бітіріп, мектепке баратын болашақ қазақ тілінің мамандарының өзі дауысты дыбыс пен дауысты әріптің арасын (дыбыс мәнін) ажырата алмай шығады. Мысалы,қазақ сөздерінің құрамындағы «и – дауысты дыбыс» деген ереже әбден қалыптасып қалған. Қазақ тілінің теориялық фонетикасы мен практикалық фонетикасының арасындағы қайшылықтардың салдары қазақ сөзінің төл айтылымына (орфоэпиясына) тікелей зиянын тигізіп жатқанын зерттеушілер соңғы кезде жиі мәселе етіп көтеріп жүр: «…мектептен бастап «мынау – и» деп орыс тіліндегідей жіңішке айтқызып үйретіп, сонан соң жартыкеш емлеге сүйеніп, қазақ сөзін ми деп жазып қоямыз.Сөйтіп, қазақтың ый, ій деген дыбыс тіркесін орыстың и деген дауысты таңбасына байлап беріп, ми деп жазып, кейінгі ұрпақты мый деп айтқыза алмай әлек болып келеміз. Осыдан кейін баланың қазақтың мый деген сөзін ми деп жіңішке айтпасқа амалы жоқ» . Ал сауат ашу бүлдіршіндерден басталатынын ескерсек, қазақ тілі дыбыстарының жазылым және айтылым ережелеріне өте мұқият болу керек болады. Енді оқу-құралдарында берілген қазақ тілінің дыбыс құрамын талдап-таратып көрейік. Қазақ тілінің төл дыбыстары қою шаршымен бөлектеніп тұр. Оның ішінде у таңбасының айтылымы ағылшын таңбасымен әдейі беріліп отыр. Өйткені оның дәл айтылымы осы фонетикалық таңбаға сай келеді. Кестеге қарап қазақ тілі дыбыстарының қаншалықты күрделеніп кеткенін байқаймыз. Ендеше, теориялық фонетика мамандары, теориялық әдістеме мамандары жоғары оқу орындарының оқытушылары және практик мұғалімдер болып бас қосып шешетін күрделі мәселе – мектеп оқулықтарындағы қазақ тілінің дыбыс құрамын оңтайлау, яғни әрбір әріпке қатысты дыбыстың айтылым анықтамасын дұрыс беріп, бала тілін дұрыс қалыптастыру. Оқу-әдістеме саласының мұндай маңызды шарасы «Сауат ашудан» басталу керек. Олай болмаған жағдайда қазақ сөзінің айтылым үлгісінде көп ұзамай-ақ үлкен өзгерістер болуы мүмкін. 279 Балабақша және бастауыш сынып оқушылары үшін әртүрлі суретті оқу құралдары (кітапшалар, плакаттар, кестелер т.б.) шығып жатыр.Олардың мазмұн желісі қазіргі қазақ әліпбиінің тізілім реті бойынша құрылады. Сондықтан да әр таңбаға (әріпке) берілетін сөздер мен мысалдар әліпби ретін сақтайды: а әрпінен басталып, я әрпімен аяқталып жатады. Бұл жалпы сауат ашу саласындағы қабылданған дәстүрлі амал болып табылады. Әрбір таңбаға берілетін мысалдардың да ауқымы белгілі.Мысалы, а таңбасына алма, ай немесе ата тәрізді сөздер алынып отырады.Әрине оқу-әдістемелік тұрғыдан бұл әдістің пайдалы екеніне күмән жоқ. Қажетті дыбыстың айтылым және естілім моделін оқушы санасына сіңірудің төте жолдарының бірі – осы. Алайда, ондай оқу құралдары оқу бағдарламасына лайық қазіргі 42 таңбаны түгел қамтитын болғандықтан, қазақ тілінің төл дыбыстарының орны ауысып кетіп жатыр.Өйткені қазіргі емле тәртібі бойынша қазақ сөзінің құрамында бөгде әріптер кездесіп отырады.Сол бөгде әріптердің әсерінен қазақ сөзі де өз орнынан ауысып кетеді.Сөйтіп өзіне тән емес басқа бір таңбаның қарамағына еніп кетеді. Орны ауысып жүрген қазақ сөздері мол. Қазақ сөзінің айтылым үлгісі сақталатын болса, онда ит, ине т.б. сөздер и таңбасына емес, і таңбасына қатысты берілу керек.Өйткені ит, ине сөздерінің төл айтылымы ійт, ійне болып табылады.Ендеше і таңбасының айтылымына мысал ретінде берілетін сөздер и таңбасының айтылымына лайық мысал ретінде амалсыз беріліп отыр. Өйткені сөз и таңбасынан басталып тұр. Қазақ сөзінің айтылым үлгісі сақталатын болса, онда уық, уақыт, уыс т.б. сөздер у таңбасына емес, ұ таңбасына қатысты берілу керек. Өйткені уық, уақыт, уыс сөздерінің төл айтылымы ұуық, ұуақыт, ұуыс болып табылады. Ендеше ұ таңбасының айтылымына мысал ретінде берілетін сөздер у таңбасының айтылымына лайық мысал ретінде тағы да амалсыз беріліп отыр. Өйткені сөз у таңбасынан басталып тұр. Қазақ әліпбиінің құрамында я, ю таңбалары да жүр. Сөз басында кездеспегенімен, әліпби желісіндегі сөздердің орнын олар да ауыстырып жіберуге тікелей себеп болады. Көрнекі құралдардағы я таңбасына берілген сия, ұя т.б. сөздердің қазақы айтылым үлгісін ескеретін болсақ, онда ол сөздер а немесе й таңбаларының мысалы ретінде берілу керек. Өйткені сия, ұя сөздерінің қазақша айтылымы сыйа, ұйа болып табылады. Ендеше й немесе а таңбасының айтылымына мысал ретінде берілетін сөздер я таңбасының айтылымына лайық мысал ретінде тағы да амалсыз беріліп отыр. Өйткені сөздің құрамында я таңбасы тұр. Көрнекі құралдардағы ю таңбасына берілген аю, ою т.б. сөздердің қазақы айтылым үлгісін ескеретін болсақ, онда ол сөздер ұ, у немесе й таңбаларының мысалы ретінде берілу керек. Өйткені аю, ою сөздерінің қазақша айтылымы айұу, ойұу болып табылады. Ендеше й, ұ немесе у таңбасының айтылымына мысал ретінде берілетін сөздер ю таңбасының айтылымына лайық мысал ретінде тағы да амалсыз беріліп отыр. Өйткені сөздің құрамында ю таңбасы тұр. Мұндай қазақ тілінің айтылым емле-ережесіне кереғар келетін әліпби желісі сауат ашуды жаңа бастаған баланың тілін бұзары сөзсіз. Өйткені бір таңбамен берілген дыбыс тіркестерін бір дыбыс деп қабылдау қаупі бар. Сондықтан да көрнекі оқу құралдарын құрастырғанда қазақ сөзінің айтылым үлгілерін қатаң ескеріп отырған дұрыс. Қазақ тілі дыбыстарының артикуляциясын дұрыс айтып жаттықтыру үстінде туындайтын қиыншылықтармен қатар, мектепке арналған қазақ грамматикаларында дыбыстардың артикуляциялық сипаттамасын бергенде де үлкен үйлесімсіздікке ұрынып жатамыз. Енді көп сөз болып жүрген екі дыбысымыздың орфоэпиялық емлесіне тоқталайық (проф. Ә.Жүнісбек ұстанымын басшылыққа алдық). Өйткені бүлдіршіндер мен бірінші сынып оқушыларына арналған оқу-құралдарынан бастап иық, ине т.б. «сөздер и дауысты дыбысынан, уық, уыс т.б. сөздер у дауысты дыбысынан басталып жатыр» деп жалған түсінік береміз. Жуан әуезді сөздердің құрамында: Жуан (қысаң) әуезді Ы [ɪ] мен үнді (жуысыңқы) Й [y] дауыссызының тіркесі сөздің морфем және буын тұрқын бұзбай, тасымал ретін сақтау үшін ЫЙ [ɪy] болып жазылады: Сөз басында й[y] кездеспейді, сондықтан алдынан ы[ɪ] қосылады: иық (ыйық) [ɪ-yɪq]; Сөз ортасында: тиын (ты-йын) [tɪ-yɪn], қыйын (қы-йын), [qɪ-yɪn], жыйын (жы-йын) [jɪ-yɪn]; Сөз соңында: тый (тый), ылғый (ыл-ғый) [ɪl-ğɪy], сыный (сы-ный) [sɪ-nɪy], ысый (ы-сый) [ɪsɪy]; Жіңішке әуезді сөздердің құрамында: Жіңішке (қысаң) әуезді İ[i] мен үнді (жуысыңқы) Й[y] дауыссызының тіркесі сөздің морфем және буын тұрқын бұзбай, тасымал ретін сақтау үшін İЙ[iy] болып жазылады. Сөз басында кездеспейді, сондықтан алдынан і[i] қосылады: и (ій) [iy], иіс (і-йіс) [i-yis], ирек (ійрек) [iy-rek], ие (і-йе) [i-ye], ине (ій-не) [iy-ne]; Сөз ортасында: киім (кі-йім) [ki-yim], шие (ші-йе) [şi-ye], тиін (ті-йін) [ti-yin], сирек (сій-рек) [siy-rek]; Сөз соңында: ти (тій) [tiy], би (бій) [biy], бәлки (бәл-кій) [bäl-kiy], іскери (іс-ке-рій) [is-ke-riy]. 280 Кезек Ww дыбысымызға келді. Сонымен w таңбасының емле жазылымы төмендегідей болатынына тағы күмән тудырып керегі жоқ. Жуан әуезді сөздер құрамында: -жуан әуезді қысаң Ұ[u] мен үнді жуысыңқы У[w] дауыссызының тіркесі ҰУ[uw] болып жазылады; -сөз басында [w] кездеспейді, сондықтан сөз ұ[u] дауыстысынан басталады: у (ұу) [uw], уық (ұ-уық) [u-wuq], уыс (ұ-уыс) [u-wus], уақыт (ұ-уа-қыт) [u-wa-qɪt]; -сөз ортасында: туыс (тұ-уыс) [tu-wus], суық (сұ-уық) [su-wuq], жуан (жұ-уан) [ju-wan], шаруа (ша-рұ-уа) [şa-ru-wa], оқушы (о-құу-шы) [o-quw-şɪ]; -сөз соңында: ту (тұу) [tuw], су (сұу) [suw], бу (бұу) [buw], алу (а-лұу) [a-luw], толу (то-лұу) [to-luw], оқу (о-құу) [o-quw], қару (қа-рұу) [qa-ruw]; Жіңішке әуезді сөздер құрамында: -жіңшке әуезді қысаң Ү[ü] мен үнді (жуысыңқы) У[w] дауыссызының тіркесі ҮУ[üw] болып жазылады: -сөз басында [w] кездеспейді, сондықтан сөз ү[ü] дауыстысынан басталады: уіл (ү-уіл) [ü-wül], уәде (ү-уә-де) [ü-wә-de], ү-уәж (ү-уәж) [ü-wәj], уәли (ү-уә-лій) [ü-wә-liy], уәзір (ү-уә-зір) [ü-wә-zir]; -сөз ортасында: сурет (сүу-рет) [süw-ret], келуші (ке-ліу-ші) [ke-lüw-şi], сенумен (се-нүу-мен) [senüw-men], секіруге (се-кі-рүу-ге) [se-ki-rüw-ge], келуі (ке-лү-уі) [ke-lü-wi]; -сөз соңында: күлу (кү-лүу) [kü-lüw], тілу (ті-лүу) [ti-lüw], күту (кү-түу) [kü-tüw]. Ендеше [y], [w] дауыссыз дыбыстарының жазылым емле-ережесіне қатты мән беру керек демекшіміз. Сөз соңында жаңа мақұлданған латын әліпбиі бойынша мәтін беріп отырмыз. Úsh kúndik joldyń búgingi, sońǵy kúnine bala shákirt baryn saldy. Qoryqtan kún shyǵa atqa mineɪik dep asyqqan-dy. Buny qaladan alyp qaɪtqaly barǵan aǵaɪyny Baɪtasty da tań atar-atpasta ózi oɪatyp turǵyzyp edi. Kún uzyn attan da túspeɪ, ózge júrginshilerden oq boɪy alda otyrǵan. Keɪ-keɪde ózine tanys Kókúɪirim men Býratɪgen, Taqyrbulaq sɪaqty qonys-qudyqtardyń tus-tusyna kelgende bala oqshaý shyǵyp, astyndaǵy jaraý qula bestisin aǵyzyp-aǵyzyp ta alady… -Myna balanyń aýylǵa asyǵýyn-aɪ! Ендігі оқу-әдістемелік құралдар осы үлгі бойынша жүргізілетін болады, сондықтан байқау үлгі ретінде мәтін беріп отырмыз.
А.МОЛДАШОВА,
Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-нің оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты.