2004-2014 жж. аралығында Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың бастамасы мен қолдауы нәтижесінде іске асырылған «Мәдени мұра» бағдарламасы ұлттық құндылықтар мен ел тарихына өлшеусіз үлес қосқан іс-шара болғандығы белгілі. Міне, сол бағдарламаның екінші кезеңінде елдің мәдени мұрасын зерделеуге, сақтауға, қалпына келтіруге және тиімді пайдалануға бағытталған шаралар кешенін іске асыруды қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 10 желтоқсандағы № 1203 Қаулысымен 2007-2009 жж. арналған «Мәдени мұра» салалық бағдарламасы бекітілді, ал, 2008 ж. 6 қарашадағы № 1016 Қаулысы негізінде 2009-2011 жж. арналған «Мәдени мұра» ұлттық жобасының тұжырымдамасы күшке енді. Осы бағдарламалық құжаттар негізінде Ескі Түркістан қаласының тарихи-мәдени, рухани және әскери бекіністік құрылымдары археологиялық-сәулеттік, тарихи-деректік тұрғылардан зерттеліп, консервация, реконструкция немесе регенерация жасалуы тиіс нысандар тізімі бекітілді. Аталған тізімге енген, халық арасында «Төрт қақпалы Түркістан» деген атпен белгілі, ХІХ ғ. қалған Жеті ата, Тәкиә, Мүсәллә және Дарбаза қақпаларының дәл орындары анықталып, археологиялық зерттеулер жүргізілді.
ХІХ ғасырдағы Түркістан қаласының картографиялық сызбалары Ресейдің Орталық мемлекеттік әскери және тарихи мұрағаттар қорынан алынған болатын. Қолымызда қаланың орыс әскери инженерлері 1864, 1865, 1875, 1883 және 1900-1910 жж. түсірген план-схемалары мен 1951 ж. қаланың ортағасырлық бөлігінің жобасы, 1973-1983 жж. аэрофотосуреттері, қала тұрғындарынан жинақталған ауызша, жазбаша деректер т.б. болды.
Біз бұл жерде аталған құжаттардың барлығына талдау жасамай-ақ қақпаларға қатыстыларына ғана тоқталмақпыз. Қақпалардың атаулары жайлы 1994 ж. шыққан Оңтүстік Қазақстан облысының ескерткіштер шежіресінде «Дарбаза қақпа, Мүсәллә қақпа, Жеті ата қақпа, Ишан қақпа» деп беріледі. Қала тұрғыны, белгілі журналист К.Керімбековтың көнекөз қария, ата-бабасынан осында тұрып келе жатқан Халил Абдулқасимовтан алған сұхбатында Ишан қақпаның екінші атауы «Тәкиә» немесе «Тәкиә ата» екендігі жайлы айтылады. Ал, қаланың бесінші қақпасы жайлы қаланың рабад бөлігінде туып өскен Өтегенов Наушарбай ақсақалдың айтуынан қызықты дерек алдық. Бұл қақпа Күлтөбе Ясы қаласының шығыс бұрышында орналасқан болып шықты. Алайда, қақпаның екі жанында қорғаныс мұнаралары болмаған, жай ғана қала қорғанын ойып екі жақтаулы үлкен есік-дарбаза орнатқан. Тап осы жерде үш бағытқа кететін жолдар, көшелер түйісетін болған. Бір ерекшелігі олардың іздері әлі күнге дейін сақталған. Бір бағыт қазіргі Алматы алаңы арқылы Шобанақ, Оранғай, Құшата, Дәуленбай, Ойық бағытымен Тұрлан асуы арқылы Шолаққорған, Созақ, Құмкентке өтетін, екіншісі – қазіргі Рабия сұлтан Бегім көшесі арқылы Әбд әл-Мәлік, Иқанға кететін, ал, үшіншісі — терең де кең арық түрінде әлі күнге дейін сақталған Гаухар ана, Арыстан баб, Отырар бағытындағы жол. Қақпа «Иқан қақпа» деген атпен белгілі. Бұл қақпалардың орынын қаланың орыс әскери инженер-картографтарының 1864 жылы түсірген планынан да көреміз. Құжатта негізінен кесене орналасқан қала цитаделі мен қаланы қоршаған ұзындығы 3,5 шақырымдық қорған қамал, оның 11 мұнарасы, қақпалары көрсетілген. Ал, 1875 ж. түсірілген планда барлық 11 мұнара мен қақпалар көрсетілген, тек Мүсәллә қақпасы бұзылып, ашық қалдырылғанын көреміз. Сонымен бірге бұл құжатта қаланың барлық көшелері, мәхәллә-кварталдары, қаланы қоршаған ор қоса берілген. Қақпалар Жеті ата, Тәкиә (Ишан), Мүсәллә, Иқан, Дарбаза қақпа деген атпен белгілі және бұл планды қаланың 1951 ж. орттағасырлық бөлігімен сәйкестендіргенімізде, бұл тұста қаланың солтүстік-шығыс және шығыс беттерінің ғана қамал қорғаны ізінің сақталмағаны анықталды, ал, қалғандары биік жал түрінде сақталған.
Дегенмен, Мүсәллә, Дарбаза қақпалар тегістеліп, асфальт төселіп кеткен. Дарбаза қақпасының тарихи дәл орыны «Ясы» қонақ үйі мен университет жатақханасының арасындағы асфальт жолдың астында қалғандығы есептеліп шығарылды.
«Төрт қақпалы Түркістан» атауына келсек бұл сөздің қақпалар санына байланысты шығуы да күмән туғызады, қаланың ХVІІ ғ. аяғы мен ХVІІІ ғ. басындағы планына қарасақ оның солтүстік беті мен оңтүстік бетінде үш-үштен алты қақпасы болғандығын көреміз. Бұл планды да 1951 ж. қала планымен сәйкестендіріп, бес қақпаның орынын дәл анықтадық, алтыншысын 1975 ж. кесененің солтүстік жағындағы шахристанын тегістегенде жойып жіберген болып шықты. Төрт қақпа жайлы сөз Қоқан әмірлігінің бұйрығымен 1843-1849 жж. аралығында қаланы жаңа қорған қамалмен қоршаған тұста жаңа жерге көшіріліп қайта салынған Жеті ата, Тәкиә, Мүсәллә, Дарбаза қақпаларына байланысты шыққан сияқты, ал Иқан қақпасы көп кейін, орыс әскери гарнизоны Мүсәллә қақпасын жойып орнына диаметрі 15 метрлік мұнара тұрғызған соң ғана, қамал қорғанды ойып салынған сияқты, сондықтан да оның екі жағында мұнаралары болмаған.
ХVІІ – ХVІІІ ғғ. және 1875 жыл мен 1951 жылғы пландарды салыстыра отырып, ХVІІ ғ. алты қақпаның бесеуі 1843-1849 жж. жаңа жерге, үлкейтілген (35 гектардан 88,7 гектарға дейін) қала қорған қамалдарының бойына көшірілгенін байқаймыз. Бұлардағы қала қақпаларының ХVІІ ғ. пландағы нөмірлері 1975 ж. және 1951 ж. пландарымен сәйкес келеді.
Жеті ата қақпасының орыны анықталған соң Түркістан археологиялық отряды 2009 ж. сәуір-маусым айларында қазба жұмыстарын жүргізді. Қақпа атауы қала сыртында оған қарама-қарсы орналасқан Жеті ата мазаратына байланысты шыққан. Бұл мазаратта Қожа Ахмет Ясауидің бір молаға жерленген жеті мүридінің кесенесі болған, оларды халық «Жеті ата» деп атап кеткен. Қақпадан қалаға енген соң Ахмет Ясауидің кесенесіне дейін баратын Жеті ата магистралді көшесі басталады. Қақпа алдындағы ор үстіне Бабырат ата көпірі салынған, 1910 ж. түсірілген суреттен осы көпір мен қақпаның оңтүстік мұнарасының қалдығын және оның солтүстік бетіндегі төбесі тегіс етіліп жабылған Үндемес ата мен Баба Ғаріб кесенелерін, олардың арғы бетіндегі Баб Араб мешітінің күмбезін анық көреміз. Бұл аталған ескерткіштердің барлығы 2009-2011 жж. аралығында зерттеліп, эскиздік және сәулеттік жобалары дайындалған.
Қазба барысында қақпаның мұналары іргелерінің қалдығы аршылды. Диаметрі 8 метрден сәл асатын мұнаралар бірнеше ірі-ірі жөндеуден өтіп диаметрі 10 метрге дейін жеткен. Биіктігі де 8-9 метрден аспаған. Іші қуыс, екі қабатты, күзетшілерге арналған бөлмелер мен баспалдақтары да қарастырылған. Мұндай қақпалар Орта Азия мен Қазақстан қалаларының кейінгі ортағасырлық кезеңдерінде (ХVІ – ХІХ ғғ.) көптеп кездеседі. Негізгі қабырғасы пахса мен кесектен тұрғызылған, типтік қақпалар түріне жатады.
Екінші қақпа – Тәкиәда да археологиялық қазба 2009 ж. сәуір-мамыр айларында қатар жүргізілді. Оның ерекшелігі – мұнаралары төрт бұрышты болып орналасуында, тек бұрыштары тік емес, иіліп, дөңгеленіп келген. Мұндай қақпаның біреуі Бұқарада сақталған және ХVІІІ ғасырмен мерзімделеді. Осыған қарап, Түркістан қаласын ұзындығы 3,5 шақырымдық қорғанмен қоршаған кезде Қоқан әмірлігі жан-жақтан ұсталар жалдаған болуы керек деп жобалауға негіз бар. Себебі, Бұқарадан басқа өзбек қалаларында төрт бұрыштанып келген мұнаралы қақпалар кездесе қоймайды. Қақпа іргесі өте жақсы сақталған, ішкі бетіне жапсырыла салынған қосымша бөлмелері де, екі жағынан келіп түйісетін қорған қабырғалары да (ені – 2,5 м, биіктігі – 6 м) аршылып зерттелді.
Қақпа атауы «Тәкиә» деген сөз төркіні дәруіштер, сопылар, олардың шәкірт-мүридтері топталып, зікір салатын жер деп көрсетеді араб-парсы сөздігінде.
Белгілі ғалым А.Машанов «Тәкиә» дегенді «қонақ үй» деп түсіндіреді (Құнанбайдың Меккедегі тәкиәсі).
Үшінші қақпа «Мүсәллә» Әзірет Сұлтан кесенесі алдындағы жұма намазын оқитын алаңның атымен аталған. Арабша – «мүсәллә» — аллаға табыну, намаз оқу, ал «мүсаллә ал-ид» — мейрамдарда намаз оқитын жер дегенді білдіреді. 1864 ж, планда Мүсаллә қақпасы сыртынан ормен қоршалған екі мұнаралы қақпа түрінде берілген, ал, 1865 ж. қаланың осы шығыс бұрышын түсірген планда бұл жерде диаметрі 15 метрлік алып мұнара ғана бейнеленген және цитаделдің оңтүстік мұнарасы мен осы мұнара арасын қалың дуалмен өріп қосқаны көрінеді. Мұндай дуалмен цитаделдің солтүстік мұнарасы мен қаланың шығыс беттегі қорған қамалы арасын да қосып, орыс әскери гарнизоны қаладан оқшауланғаны байқалады. Мүсәллә қақпасы қиратылып оның шығыс мұнарасы барынша үлкейтілгені көрініп тұр. Сірә, бұл оқ атқан кезде артқа қарай сырғып кететін (откат) үлкен зеңбіректер қою үшін жасалған әрекет сияқты. 2009 ж. жүргізілген қазба жұмыстары қақпаның шығыс мұнарасы астынан 170-220 см тереңдікте орналасқан, қалың лай қабатынан тұратын іргетас бар екендігін көрсетті. Оның сақталған бөлігінің диаметрі аса ірі құрылыстың нобайын көрсетеді. Бұл іргетас 1865 ж. пландағы орыс гарнизоны қайта салған мұнараныкі екендігі анық. Қоқандықтар ХІХ ғ. салған қақпадан із де қалмаған, дегенмен, 160-170 см тереңдіктен қала қорған қамалы мен тұрғын үйлердің іргелері аршылды. Қақпа сақталмағандықтан Мүсәллә қақпасының орынына цитадел қақпасының көшірмесін тұрғызуға Мәдениет министрлігі мен «Қазқайтажаңғырту» мекемесінің білікті мамандары арнайы шешім қабылдады. Қақпаның мұндай түрі Орта Азия қалаларында көптеп сақталғандығымен белгілі.
Төртінші Дарбаза қақпасы жоғарыда айтқанымыздай, «Ясы» қонақ үйі мен жатақхана арасындағы асфальт жолдың астында қалғандықтан 1885 ж. «Живописная Россия» атты кітапта жарияланған литографиялық сурет негізінде қалпына келтірілді. Литографияның өзі фотосуреттен дәлме-дәл көшіріліп жасалғандықтан оның өлшемдерін табу қиындық туғызған жоқ. Алайда өзінің тарихи орнына (қонақ үймен жатақхана арасы) орналастыру мүмкін болмағандықтан және қаладан оқшау, көрінбейтін жерге тұрғызу туристік нысан ретіндегі мәнін жою қаупін туғызатыны ескеріліп, 200-250 метрдей шығысқа қарай жылжытылды. «Дарбаза» атауы осы тұстан қала орына су құю үшін Жіңішке каналынан тартылған үлкен арықтың атынан шыққан. «Дарбаза» сөзінің өзі де «қақпа» деген мағына береді. Бұл қақпаларды қайта қалпына келтіру әлі жарты тірлік, ендігі кезек олардың арасындағы қорған қамалдарды да қайта қалпына келтіру. Сонда ескі қаланың келбеті мен мұндалап тұрмақ.
Өз тілшімізден