Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Түркістан » Түркістанда мемлекеттік және ұлттық кәсіби мейрамдар аталып өтуде

Түркістанда мемлекеттік және ұлттық кәсіби мейрамдар аталып өтуде

Түркістан қалалық кітапханалар жүйесінің жылдық жоспарына сәйкес, кітапханаға қарасты қалалық мекемелерде жыл бойы әр түрлі тақырыптар бағыты қамтылған қоғамдық маңызы бар мерекелік, мерейтойлық және атаулы күндердегі өзекті іс-шараларды өткізу жоспарланып, ұйымдастырылуда. Солардың бірі, Қазақстан Республикасының мемлекеттік және ұлттық кәсіби мейрамдарына арналған іс-шаралар топтамасы. Қалалық кітапхана қызметкерлері жыл ішінде өткізілген мерекелер барысында оқырмандардың қатысуымен түрлі «дөңгелек үстелдер», тақырыптық кештер мен көрмелер, танымдық сағаттар, зиялы қауым өкілдерімен кездесулер ұйымдастырып отырады.

Осы орайда, Түркістан қалалық кітапханалар жүйесіне қарасты қалалық мекемелердің ұйымдастыруымен мемлекеттік және кәсіби мерекдер туралы өткен тақырыптық іс-шаралардың бірқатарын ұсынып отырмыз.

Әлемде қанша ұлт болса, сонша мереке бар. Бірақ мерекенің де мерекесі болатыны белгілі. Қай ұлт болмасын жалпыхалықтық тұрғыда белгіленген мерекелері мен атаулы күндері болады. Оның арасында ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, ата-баба дәстүріне сай тойланатындары өз алдына бөлек әңгіме, сонымен бірге өздері тұратын мемлекеттің барлық тұрғындарына (діні мен нәсіліне қарамай) ортақ мерекелер де баршылық. Мысалы, «тәуелсіздік күні», «қорғаныс күні», «конституция күні», «ту күні» болып жалғаса береді.

Қазақстан Республикасының мемлекеттік және ұлттық кәсіби мейрамдары:

  • Ұлттық мерекелер — Қазақстан мемлекеттiлiгiнiң дамуына елеулi ықпал еткен, ерекше тарихи маңызы бар оқиғалардың құрметiне Қазақстан Республикасында белгiленген мерекелер. Ұлттық мерекелердi мейрамдау кезiнде орталық және жергiлiктi мемлекеттiк органдарда ресми iс-шаралар өткiзiледi.
  • Мемлекеттiк мерекелер — қоғамдық-саяси маңызы бар оқиғаларға арналған, сондай-ақ Қазақстан Республикасының азаматтары дәстүрлi түрде атап өтетiн мерекелер. Мемлекеттiк мерекелердi мейрамдау кезiнде ресми iс-шаралар өткiзiлуi мүмкiн.
  • Кәсiби және өзге де мерекелер — ұлттық және мемлекеттiк мерекелер мәртебесi берiлмеген, азаматтардың жекелеген санаттары атап өтетiн мерекелер.

Түркістан қалалық орталық кітапхана мен Ата-түрік атындағы №17 жалпы орта мектебінің 7-8 сынып оқушылары арасында 1 мамыр  — Қазақстан халқының бірлігі күніне орай «Достық. Ынтымақ. Бірлік» атты тақырыпта мерекелік іс- шара болып өтті. Іс — шараның мақсаты өзге ұлт өкілдерінің мәдениетін, әдет- ғұрпын сыйлауға үйрету, жастарды патриотизмге, елін, жерін сүюге және халқын құрметтеуге тәрбиелеу. Іс — шарада №17.Ата- түрік атындағы жалпы орта мектебінің 7-8 сынып оқушылары Ахметов У, Миркамилова А, Каумбаева М, Махаматханова З, Махаматханова Ф, Абдусаттарова Н, Алимжанова Х, Усманова Н, Джунаева, Адумаликова бірлік, татулық, ынтымақ, достық туралы жыр шумақтарын жатқа, мәнерлеп айтса, Түркістан қалалық орталық кітапхананың кітапханашылары Аманкулова Жәудір мен Имамбердиева Гүлмира «Ынтымақ  құт – береке бастауы» атты кітап көрмесімен таныстырып өтті.

Сонымен қатар, балалар кітапханасы «Қазақстан татулықтың тірегі, достықтың бесігі» атты тақырыпта әдеби – музыкалық композиция,  №3 кітапхана-филиалы «Қазақстан қара шаңырағым» атты  тақырыптық көрме, орталық кітапхана «Тарихы құнды, болашағы нұрлы- Қазақстан», «Түркістан — рухани құндылығымыздың астанасы»  атты кітап көрмесі, №8 кітапхана-филиалы «Ынтымақ, бірлігі жарасқан Мәңгілік ел Қазақстан» атты мерекелік кеш,  №7 кітапхана-филиалы «Татулығымыз – тұрақты, бірлігіміз – берік, бақытты елміз!» атты дивертисмент кеш болып өтті.

1 мамыр Қазақстан халықтары бірлігі күніне орай №1 кітапхана-филиалының ұйымдастырумен Н.Төреқұлов мектебінің  оқушыларымен «Бірлігі жарасқан елміз»  атты тақырыптық кеш болып өтті. Кеш барысында  өзге ұлт өкілдері азербайжан, түрік, орыс ұлтының бүлдіршіндері өнер көрсетті.

Кештің мақсаты «Бірліксіз тірлік болмайды» дейтін қазақ үшін бұл мейрамның орны ерекше екендігін, бір тудың астында тату-тәтті тірлік кешіп жатқан 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкілдерінің салт дәстүрін насихаттау,  ұрпаққа өнеге ету.

Түркістан қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты орталық кітапхананың оқу залында 8-наурыз Халықаралық әйелдер күніне орай «Мейірім бұлағы, шапағат шынары-Ана!» атты жұлдызды сәт болып өтті. Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, қаламгер Нарымбетова Роза Сыздыққызы, М.Мәметова атындағы №6 жалпы орта мектебінің директоры, мәслихат депутаты Ибадуллаева Рая Серікбайқызы, Түркістан қаласының «Жыл адамы — 2014», ҚР Мәдениет қайраткері, зейнеткер, еңбек ардагері, қалалық әйелдер алқасының мүшесі Сержанова Раушан Нұрпейісқызы, Түркістан қалалық балалар саз мектебінің ұстазы, ақын, сазгер, әнші сегіз қырлы, бір сырлы Өтеуова Қаламқас  Парманқызы, аяулы ана, зейнеткер кітапханашы, қалалық әйелдер алқасының мүшесі Тойлақова Раушан Тыштықбайқызы  жұлдызды сәттің жұлдызды қонақтары шара барысында қойылған сұрақтар аясында керемет өздерінің мәнді де, мағыналы жауаптарымен қатар  ыстық ықылас, тілектерін білдірді.

Шара барысында кітапхана қызметкерлері аналар мен аруларға арнап, ақын-жазушыларының туындыларынан үзінділер оқып, әсем әндер мен күйлер орындады. «Әйел-ана, әйел – Әлем, әйел – Нұр!» атты кітап  көрмесі ұйымдастырылды. Көктемнің алғашқы мерекесі аруларға, аналарға ерекше қуаныш пен шаттық сыйлады. Мерекелік кеш келген әрбір адамның жүрегіндегі анаға деген махаббаты мен құрметін арттырып, бір сәтке болса да аналарын қуанту үшін әлемнің асылын сыйлауға асықтырғаны анық.

Түркістан қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің кітапханаларды дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен орталық кітапханада Ұлыстың Ұлы күні наурыз мерекесіне орай «Наурызым- мерекем, Наурызым — берекем!» атты наурызды думан болып өтті. Наурызды думан өте керемет өтті. Сыйлы қонақтар да болды, Наурыз дастарханы жайылды, әсем ән де, сән де, ұмыт қалған дәстүрді дәріптейтін сахналық көрініс те болды.

Сонымен қатар,  №9 кітапхана-филиалы «Наурыз көңілдің әні»  атты салт-дәстүр  кеші, №2 кітапхана-филиалы «Нұр жауғызған, әз-Наурыз» жыр кеші, балалар кітапханасы «Күлімде наурыз, күлімде!» танымдық сағат ұйымдастырды.

Түркістан қалалық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен Елордасының туған күніне орай «Әсем әнім — Нұр-Сұлтан» атты ән — жыр кешкілік концерттік бағдарлама «Керуен сарай» туристік кешені, Алтын самұрық сахнасында болып өтті. Мақсаты жастарға Астана туралы деректермен кеңінен таныстыру, Отанға деген сүйіспеншілігін арттыру, елжанды азамат болуға тәрбиелеу. Кеште қалалық мәдениет үйінің өнерпаздары би билеп, әсем әндер шырқады. Кеш барысында қала қонақтары мен тұрғындары арасында викториналық сұрақтар қойылып, әр жеңімпаз арнайы сыйлық алып, кеш мәдениет үйінің әншілерінің концертіне ұласты.Кеш соңында қала қонақтары мен тұрғындар Түркістан қалалық орталық кітапхананың «Нұр-Сұлтан — алты алаштың рухани темірқазығы» атты кең көлемде жасалған кітап көрмесімен танысты.

Қазір өзгерістер уақыты. Біз жаңа Қазақстан дәуірінде өмір сүріп отырмыз. Қазақ мемлекетінің тәуелсіз ел ретіндегі қоғамды біріктіруші, тұтастандырушы функциясының ең басты белгілерінің бірі – мемлекеттік мерекелерді ұлттық рухта ұйымдастыра, ұжымдастыра білуінде емес пе!

 

Пікір жазу