Шымкент қаласының сауда және логистика саласында маңызды жобалардың бірі – Food City көкөніс пен жеміс-жидекке арналған көтерме логистикалық сауда орталығы өз жұмысын бастады. Жаңа нысан ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер мен тұтынушыларды тікелей байланыстырып, өңірдегі азық-түлік саудасының жаңа кезеңіне жол ашпақ.
Жалпы аумағы 5,2 гектарды алып жатқан орталықтың сауда алаңы 30 мың шаршы метрді құрайды. Мұнда 300 сауда орны жұмыс істейді. Жобаның іске қосылуы нәтижесінде 800-ге жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылды.

Food City-дің басты артықшылығы – шаруалар өз өнімдерін делдалсыз өткізе алады. Бұл бір жағынан өндірушілердің табысын арттыруға мүмкіндік берсе, екінші жағынан тұрғындардың сапалы көкөніс пен жеміс-жидекті қолжетімді бағамен сатып алуына жағдай жасайды. Мамандардың айтуынша, мұндай сауда жүйесі бағаның тұрақтылығына да оң әсер етеді.

Жобада әлеуметтік жауапкершілік мәселесі де назардан тыс қалмаған. Көпбалалы отбасыларға, ерекше қажеттілігі бар бала тәрбиелеп отырған ата-аналарға және әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға қолдау көрсету мақсатында 20 сауда орны тегін ұсынылған.
Орталық тек ішкі нарыққа ғана емес, халықаралық әріптестікке де бағытталған. Қазіргі таңда Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Ресей және Қытайдан ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізу бойынша байланыстар жолға қойылған. Бұл импорттық өнімдердің тұрақты жеткізілуіне және өңірдің сауда айналымының артуына ықпал етеді.

Кәсіпкерлер мен келушілерге барлық қажетті жағдай жасалған. Аумағында 450 автокөлікке арналған кең автотұрақ бар. Ал ғимараттың екінші қабатында жүк көлігінің жүргізушілеріне арналған демалыс бөлмелері, жатын орындар, жуыну бөлмелері және спортпен айналысуға арналған тренажер залы жабдықталған.
© Didarbek.kz