Шымкент қаласының Бас жоспарын жүзеге асыру мақсатында Жер қатынастары басқармасы тарапынан жер учаскелері мен басқа да жылжымайтын мүліктерді мемлекет мұқтажына мәжбүрлеп иеліктен шығару жұмысы жүргізілуде.
Қазіргі таңда қала аумағындағы жол инфрақұрылымын дамыту үшін Бәйдібек би даңғылына балама жол саналатын С.Бәйтереков көшесінің жалғасы – Ы.Алтынсарин көшесін (Алматы көшесінен Тұран шағынауданына дейін) қайта құру нысанының құрылысына түсетін жер учаскелері толық мемлекет мұқтажына қайтарылды. Үйлер мен басқа да жылжымайтын мүліктер бұзылып, жол құрылысы қарқынды жүргізілуде.
Сонымен қатар, Таскен тұрғын алабындағы Ақсүмбе көшесін жалғастыру құрылысына түсетін 37 жер учаскесі мен жылжымайтын мүліктерді мемлекет мұқтажына алу туралы Шымкент қаласы әкімдігінің қаулысы қабылданып, тиісті жұмыстар басталған.
Жол құрылысын оңтайландыру және осы аумақ тұрғындарының өтініштеріне сәйкес, Шымкент қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы тарапынан жолдың жобасына өзгерістер енгізілуде.
Мемлекет мұқтажына жер учаскелері мен басқа да жылжымайтын мүліктерді иеліктен шығару барысында барынша ашықтық, қолданыстағы заңда көзделген принциптер толық сақталады.
Жер учаскелерін мемлекет мұқтажына алу барысында меншік иелеріне заңнамаға сәйкес толық көлемде өтемақы төлеу қарастырылған. Бағалау жұмыстары тәуелсіз сарапшылар арқылы жүргізіліп, мүліктің нарықтық құны ескеріледі. Сонымен қатар, әрбір меншік иесімен жеке түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылып, келіссөздер ашық форматта өтуде.
Аталған инфрақұрылымдық жобалардың іске асырылуы қаладағы көлік қозғалысын жеңілдетіп, жаңа тұрғын алаптардың қолжетімділігін арттыруға бағытталған. Жол желісінің кеңеюі жедел жәрдем, қоғамдық көлік және коммуналдық қызметтердің уақытылы жетуіне де оң әсерін тигізеді.
Туындаған сұрақтар мен ұсыныстар бойынша тұрғындар жергілікті атқарушы органдарға немесе жауапты басқармаларға тікелей жүгіну мүмкіндігіне ие. Барлық өтініштер белгіленген тәртіппен қаралып, әрбір жағдай бойынша заң шеңберінде шешім қабылданады.