Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Шымкент » ШЫМКЕНТТЕ ЖЫЛ БАСЫНАН БЕРІ ЗАҢСЫЗ 106 НЫСАН АНЫҚТАЛДЫ

ШЫМКЕНТТЕ ЖЫЛ БАСЫНАН БЕРІ ЗАҢСЫЗ 106 НЫСАН АНЫҚТАЛДЫ

Шымкент қаласында құрылыс нормаларын бұзып, заңсыз салынған нысандарға қатысты мониторинг және бақылау жұмыстары күшейтілді. Нәтижесінде жыл басынан бері қала аумағында 106 заңсыз құрылыс нысаны анықталып, оның 56-сына қатысты тиісті шаралар қолданылды.

Анықталған нысандардың басым бөлігі Абай ауданында тіркелген. Атап айтқанда, Абай ауданында – 39, Әл-Фараби ауданында – 19, Еңбекші ауданында – 17, Қаратау ауданында – 21, Тұран ауданында 10 нысан анықталған.

Бұдан бөлек құрылыс нысандарын бақылау және қадағалау бағытында 72 құрылыс объектісіне тексеру жүргізіліп, жалпы көлемі 61,6 млн теңге айыппұл салынды.

Оның ішінде:

  • заңсыз құрылыстар бойынша 59 нысанға – 42,4 млн теңге,
  • құрылыс сапасына қатысты 8 нысанға – 8,6 млн теңге,
  • үлестік құрылыс талаптарын бұзған 5 нысанға – 10,6 млн теңге айыппұл салынған.

Сонымен қатар лицензиялық бақылау аясында 442 құрылыс мекемесіне 86,1 млн теңге көлемінде айыппұл салынып, лицензиялары 6 ай мерзімге тоқтатылды.

Жалпы жүргізілген бақылау жұмыстарының нәтижесінде жергілікті бюджетке 147,6 млн теңге көлемінде түсім өндірілген.

Заңсыз құрылыс нысандарын анықтау және олардың алдын алу жұмыстары алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасады. Бұл бағытта қала аумағында тұрақты мониторинг жүргізіліп, жаңа салынып жатқан объектілердің құжаттарының заң талаптарына сәйкестігі мұқият тексерілуде.

Сонымен қатар құрылыс саласындағы ашықтықты арттыру мақсатында цифрлық бақылау тетіктері енгізілуде. Арнайы ақпараттық жүйелер арқылы рұқсат құжаттары, жобалық-сметалық құжаттама және құрылыс барысы кезең-кезеңімен қадағаланып отырады.

Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін тұрғындардың да белсенділігі маңызды рөл атқарады. Осыған байланысты заңсыз құрылыс фактілері байқалған жағдайда жедел хабарлау арналары арқылы тиісті органдарға ақпарат беру мүмкіндігі қарастырылған.

Алдағы кезеңде құрылыс саласындағы тәртіпті күшейту, заң бұзушылықтарды азайту және қаланың сәулеттік келбетін сақтау мақсатында жауапты мекемелердің бақылау жұмыстары одан әрі жетілдіріле түспек.

 

Пікір жазу