Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Шымкент » ХАЛЫҚ ҚАТЫСАТЫН БЮДЖЕТ: ОЙЫН АЛАҢШАЛАРЫ ЖАҢАРТЫЛУДА

ХАЛЫҚ ҚАТЫСАТЫН БЮДЖЕТ: ОЙЫН АЛАҢШАЛАРЫ ЖАҢАРТЫЛУДА

Шымкент қаласында тұрғындардың қатысуымен жүретін «Халық қатысатын бюджет» жобасы жүзеге асырылып келеді. Осы бағытта әр ауданда тиісті жұмыс атқарылуда.

Мысалы, Әл-Фараби ауданында жоспарға сәйкес 40 мекенжайда заманауи үлгідегі балалар ойын алаңшаларын орнату көзделген. Оның ішінде 5 аулада тұрғындардың бұқаралық спортпен айналысуына жағдай жасау мақсатында кешенді ашық спорт алаңшалары мен балалар ойын алаңшаларын салынады. Бұл нысандар заманауи талаптарға сай жабдықталып, қауіпсіздік стандарттарына сәйкес арнайы құрылғылармен қамтамасыз етіледі.

Бүгінде жоба аясындағы жұмыс кезең-кезеңімен жүргізілуде. Жеті мекенжайда абаттандыру және балалар ойын алаңшаларының құрылыс-монтаж жұмысы басталды. Мердігер мекемелер аумақтарды тазалап, ескі құрылымдарды демонтаждайды, жерді тегістеп, инфрақұрылым желілерін ретке келтіреді, сонымен қоса арнайы қауіпсіз жабын төсейді және жаңа ойын элементтерін орнатады.

Нәтижесінде аудан аумағындағы ойын алаңшалары жаңартылып, спорт алаңшалары көбейеді, тұрғындарға қолайлы әрі заманауи инфрақұрылым қалыптасады.

Айта кетейік, «Халық қатысатын бюджет» жобасы тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға, елдімекендердің инфрақұрылымын дамытуға және қолайлы әрі қауіпсіз қоғамдық орта қалыптастыруға бағытталған.

Жобаның басты ерекшелігі – тұрғындардың өз аумағын дамытуға тікелей қатысуында. Азаматтар өз ұсыныстарын енгізіп, басым жобаларды таңдауға мүмкіндік алады. Бұл өз кезегінде жергілікті маңызы бар мәселелерді тиімді шешуге және халықтың сұранысына сай инфрақұрылым қалыптастыруға ықпал етеді.

Жаңартылатын ойын және спорт алаңшалары балалар мен жасөспірімдердің бос уақытын тиімді ұйымдастыруға, салауатты өмір салтын насихаттауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар мұндай қоғамдық кеңістіктер көршілер арасындағы қарым-қатынасты нығайтып, аула мәдениетінің дамуына оң әсер етеді.

Абаттандыру жұмыстары аяқталғаннан кейін тұрғындар үшін жайлы әрі қауіпсіз орта қалыптасып, ауданның сәулеттік келбеті жақсара түседі. Заманауи ойын құрылғылары мен спорт нысандары барлық жас санатындағы тұрғындардың қажеттіліктерін ескере отырып орналастырылады.

Алдағы уақытта жоба аясында жүзеге асырылатын бастамалар қаланың инфрақұрылымын жетілдіруге және тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға бағытталады. Осылайша «Халық қатысатын бюджет» тетігі халық пен жергілікті билік арасындағы өзара байланысты нығайтып, қаланы дамытудағы маңызды құрал ретінде өз тиімділігін көрсетіп келеді.

 

Пікір жазу