Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Шымкент » КӨШПЕЛІ КЕЗДЕСУ: ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ӨТІНІШТЕРІ БОЙЫНША ЖҰМЫС ЖҮРГІЗІЛІП ЖАТЫР

КӨШПЕЛІ КЕЗДЕСУ: ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ӨТІНІШТЕРІ БОЙЫНША ЖҰМЫС ЖҮРГІЗІЛІП ЖАТЫР

Өткен аптада қала әкімі Ғабит Сыздықбеков тұрғындармен бірқатар көшпелі кездесу өткізді. Ашық диалог барысында қала тұрғындары абаттандыру, инженерлік инфрақұрылымды дамыту, қауіпсіздікті қамтамасыз ету және жайлы ортаны дамытуға қатысты өзекті мәселелер мен ұсыныстарын жеткізді.

Бүгінде тұрғындар көтерген мәселелердің бірқатары шешімін тауып, қалғандары бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде. Атап айтқанда, Бәйдібек би даңғылы бойындағы жерасты өткелінің маңын абаттандыру жұмысы жедел атқарылды. Бұған дейін тұрғындар тарапынан сын айтылған аумақта жаяу жүргіншілер аймағы жаңартылып, жаңа жол төсемі төселді және тротуар ретке келтірілді.

Қаланың бірқатар көшелерінде көше жарықтарын орнату және ауыстыру жұмыстары жүргізілді. Инженерлік желілер тартылған аумақтардағы жол жабындарын қалпына келтіру жұмыстары да қарқынды жүргізіліп жатыр.

Бұдан бөлек қоғамдық қауіпсіздік мәселелеріне ерекше назар аударылуда. Азаматтардың өтініштері негізінде бейнебақылау жүйелеріне тексеру жүргізіліп, камералар орнату, қайта баптау және бағыттарын түзету жұмыстары атқарылды. Кейбір учаскелерде бақылауды күшейту бойынша қажетті шаралар қабылданды.

Кәсіпкерлік нысандардың қызметіне қатысты бірқатар өтініштер бойынша тиісті тексерулер ұйымдастырылды. Анықталған заң бұзушылықтар мен ескертулерге байланысты қолданыстағы заңнама аясында тиісті шаралар қабылданатын болады.

Іске асырылған жұмыстармен қатар суару жүйелерін қалпына келтіру, балалар және спорт алаңдарын салу, жаңа қоғамдық кеңістіктер құру, көгалдандыру және аумақтарды абаттандыру мәселелері пысықталуда. Қазір мамандар қажетті зерделеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Айта кету керек, тұрғындармен өткен кездесулерден кейін бірқатар мәселе жедел шешімін тапты. Бұл билік пен халық арасындағы тікелей диалог форматының тиімділігін көрсетеді.

Қосымша пысықтауды қажет ететін өтініштер тұрақты бақылауда және кезең-кезеңімен жүзеге асырылады.

Қала әкімдігі тұрғындардан келіп түскен ұсыныстар мен өтініштерді кезең-кезеңімен іске асыру жұмыстарын жалғастыруда. Азаматтардың нақты қажеттіліктерін ескере отырып жүргізіліп жатқан бұл жұмыстар қалалық инфрақұрылымның сапасын арттыруға, қоғамдық кеңістіктердің қолайлылығын жақсартуға және тұрғындардың өмір сүру деңгейін көтеруге бағытталған. Көшпелі кездесулер барысында көтерілген мәселелердің бақылауда болуы жергілікті атқарушы органдардың халықпен тиімді кері байланыс орнатуға және өзекті проблемаларды жедел шешуге мүдделі екенін көрсетеді.

 

Пікір жазу