Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтің төрағалығымен аппараттық кеңес өтіп, онда Қала күніне дайындық, өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары, мемлекеттік органдардың бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара іс-қимылы, сондай-ақ, қалалық инфрақұрылым нысандарын алдағы жылыту маусымына дайындаудың аралық қорытындылары қаралды.
Қалалық Төтенше жағдайлар департаменті басшысының міндетін атқарушы Тілеуберді Мәдиев қалада аудан әкімдіктерімен және өзге де қызметтермен бірлесіп өрттің алдын алу бойынша кешенді алдын алу жұмысы жалғасып жатқанын баяндады.
Аталған шаралар аясында 250 мыңнан астам тұрғын қамтылып, мамандар 96 мыңнан астам үйді аралады, түсіндіру жұмысын жүргізді. Мектептерде профилактикалық сабақтар, кәсіпкерлермен дөңгелек үстелдер ұйымдастырылып, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы кең көлемді ақпараттық жұмыс атқарылды.
Нәтижесінде өрт саны – 27 пайызға, ал материалдық шығын көлемі 28 пайызға азайғаны атап өтілді.
Сонымен қатар, үйлердегі электр желілерінің тозуы мен өртке қарсы сумен жабдықтау жүйесінің жай-күйі секілді мәселелер өзекті күйінде қалып отыр. Осыған байланысты Төтенше жағдайлар департаменті қалалық қызметтермен бірлесіп өрт қауіпсіздігі деңгейін арттыру және төтенше жағдайлардың алдын алу бағытындағы жұмысты жалғастыруда.
Ішкі саясат басқармасының басшысы Азамат Пармановтың мәліметінше, жыл басынан бері БАҚ және әлеуметтік желілердегі 9,1 мыңнан астам материалға мониторинг жүргізілді. Мемлекеттік органдар мен қала әкімдігіне қатысты материалдардың 87,5 пайызы бойынша кері байланыс қамтамасыз етілген.
Мониторинг қорытындысы азаматтардың өтініштеріне жедел жауап беру, кері байланыстың сапасын арттыру және ресми ақпараттық ресурстарды тұрақты жаңартып отырудың қажеттігін көрсетті.
Энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы Рзабек Мендіқұлов өткен жылыту маусымының штаттық режимде өткенін хабарлады. Көп қабатты 2 154 үй мен 476 бюджеттік мекеме жылумен қамтамасыз етіліп, тіркелген барлық технологиялық ақау дер кезінде жойылған.
Жаңа маусымға дайындық аясында жылу желілерінде 127 гидравликалық сынақ жүргізіліп, анықталған ақаулар белгіленген кестеге сәйкес қалпына келтірілуде. Қазандықтарды, көп қабатты үйлерді және әлеуметтік нысандарды дайындау жұмысы жүргізілуде.
Сонымен бірге үйлердің бір бөлігінде сервистік ұйымдармен келісімшарттардың болмауы ішкі жылыту жүйелерінің дайындығына әсер етуде. Жалпы алғанда, алдағы жылыту маусымына дайындық жоспарлы жалғасуда.
Кеңес қорытындысында мегаполис басшысы Қала күніне арналған іс-шараларды сапалы ұйымдастыруды, өрт қауіпсіздігі шараларын күшейтуді және барлық инфрақұрылым нысандарының алдағы жылыту маусымына толық әрі уақтылы дайын болуын қамтамасыз етуді тапсырды.