Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Шымкент » ШЫМКЕНТТЕ ЖАҢА ТУРИСТІК НЫСАН АШЫЛДЫ

ШЫМКЕНТТЕ ЖАҢА ТУРИСТІК НЫСАН АШЫЛДЫ

Қала күніне орай ұйымдастырылған «Этно-Шымкент» фестивалі аясында Шымкентте «Шымқала» этноауылының бірінші кезеңі пайдалануға берілді. Жаңа мәдени-туристік нысан қаланың туристік әлеуетін арттыруға, ұлттық мұраны дәріптеуге және креативті индустрияны дамытуға бағытталған.

«Шымқала» этноауылы — ұлттық дәстүрлер мен заманауи мәдени бастамалар тоғысқан жаңа қоғамдық кеңістік. Мұнда көрмелер, шеберлік сабақтары, шығармашылық кездесулер, концерттер және түрлі мәдени іс-шаралар өткізуге мүмкіндік жасалған.

Этноауыл аумағында дизайнерлер, қолөнершілер, суретшілер, музыканттар және креативті индустрия өкілдері өз жобаларын таныстырып, тәжірибе алмасып, жаңа бастамаларын жүзеге асыра алады. Жоба аясында жас таланттарды қолдауға және олардың шығармашылық тұрғыда дамуына да көңіл бөлінген.

Кешен балалар мен жастарға арналған танымдық және интерактивті бағдарламаларды өткізуге де мүмкіндік береді. Мұнда ұлттық мәдениет, салт-дәстүр және рухани құндылықтарды насихаттауға бағытталған түрлі іс-шаралар ұйымдастырылмақ.

Жобаның бірінші кезеңінде ашық концерт алаңы, «Visit Shymkent» туристік ақпараттық орталығы, ұлттық тағамдар мейрамханасы, кәдесый дүкендері және қолөнер бұйымдарына арналған павильондар ашылды.

Жобаның келесі кезеңінде өңірдегі ең үлкен киіз үйді салу жоспарланған. Сонымен қатар аумақта тағы алты киіз үйден тұратын этноауыл аймағын қалыптастыру көзделіп отыр. Бұл нысандар кешеннің туристер үшін тартымдылығын одан әрі арттыра түспек.

«Шымқала» этноауылының ашылуы Шымкенттің туристік инфрақұрылымын дамытудағы маңызды қадамдардың бірі. Жаңа нысан қала тұрғындары мен қонақтарына ұлттық мәдениетпен танысып, демалып, шығармашылық іс-шараларға қатысуға мүмкіндік беретін заманауи кеңістік қалыптастырады.

Пікір жазу