Бүгін Түркістан облысы, Мақтаарал ауданына танымал кәсіпқой боксшы, еліміздің мақтанышы Қанат Ислам қонаққа келді. Атакент кентінің «Алпамыс батыр» стадионына жиналған жұрт қалың қошеметпен қазақ батырын күтіп алды.
Ең алдымен құттықтау сөзге шыққан аудан әкімі Бақыт Асанов жаңадан құрылған ауданға танымал боксшының келуі үлкен қуаныш екенін атап өтіп, ізгі тілегін арнады.
Ізгі тілегін арнаған аудан әкімі қазақ батырының астына тұлпар мінгізіп, үстіне шапан жапты. Сондай-ақ, Қанат Исламмен бірге келген түйе палуан, «Қазақстан барысы» турнирінің жүлдегері Жұманазар Ерсұлтановқа алғысын білдірді.
Жиын барысында Қанат Ислам мақтааралдық жас боксшыларға ақыл-кеңесін айтып, мастер-класс өткізді. Мақтааралдағы спорт мектептерінің тәлімгерлері қазақ батырымен жаттығу жасап, дәріс үйренді. Сондай-ақ, Қанат Ислам Мақтаарал агроколледжіне аялдап, студент жастармен кездесті. Кездесуде патриоттық тақырыптағы әңгімелер айтылып, еркін сұхбат құрылды.
Айта кетейік, Қанат Ислам 2012 жылы «Арландар» сапынан кетіп, кәсіпқой бокспен айналыса бастады. АҚШ-тың промоутерлік компанияларымен келісім-шартқа отырып, осы уақытқа дейін 25 жекпе жек өткізеді және оның барлығын да түгелдей жеңіспен аяқтайды. Оның ішінде 20-сын нокаутпен жеңеді.
Мақтаарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі