Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Ауыл жаңалықтары » КӨНЕ ОТЫРАР ШҰҒЫЛАСЫ

КӨНЕ ОТЫРАР ШҰҒЫЛАСЫ

Бүгін дәл осындай атаумен Шымкент қаласындағы Бейнелеу өнері музейінде керемет көрме ашылды.
Әр төбесі тарихтың тереңінен сыр ашатын Отырар өлкесінің қойнына бүккен сыры көп-ақ. Елу жылдан бері археологиялық қазба жұмыстары жүргізіліп келе жатыр. Осы уақыт ішінде көптеген көне жәдігерлер табылуда. Болашақта да табыла бермек. Отырар тарихы көркем әдебиет пен археология саласында көп қамтылғанымен кескіндеме, сурет саласында көрініс таппаған деуге болады. 


Көне Отырардың тыныс-тіршілігі мен тұрмысы қылқаламға ілінбей қалғанына өкініп жүргенбіз. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында отырарлық бір топ өнерпаздар үлкен жұмысты атқарды. Атап айтсақ, суретші Әділхан Мәлік 40, Жаңабек Мамыт ағаштан 15 мүсін, Алмаз Әділханұлы кескіндемеден 20, Қайырхан Қалыбеков графикадан 20 туындыны дүниеге келтірді. Бұл туындылар бұрын-соңды еш жерде жарияланбаған. Әрбір шығармада көне Отырардың кескін-келбеті, сол заманда өмір сүрген адамдардың тұрмысы мен бейнелері шынайы көрініс тапқан.
ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақалаларында көтерілген рухани құндылықтарымызды насихаттап жүрген Әділхан Табылханұлы шығармашылығының өн бойына көне Отырардың өркениетін арқау етті. Ежелгі Отырар қаласының мәдениеті мен өркениеті де бояулар үндестігімен өрілген. «Отырар кітапханасы», «Отырардың кәріз жүйелері», «Отырар медицинасы», «Отырардағы мақта алқабы», «Отырар және астрономия», «Отырардағы ат баптау» сынды әр картина мен мүсінге зер салсаңыз ерте заманға саяхаттап келгендей әсер аларыңыз сөзсіз. 


Көрменің ашылу салтанатында Отырар ауданының әкімі Ерлан Айтаханов пен облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының орынбасары Әзімхан Қойлыбаевтар құттықтау сөз сөйледі.
Жиында аудан әкімі Ерлан Айтаханов «Қазақ қолөнері халықтың өмірімен, тұрмысымен бірге дамып, ұрпақтан ұрпаққа беріліп, ата-бабаларымыздың ертеден қастерлеп бағалай білген дүниесі. Әр елдің, әр халықтың тарихи дамуына, тұрмысына, тарихи ерекшелігіне және эстетикалық талғамына байланысты өзіндік ерекшелігімен өшпес із қалдырған. Осы өнерді кәсіп еткен шеберлер Отырар өңірінде де аз болмаған. Осы жолды бүгінде сегіз қырлы, бір сырлы азамат Әділхан Табылханұлы жалғап, өзіндік мектеп қалыптастырды» деп, шынайы ізгі тілегін жеткізді. Ал, облыстық басқарма басшысының орынбасары Әзімхан Қойлыбаев өскелең ұрпақты ізгілікке, халқымыздың мол мұрасын танып, сусындатуға шақырып жүрген азаматтарға облыстық мәдениет басқармасының арнайы алғыс хатымен марапаттады.
Ақын Әселхан Қалыбекова мен өнер саласының ардагері Әбутәліп Әбішовтер суретшілер мен қолөнершінің шығармашылықтары туралы ой толғады.
Өнерпаздар атынан суретші Әділхан Мәлік көпшілікке алғысын білдірді.
Шырайлы Шымкенттің төрінде бір айға созылатын «Көне Отырар шұғыласы» атты отырарлық өнерпаздардың туындыларын тамашалауға қала тұрғындары мен қонақтарын шақырамыз.

Пікір жазу