Бүгін Жетісай ауданы әкімдігінің кіші мәжіліс залында сыбайлас жемқорлық бойынша құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында жиын өтті.
Бұл туралы Жетісай ауданы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған «didarbek.kz» ақпараттық агенттігі хабарлайды.
Жиынға Жетісай ауданының әкімі Жамантай Бейсенбаев, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының Түркістан облысы бойынша департаменті Сарыағаш аймағы бойынша ауданаралық басқармасының басшысы Сапарғали Жантөреев, Жетісай ауданы әкімінің аппарат басшысы Біржан Райымбеков және аудан әкімдігінің қызметкерлері қатысты.
Жиында сөз алған аудан әкімі жиналғандарды сыбайлыс жемқорлықпен бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, бірлесіп күресуге шақырды. Сондай-ақ ол бұл бағытта, аудан әкімдігі тарапынан сыбайлас жемқорлыққа қарсы құқық бұзушылықтардың алдын алу аясында атқарылып жатқан бірқатар жүйелі жұмыстарды атап өтті. Атап айтар болсақ, ағымдағы жылдың қаңтар айында аудан әкімінің өкімімен құрылған аудандық ақпараттық – насихаттық топ мүшелері кент және ауылдық округ тұрғындарымен кездесіп, түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Аудандағы барлық мүдделі мемлекеттік органдарының қызметкерлеріне «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі», «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс – қимыл туралы» Заңдарына және «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексінің» сақталуы бағытында құқықтық түсіндірме жұмысы жүргізіліп, таныстырылған.
Өз кезегінде сөз алған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының Түркістан облысы бойынша департаменті Сарыағаш аймағы бойынша ауданаралық басқармасының басшысы Сапарғали Жантөреев атаулы әлеуметтік көмекті беру барысында бармақ басты, көз қысты әрекеттердің белең алып отырғанын жасырмады. Сондай-ақ, ол қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, халықты ақпараттандыру мақсатында алда атқарылуы тиіс жұмыстарды да тілге тиек етті.