Шардара ауданында 16-31 шілде аралығында бастау алған «Адал жолды таңдаймыз» жастар марафон-эстафетасы өз мәресіне жетті. Марафон-эстафета су қоймасы жағалауындағы «Аққала» демалыс аймағында салтанатты жағдайда ұйымдастырылды.
Марафонға аудан әкімі Қайрат Жолдыбаймен бірге ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттігінің Сарыағаш аймағы бойынша ауданаралық басқармасының басшысы Сапарғали Жантөреев, Мақтаарал ауданы әкімінің міндетін атқарушы Бейсенбай Төребеков және басқалар қатысып, алдымен қолөнер шеберлерінің көрмесімен танысты. Мұнан соң Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында «Шардара тарихы сыр шертеді» тақырыбында мұражай жәдігерлерін, жергілікті қылқалам шеберлерінің фотокөрмесін тамашалады.
Марафон-эстафета теңіз жағалауындағы сахна үстінде 20 күйшінің бір мезетте Құрманғазының «Балбырауын» күйін күмбірлете орындауымен басталды. Салтанатты жиынға қатысушылар мұнан кейінгі кезекте түйелер керуенін, жол талғамайтын автокөліктер шеруін, спортшылар шоуын тамашалады.
Есімдері әлемге әйгілі шардаралық спортшылар «Адал жолды таңдаймыз» марафон-эстафетасының Туы мен альбомын айдын шалқар бетінде желкенді қайықпен әкеліп тапсырулары өте жарасымды шықты. Сахна төрінде сөз сөйлеген ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттігінің Сарыағаш аймағы бойынша ауданаралық басқармасының басшысы Сапарғали Жантөреев жемқорлықпен күрес бүгінгі таңда еліміз бойынша маңызы бар түйткілді мәселеге айналып отырғанын атап өтіп, жемқорлық індетін түп-тамырымен жою қажеттігіне тоқталды. 16-31 шілде аралығында Шардара ауданы бойынша қала мен барлық ауылдық округтерде түрлі деңгейдле іс-шаралар ұйымдастырылғанын айтып өткен аудан әкімі Қайрат Жолдыбай марафон-эстафетаның Туы мен альбомын Мақтаарал ауданы әкімінің міндетін атқарушы Бейсенбай Төребековке салтанатты түрде тапсырды.
«Адал жолды таңдаймыз» марафон-эстафетасы аясында спорттың жағажай волейболы мен футболы, балық аулау, суда жүзу сияқты түрлерінен жарыстар ұйымдастырылды.