Бүгін облыстың аудан, қала басшылары Түркістандағы 16 сектор бойынша атқарылатын жұмыстардың барысын киелі шаһардың басшысы Р.Аюповпен бірге өзара талқылады. Сондай-ақ, аудан, қала әкімдер жыл басында өңір басшысының тапсырмасына сәйкес Түркістанды көгалдандыру мақсатында отырғызған ағаштарының бүгін жай-күйімен де танысты.
16 сектордың жұмысы бойынша нақтырақ айтсақ, Түркістан облысының әкімі Ө.Шөкеевтің тапсырмасына сәйкес, Түркістан қаласын 16 секторға бөліп, оған жауапты ретінде облыстың аудан, қалалары мен басқармалары, жергілікті әкімдіктің дербес бөлімдері бекітілген болатын.
Қаланы секторларға бөлудегі басты мақсат — қала аумағының инфрақұрылымын дамытып, абаттандыру, көгалдандыру және суландыру жұмыстарын жандандыру.
Осы мақсатқа сәйкес 16 сектордың картасы мен жадынама дайындалып, барлық жауаптыларға таратылған. Жадынамаға сәйкес барлық сектор жауаптылары 1-тамыздан бастап белгіленген аумақтары бойынша толық инвентаризация (жер көлемін анықтау, тұрғын үйлер мен халық саны, көшелер мен әлеуметтік, кәсіпкерлік нысандардың санына түгендеу жүргізу) жұмыстарын жасап жатыр. Қаладағы әрбір аумақтағы мектептерде 16 сектордың арнайы жұмысшы тобының кеңсесі ашылды. Ол жерде көше комитеттері мен белсенділері сектордың жауаптыларымен тікелей байланыс орнатып, өзекті мәселелерді анықтауға атсалысатын болады.
Сонымен қатар, әрбір жауапты аудан, қала мен басқарма әр сектор бойынша жол картасын әзірлеп, іс-шара жоспарын дайындауда. Алдағы жұмыстар осы жол картасы мен іс-шаралар арқылы жүзеге асырылатын болады.