Бүгінігі аудандық мәдениет үйінде өткен «ӨҢІР ЖӘНЕ ТҰЛҒАЛАР» атты тағылымды конференциядан кейін, келген қонақтар Азаттық ауылындағы «Түркібасы әулиесіне» табан тіреп, кесененің тарихымен танысты. Шара барысында келген қонақтарға түскі ас беріліп, өмірден озған қазақ елінің бір туар азаматтарының әруақтарына құран бағышталды.
Бұл туралы Түлкібас ауданы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған «didarbek.kz» ақпараттық агенттігі хабарлайды.
«Түркібасы әулиесінің» тарихына қарайтын болсақ шежірелі Қаратау мен Алатаудың төс түйістірген тұсында, әлемге әйгілі Ұлы Жібек жолының бойында, тарихи Майлыкент өңірінде Түркібасы немесе Әулиетөбе орналасқан.
Патша өкіметі кезінде бұл өлке Майлыкент болысы аталып, Кеңес Одағы тұсында қайта құрылып, Түлкібас ауданы атала бастағаны да түптеп келгенде осы төбенің атауымен тікелей байланысты.
Бұл атау Батыс Түркі хандығының Басы болған Естемес ханға байланысты шыққан. Естемес хан шамамен 556 жылы сол кездегі Екітау аталған тауға яғни Түркібасы тауына шатырын тігіп, оның етегіне ордасын орналастырып, қала салған. Түркібасы болған Естемес ханның ордасына, Екітаудың басындағы алтын-жібек шатырына 558 жылы Византиялық елші Земарх нөкерлерімен келіп, осы оқиғаны жазып қалдырған.
Түркістан облысының «Киелі жерлер географиясына» енген бұл нысан 2018 жылы аудан әкімдігінің ұйытқы болуымен Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында толығымен жөнделіп, аумағы абаттандырылды.
Атылмыш киелі нысан бүгінгі таңда зиарат етуші туристердің көптеп келетін орнына айналып отыр.