Арыс қаласында орын алған төтенше жағдайға байланысты, қаламыздағы тұрғын үйлермен қатар бірқатар әлеуметтік нысандарға да зақым келген болатын.
Солардың бірі «Арыс гуманитарлы-техникалық колледжі» мен №17 колледжі мекемелері.
Арыс қаласы, Дулатов көшесі №97 а үйде орналасқан «Арыс гуманитарлы-техникалық колледжі» мекемесінің іргетасы 1997 жылы қаланған, 8 корпусы бар мекемеде 267 студент оқиды.
Ғимарат 8 секторға қарасты аймақта орналасқан. Бүгінгі таңда құрылысқа демеушілік етуші «Атамекен» Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, «Ұлы Орда» Бас мердігер компаниясы жұмыс жүргізуде. Мердігер компания барлық техникалармен қамтамасыз етілген. Бүгінгі таңға жұмыстың орындалуы 45 пайызды құрайды. Ғимаратты жөндеу жұмыстары 15-25 тамыз аралығында аяқтау жоспарланған.
Сонымен қатар Дулатов көшесі №97 үйде орналасқан, 10 секторға қарасты 450 орындық, 500 білім алушысы бар №17 колледж 1982 жылы құрылған. Колледждің негізгі 2 корпусы және шеберханалары бар. 1-ші корпус 1982 жылы, 2-ші корпус 1970 жылы салынған.
Бүгінгі таңда күрделі жөндеу жұмыстарын «Алжа құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізуде. Тапсырыс беруші «Самұрық-Қазына» Әл-ауқат қоры. Ғимаратты қалпына келтіру жұмыстары ағымдағы жылдың 1 шілдесінде басталып, осы жылдың 1 тамызында аяқтау жоспарланып отыр.
Әлем тәжірибесі көрсеткендей, кез-келген мемлекеттің экономикалық жетістігі сол елдің білім жүйесі мен азаматтарының білім дәрежесіне байланысты. Өйткені білім арқылы ғана қоғамның интеллектуалдық капиталы мен инновациялық әлеуеті қалыптасады.
Осы орайда қаламыздағы кәсіптік білім ошақтарының қайта қалыпқа келіп, елімізге қажетті мамандықтарды дайындау барысындағы еңбектері еселене түсері аян.