Түркістан облысына қызметтік іс-сапармен келген сенаторлар Түлкібас ауданында болды. Бұл тұста «Майлыкент сүт» ЖШС-мен және тұрғын үй құрылысымен танысты.
«Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында жеңілдетілген несие алып, бүгінгі таңда қарқынды жұмыс істеп тұрған сүт өңдеу цехы күніне 5 тонна сүт өңдеп, майсыз сүттен бастап йогурт, айран, ірімшік сияқты 12 түрлі өнім дайындайды. Аталмыш кәсіпорын 30-дан аса ауыл тұрғынын жұмыспен қамтып, өз өнімдерін республика аумағындағы барлық өңірлерге өткізуде.
Парламент сенатының депутаттары Әли Бектаев және Әлімжан Құртаев атқарылып жатқан құрылыс жұмысына да куә болды. 2018 жылдың аяғында аудан бойынша жалпы тұрғын үй кезегінде тұрған 158 жанұяға жаңа пәтер кілттері табысталған болатын. Бүгінгі таңда тұрғын үй алуға өтініш берген 1974 азаматтың сұраныстарын қанағаттандыру мақсатында ауданда жүйелі түрде жұмыстар жүргізілуде.
Аудан орталығындағы Бағыспаев пен Пушкин көшелерінің қиылысынан «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдаралама аясында соғылып жатқан 24 пәтерлік №2-ші үй, 32 пәтерлік №3-ші үй, және 64 пәтерлік №1, №3, №6, №7-ші үй құрылыстары қарқынды жүруде. Қазіргі уақытта 64 пәтерлік үш тұрғын үйдің құрылысы аяқталып келеді. Нәтижесінде, жыл соңына дейін 312 пәтер пайдалануға берілмек. Сонымен қатар, Састөбе кентіндегі Жібек жолы көшесінен 64 пәтерлік №1-ші көп қабатты тұрғын үй құрылысын жүргізу мақсатында аудан әкімдігі тарапынан толық құжаттар дайындалып, бүгінгі таңда мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланды. Мердігер мекеме анықталған жағдайда құрылыс жұмыстары ағымдағы жылы қалмай басталатын асатын болады.