«Жастар жылы» аясында іске асқан жалпықалалық марафон бүгін шаһар тұрғындарының белсенді қатысуымен өтті. Әзілқой жүргізушілер, спортқа бейім жандар, әуезді ән, тамылжыған би де Есім хан алаңы мен Жеңіс саябағында орын алды. Бір қуантарлығы мұнда тек жастар ғана емес, орта буын және егде жастағы жандар да төбе көрсетті.
Тіпті, өңіріміздің түрлі аудандарынан және іргелес жатқан Кентау қаласынан туыстарымен, отбасыларымен, достарымен келгендер де жетерлік. Олар халыққа салауатты өмір салтын насихаттауды алға қойған қала әкімі Рашид Абатұлына алғыс айтып, алда велошерулер де ұйымдастырылса деген тілектерін білдірді. Олар үшін арадағы арақашықтық та маңызды емес. Олардың кез келген жаңа бастамаларды қолдауға, бірауыздан қатысуға қауқары жоғары.
Дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Қуат Айдарбековтың айтуынша, жыл басынан бері шаһарымызда 160 шақты жарыс өткен. Ал, оның барлығы елдің ертеңі, болашағы саналатын жастарға арналып отыр.
Арақашықтығы 2400 метрді құраған марафонда Түркістан облысы Сайрам ауданы Ақсукент ауылынан арнайы қатысқан Медет Жаныс мәреге алғаш болып жетті. 17 жасар жеңімпаз бұл марафонды әлеуметтік желілер арқылы біліп, аға-інілерімен келген. Бұған дейін осы сынды сайыстарға қатысып жүрсе де, бұл марафонға еш дайындықсыз келіп, өзгелерге үлгі бола білді.
Іс-шарада қауіпсіздікті бақылаған жергілікті полиция қызметкерлері мен жедел жәрдем қызметі де белсенді қызмет етті. Жалпы, шаһарда жыл басынан бері 160 шақты жарыс өтіп, 118 мыңнан астам адам тартылған. Айта кетейік, қала әкімдігінің тікелей қолдауымен ұйымдастырылған кешке жастардың сүйікті әншілері Зируза, Ayree, Alem band және Шымкент қаласы мен жергілікті өнер жұлдыздары өнер көрсетті.
Жанерке ЖАРЫЛҚАСЫН,
«Түркістан».