Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың жергілікті атқарушы органдардың халықпен тығыз байланыста болу тапсырмасын орындауда Төлеби ауданы әкімінің бастамасымен Төлеби ауданы әкімінің орынбасарлары мен бөлім басшыларының қатысуымен жұмысшы топ құрылған болатын. Осы орайда Көксәйек ауылдық округі тұрғындарының тұрмыс-тіршілігін, мәселелерін қарап шыққан топ, атқарған жұмыстарының нәтижесін талқылау үшін, аталмыш елді мекендегі Жеңіс мәдениет үйінде аудан басшысы мен округ тұрғындарының қатысуымен жиын өткізді.
Жиын басында аудан әкімі Б.Омарбеков округтегі бірнеше азаматтың жұмысымен танысты. Бірінші болып жеке кәсіпкер Н.Досалиевтің наубайханасының жұмысын көрді. Наубайханада тәулігіне 600 дана нан шығып тұрады. Сонымен қоса наубайхана маңынан азық-түлік дүкенін, әсемдік салонын ашып өз кәсібін дөңгелетіп отыр.
Одан кейін, жеке кәсіпкер Г.Омарованың сүт өндіру бағытында атқарып жатқан жұмысымен танысты. Г.Омарова қазіргі таңда 18 бас сиыр сатып алып, тұрақты 10 адамды жұмыспен қамтып отыр.
Сонымен қатар, Б.Башабаеваның үй іргелік жеріне егілген 0,03 га жылыжайын көрді. Жылыжайда қызанақ, құлпынай, қияр, сәбіз сынды түрлі көкөністер өсіріледі. Одан бөлек ағаштан түрлі кәдесыйларды, безендіруге қажетті заттарды жасауды өзіне кәсіп қылған.
Көксәйек елді мекеніндегі «Жасыл аймақ» ЖШС-ның 1 га қияр, 0,01 га қызанақ егілетін жылыжайдың жұмысымен танысты. Тұрақты 23 адамды жұмыспен қамтып отыратын мекеме, тәулігіне 1 тонна өнім алып тұрады. Омен қоса жылы жай маңында сәндік ағаштар да өсіріледі.