Тазалық шарасына қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов та қатысты, деп хабарлайды «didarbek.kz»әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
— Бүгін біз ҚР Премьер-Министрі қолдаған #TazaQazaqstan экологиялық акциясына қолдау көрсетіп отырмыз. Әсіресе, қаланың шет аймақтарына көңіл бөлу керек. Әр азамат, әр тұрғын өз айналасын таза ұстауы керек. Болашақта Шымкентті таза әрі жасыл қала ретінде көреміз, — деді қала әкімі.
Әкімдікке қарасты түрлі басқармалардың қызметкерлері, қала тұрғындары мен жастар сенбілікке белсене қатысып, Ақтас қоқыс полигоны мен Шымкент-Ташкент тасжолының бойындағы қоқысты тазалады.
Жалпы, сенбілік қаланың бірнеше жерінде өтті. Қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов Ақтас полигоны маңындағы сенбіліктен кейін Шымкенттегі Есіл және Өндіріс көшелерінің бойындағы тазалық іс-шарасына қатысты. Мұндағы №2, 3 және 4 үйлердің аулалары тазартылып, тұрғындар жаппай қоқыс шығарды.
Қалалық ТҮКШ басқармасының мамандары көшеге жарықшамдар орнатты. Дүйсенбіге дейін тағы 6 жарықшам бағанасы орнатылмақ. Әл-Фараби аудан әкімдігінің бастамасымен балалар ойын алаңшалары абаттандырылды.