Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Қала тынысы » Қоғамдық медиацияны дамытудың пайдасы мол

Қоғамдық медиацияны дамытудың пайдасы мол

Шымкентте қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен қоғамдық медиация институтын дамыту және жаңа әдістерді енгізу бойынша семинарлар өтті. Қаламыздың барлық аудандарында, шалғай елдімекендерінде ұйымдастырылған семинар жұмысына қоғамдық медиаторлар, аудан әкімдіктерінің қызметкерлері, ардагерлер мен аналар кеңестерінің мүшелері, жалпы 250-ден астам адам қатысты.


Семинар барысында дауларды сотқа жеткізбей медиация тәртібімен шешу, сот барысы, соттан кейінгі медиацияны жүргізу жайы және «Мектеп медиациясы» жобалары кеңінен түсіндірілді.
Қалалық «Қоғамдық келісім» КММ сарапшысы, кәсіби медиатор Дана Кенжеқұлованың айтуынша соңғы уақытта өңір тұрғындары дауды шешу үшін медиаторлардың көмегіне көбірек жүгінетін болған. Аталған қызметтің тиімділігін одан әрі артыру үшін қоғамдық медиаторлардың біліктілігін арттырудың маңызы зор.

— Қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы қала аумағындағы 5 медиация орталығымен әріптестік байланыс орнатып, 51-ден астам қоғамдық медиаторлардың дерекқорын түзді. Жыл басынан бері білім, денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің, студенттер мен қоғамдық медиаторлар арасында 10-нан астам семинар-тренингтер ұйымдастырды. Нәтижесінде әкімдіктерде, халыққа қызмет көрсететін бірқатар мемлекеттік мекемелерде «Татуласу» орталықтары ашылды. Медиация кабинетінің және қаладағы қоғамдық медиаторлардың ықпалымен туындаған 150-ден астам дауға нүкте қойылып, тараптар келісімге келді, — дейді Дана Кенжеқұлова.

Қазақстан халқы Ассамблеясының «Мектеп медиациясы» жобасы аясында Шымкенттегі 3 мектепте медиация кабинеті ашылса, жаңа оқу жылынан бастап мұндай татуласу алаңдары барлық білім ұяларында құрылады. Бүгінгі семинарда біліктілігін шыңдаған қоғамдық медиаторлар алдағы уақытта білім саласындағы, әсіресе жасөспірімдер арасындағы өзара келіспеушілік, әлімжеттілік секілді келеңсіздіктердің алдын алу бағытында жұмыс істейді.

 

Пікір жазу