Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Қала тынысы » Е. Айтаханов: «Шымкент пен Түркістан бөлінгенімен, ел іргесі бөлінген жоқ»

Е. Айтаханов: «Шымкент пен Түркістан бөлінгенімен, ел іргесі бөлінген жоқ»

«Құлдыраған кез келген экономиканы аяққа тұрғызуға болады. Ал, руханият бір шайқалса, оның зардабы ғасырларға созылуы мүмкін». Оңтүстік өңірінің зиялы қауым өкілдерімен кездескен қала әкімі Ерлан Айтаханов осылай деді.

Шаһар басшысы Шымкенттің дербес статусқа ие болуы мен Түркістанның облыс орталығы атануы мұндағы халықтардың рухани байланысына еш кедергі келтірмеуі керектігін атап өтті.
«Шымкенттің республикалық қала мәртебесіне ие болуы, Түркістанның облыс орталығы атануы – олардың арасына жік салу үшін жасалған жоқ, керісінше, оңтүстік өңірін заман талабына сай дамыту үшін жасалған қадам екенін жете ұғынуымыз қажет. Рухани байланыс — өте нәзік мәселе. Бұл тұрғыда жіберілген кішкентай қателіктің өзі кешірілмейді. Бұдан былай еліміздің дамуына серпін беретін шараларды түркістандық ағайынмен бірлесе өткізейік» — деді Е.Айтаханов кездесу барысында.

Қала әкімі сондай-ақ, біраз уақыттан бері тоқтап қалған ауыл шаруашылығы өнімдері жәрмеңкелерін қайта жандандыру қажеттігіне тоқталды. «Облыс пен қала бөлінгеннен кейін ауылшаруашылығы өнімдерінің дәстүрлі жәрмеңкесі де тоқтап қалды. Бұл тек төмен бағадағы азық-түлік сату ғана емес, халықтың көңілін серпілтетін ерекше әлеуметтік, мәдени іс-шара да еді. Адал еңбегі арқылы мол өнім алатын түркістандық еңбекқор шаруаларды ШЫМКЕНТ жұртшылығы сағынды. Өніміне артық ақша сұрамайтын қанағатшыл оңтүстіктік шаруаларды Шымқаламыздан көргіміз келеді. Сондықтан, Түркістан облысының шаруаларын Шымкентке қайта шақырамын. Келіңіздер, адал маңдай термен өсірген өнімдеріңізді бізге де саудалаңыздар. Бұдан екі жақ та ұтады» деді шаһар басшысы.

Айта кетейік, келер жылы әлем елдері «екінші ұстаз» атанған Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығын атап өтеді. Айтулы датаға арналған іс-шаралар оның туған жері – оңтүстік өңірінде аталып өтілмек. Қала басшысы мерейтойды Шымкентте де жоғары деңгейде өткізуді ұсынып отыр. «Ұлы ұстазға арналған іс-шараның ашылуын Түркістанда өткізіп, жабылуын неге Шымкентте өткізбеске?! Себебі әл-Фараби — оңтүстік жұртына ғана емес, тұтас қазақ халқына, адамзатқа ортақ тұлға. Бұл Түркістан мен Шымкент тұрғындарының ортақ мерекесіне айналатын айтулы іс-шара болар еді» — дейді Ерлан Қуанышұлы.

Тағы бір есте ұстайтын мәселе, келер жылы Шымкент ТМД елдерінің мәдени астанасы болады. Осынау мерейді де тасытатын, үлкен жауапкершілік те жүктейтін шараға түркістандық ағайындар да атсалысып жатса, бұл шара біз күткендегіден де жоғары деңгейде өтер еді.

Сондай-ақ, кездесу барысында рухани құндылықтарды дәріптеу, оны жас буынға насихаттау жайы да сөз болды. Сонымен қатар жастар тәрбиесінде ұлт зиялыларының рөлі жайында келелі пікірлер ортаға салынды. Жиынға қатысушылар өз ұсыныс-пікірлерімен бөлісіп, «мұндай шаралар жиі өткізіліп тұрса» деген тілектерін жеткізді.

 

Пікір жазу