Бүгін Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен аппарат жиыны өтті. Басқосуға Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму Бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаев және аумақтық департаменттер басшылары мен Арыс қаласындағы құрылыс жұмыстарына жауапты еліміздің барлық облыстарынан келген өкілдер қатысты. Онда үстіміздегі жылдың 24 маусым күні Арыс қаласында орын алған төтенше жағдайдан бүлінген тұрғын үйлер, әлеуметтік нысандар мен жолдарда жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстары және кәсіпкерлер мен тұрғындарға көрсетіліп жатқан көмектердің жай-күйі талқыланды.
Бұл туралы Арыс қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған «didarbek.kz» ақпараттық агенттігі хабарлайды.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму Бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаевтың сөзінше, Арыс қаласындағы 8634 тұрғын үйдің 7197-сіне төтенше жағдай кезінде зақым келген. Бүгінге дейін оның 6924-інде жөндеу жұмыстары аяқталған. Ал қалған үлердің құрылысы осы айда бітеді деп жоспарлануда.
Ал, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ-на жүктелген әлеуметтік нысандардың бүгінге дейін 15-інің құрылысы аяқталып тапсырылған. Аталған қордың басқарма басшысының орынбасары Арман Жетпісбаев қалған нысандардың жөндеу жұмыстары тамыз айының соңына дейін түгел аяқталатынын айтты.
Жалпы жоспар бойынша Арыс қаласындағы 62 көше жөндеуден өтетін болса, қазір 45 көшеде құрылыс жұмыстары жүруде. Бүгінге дейін 6-уы ел игілігіне тапсырылып, тағы 10 көшенің жұмысы толық аяқталу алдында тұр. Қалада 26 аялдаманың 6-уы заманауи аялдамаларға ауыстырылды. Анықтау жұмыстарының нәтижесінде қосымша жаңадан 8 аялдама қою қажеттігі белгілі болған.