Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Ауыл жаңалықтары » АРЫСТЫҚТАРҒА БЕРІЛЕТІН 100 МЫҢ ТЕҢГЕ ҚАШАН АУДАРЫЛАТЫНЫ БЕЛГІЛІ БОЛДЫ

АРЫСТЫҚТАРҒА БЕРІЛЕТІН 100 МЫҢ ТЕҢГЕ ҚАШАН АУДАРЫЛАТЫНЫ БЕЛГІЛІ БОЛДЫ

Бүгін Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен аппарат жиыны өтті. Басқосуға Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму Бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаев және аумақтық департаменттер басшылары мен Арыс қаласындағы құрылыс жұмыстарына жауапты еліміздің барлық облыстарынан келген өкілдер қатысты.

Бұл туралы Арыс қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған «didarbek.kz» ақпараттық агенттігі хабарлайды.

Жиын барысында төтенше жағдай кезінде шығынға батқан бизнес өкілдеріне де тиісті көмектер беріліп жатқаны мәлім болды. Мәселен қаладағы 536 кәсіпкерлік нысанның 509-на жарылыс кезінде материалдық шығын келген. Оларға «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының тарапынан қаржылай қолдаулар және 6 мыңнан астам әртүрлі көмектер көрсетілген.

Одан бөлек, төтенше жағдайдан зардап шеккен арыстықтарға бір реттік өтемақы төлеу мақсатында 57 мыңнан астам тұрғынның мекен-жайы анықталған. 18 жастан асқан азаматтардың төлем карточкалары түгел дайындалып, 5 тамыздан бастап таратыла бастаған. Бүгінге дейін азаматтардың 85 пайызы өз төлем карточкаларын алған. Қалған тұрғындар 9 және 15 секторларда орналасқан мектеп пен балабақшадан барып алуға болады. Карточкалар толығымен таратылып болған соң, тиісті қаржы аударылады.

Атқарылған жұмыстармен танысып шыққан аймақ басшысы әлі де жұмысты ширата түсу керектігін айтты. Жауаптыларға бірінші кезекте құрылыс жұмыстарын қажет ететін тұрғын үйлердің мәселесін тездетіп шешуді тапсырды. Сондай-ақ, әлеуметтік нысандар мен жолдардың құрылыс жұмыстары және тұрғындар мен кәсіпкерлерге көрсетілетін көмектер жоспарға сай дер кезінде көрсетілуі керек екенін ескертті.

Пікір жазу