Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Қала тынысы » ШЫМКЕНТ: ҚАЛА МЕКТЕПТЕРІНДЕ МЕДИАЦИЯ СЫНЫПТАРЫ АШЫЛМАҚ

ШЫМКЕНТ: ҚАЛА МЕКТЕПТЕРІНДЕ МЕДИАЦИЯ СЫНЫПТАРЫ АШЫЛМАҚ

1-қыркүйектен бастап қала мектептерінде медиация сыныптары ашылмақ. Ол өз кезегінде әлеуметтік ортадағы кикілжіңді дау-дамайсыз шешуге мүмкіндік бермек. Сондай-ақ, өңір медиаторлары қызметтеріне қатысты заң нормаларына өзгерту енгізіп, халыққа ыңғайлы жағдай туғызуды көздеп отыр. Бұл туралы алқалы мәжілісте кеңінен айтылды, деп хабарлайды «On’tu’stik» телеарнасының тілшісі П.Биназарқызының материалына сілтеме жасаған «didarbek.kz».

Мектеп оқушылары арасында құқықбұзушылық пен әлімжеттілік сынды мәселелердің алдын алу мақсатында ұсынылған «Мектеп медиациясы» жобасы қолдау тауып отыр. Бастама аясында кәсіби медиаторлар ата-аналарға, мектеп психологтарына, тәрбие ісімен айналысатын мамандарға арнайы семинарлар ұйымдастырып, даулар мен кикілжіңдердің алдын алу әдістемелері түсіндірілмек. Жиынға қатысушылар тың бастама жастар тәрбиесіндегі өзекті мәселелердің шешілуіне оң әсер ететініне сенімді.

Дана Кенжеқұлова – «Қоғамдық келісім» МКМ медиатор-сарапшысы: Бітімгершілікке негізделген халқымыздың дәстүрлі билер тағылымымен сабақтасып жатқан бүгінгі медиация желісін дамыту, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік саласындағы мемлекеттік саясатты пайымды парасаттылықпен іске асыру басты міндетіміз. Дауласушы тараптарды өзара келісімге келтіріп, ортақ пайым жасауға жетелеуде қоғамдық медиаторлардың біліктілігін арттыру маңызды. 

Жыл басында қаланың бірқатар нүктесінде «Татуласу» орталықтары ашылған-ды. Қоғамдық медиаторлар мен арнайы кабинеттердің ықпалымен жыл басынан бері 150-ден астам келіспеушілік оң шешімін тапқан. Оның 16-сы еңбек дауына қатысты.

Серік Әуесханов – «Шымкент қаласы бойынша кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақ бірлестігі төрағасының орынбасары: Біздің кәсіподақ қызметкерлері де өз тарапынан жыл басынан 55 іске нүкте қойған. Оған кейде сот қызметкерлері де араласып тұрады.

 «Мектеп медиациясы» қазірдің өзінде қаланың 3 бірдей білім ошағында қызмет етіп отыр. Енді 1-қыркүйектен бастап барлық мектептерде ашылып, оқу ордаларында дау-дамайдың орын алмауына еңбек етпек.

 

Пікір жазу