Жаңа оқу жылының басталуына санаулы күндер қалды. Осы ретте Шымкенттегі жеке сот орындаушылар балаларға базарлық жасады. Арнайы мектеп жасындағы 100 оқушыға қажетті құрал-жабдықтар табыстады.
Бұл туралы облыстық «On’tu’stik» телеарнасының тілшісі Р.Бақытжанқызының материалына сілтеме жасаған «didarbek.kz» хабарлайды.
Кез келген бала қамқорлыққа зәру. Өкініштісі, бүгінде қам-көңіл жеткіншектер саны күн санап артып отыр. Өз баласын тастағаны аздай, алимент төлеуден жалтарып жүрген әкелер саны да азаймай келеді. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында жеке сот орындаушылар «Мектепке жол» акциясына үлес қосты.
М.Әбдібай – Шымкент қалалық жеке сот орындаушыларының өңірлік палата басшысы: 7 тамыз — 2 қырүйек аралығында осы акция жүргізілетін болады. Онда жеке сот орындаушылардың қарауындағы көп балалы аналардың балаларына мектепке қажетті құрал-жабдықтар беріп жатырмыз.
Бүгінде Шымкент қаласының жеке сот орындаушыларында алимент өндіру туралы 10 642 атқару өндірісі қозғалған. Оның 8 мыңнан астамының өндіру туралы атқару құжаты бар. Ең сорақысы, 2 500 борышкер алимент төлеуден бас тартып отыр.
100 мектеп оқушысы мен аналарына құрбан айт мерекесіне орайластырылып, дастархан жайылды. Арнайы құран оқылып, құрбандыққа шалынған түліктің еті таратылды. Ал, балалар болса мектепке қажетті құрал-жабдыққа толы сөмкені арқалап кетті.