Кентау қаласына қарасты Жүйнек ауылы тұрғындарының бүгінде тұрмысы түзеліп, тірлігі өрге басқан. Өйткені, мұндағы жұрт мемлекеттік қолдаудың арқасында жаппай шаруашылыққа бет бұрғын. Соның арқасында екі қолға бір күрек тапқан ауыл азаматтары түрлі кәсіпті игеріп, игілігін көруде.
Жүйнек ауылдық округінде 10 мыңнан астам халық тұрады. Мұндағы тұрғындардың басым бөлігі мал және егін шаруашылығымен айналысып, нәпақа тауып отыр. Мемлекеттік бағдарлама негізінде жас мамандар жұмысқа орналасып, бірқатар отбасы атаулы әлеуметтік көмекке қол жеткізген.
Бұл туралы облыстық «On’tu’stik» телеарнасының тілшісі М.Әсембектің материалына сілтеме жасаған «didarbek.kz» хабарлайды.
Ж. Мырзабеков — Жүйнек ауылының әкімі: Жалпы Жүйнек ауылдық округінде жұмыспен қамту бөліміне 500-ден аса азаматтардың өтінішін жолдадық. 200-ден астамы алды. Өздеріңізде көрдіңіздер тауық асырап, қалағанынша мал, сауынды бие алып жатыр.
Ләззаттың 7 баласы бар. Оның 5-еуі мектепке барады. Отағасы екеуі осы ауылдағы шаруақожалықта қарапайым жұмысшы боп істейді. Әлеуметтік көмектің арқасында құлынды бие сатып алыпты. Алдағы уақытта мал басын көбейтуді жоспарлап отыр.
Л. Таңатова — көпбалалы ана: 360 мыңға мына биені алдым. Осыменен алдағы жоспарым, мемлекеттен тағы қаржы берілсе, мал алып қоямын деген ниетім бар.
Осындай мемлекет берген қаржның шарапатын көргендердің бірі — Әбдірахман Әбденов. Ол атаулы әлеуметтік көмектен алған 92 мың теңгесіне үй құстарын асырып, жұмыртқасын сатып, пайда тауып отыр.
Ә. Әбденов — Жүйнек ауылының тұрғыны: 10 аналық үндік, шөжектерімен 120 алдық. Қазы бар 15 шақты. Міне 2 ай болды. Бұрыннан жоспарлап жүргенбіз. Мемлекет естіп қойғандай, қол жеткіздік. Мың да бір алғыс.
Ауылда жалпы 230-дан астам кәсіпкер бар. Шаруақожалықтың саны да күннен-күнге артып келеді. Шаруалар соңғы үлгідегі заманауи технологияларды қолдануға көшкен. Соның арқасында тамшылатып суару, топырақты қопсыту сынды тың жұмыстарды игеріп, соның игілігін көруде.