Жыл сайынғы өткізілетін «Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясын Түркістан облысының полицейлері де қалыс қалмай жылдан жылға ұйымдастырып келеді. 2019-2020 оқу жылында көмекке мұқтаж отбасынан шыққан балаларды әлеуметтік көмекпен қамту мақсатында «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы сақшылар тарапынан ағымдағы жылдың тамызынан бастау алды.
Бұл акцияның мақсаты – аз қамтамасыз етілген және көп балалы отбасылардың балаларына, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға жаңа оқу жылына қажеттіліктерін дайындап, қамтамасыз ету, оқушыларға жаңа оқу жылына дайындық кезеңінде көмек көрсету.
Аталмыш акция барысында Түркістан облысы бойынша Сарыағаш аудандық полиция бөлімінің полицейлері көш бастады. Сарыағаштық сақшылар «Мектепке жол» акциясын полиция бөлімінің мәжіліс залында ұйымдастырды. Тұрмысы төмен 10 отбасын арнайы шақырып, қайырымдылық көмектерін көрсетті, деп жазады Түркістан облысы ПД-нің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған «didarbek.kz».
Сарыағаш АПБ бастығының кадр саясаты жөніндегі орынбасары полиция подполковнигі Ерлан Шамшат ата-аналарды жаңа оқу жылының аз күндерде басталатындығымен құттықтап, балалар үшін алынған канцелярлық заттарды, сөмкелерді табыстады. Мәз-мейрам болған балалар мен олардың ата-аналары алтын уақыттарын бөліп, қуаныш сыйлаған сақшыларға шексіз алғыстарын жеткізді.
Тура осындай жайт, облысымыздың Келес және Төлеби аудандарында да өткізілді. Келес ауданы №1 О.Есимов атындағы орта мектептің оқушысына мектепке қажетті канцелярлық заттар салынған сөмке табысталса, Төлеби ауданының тәртіп сақшылары жергілікті тұрғынның 1 сыныпқа барғалы жатқан ұлына мектеп формасы мен спорттық киімдер, канцелярлық заттарын үйіне алып барып, тосын сый жасап табыстап қайтты.
Өз кезегінде сақшылардың мұндай игі бастамаларға, қайырымдылық шараларына белсене қатысуы полицейлердің де отбасында өзіндік орны бар асқар тау әке мен ақ жүректі ардақты ана екендігін көрсетті.