Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Ауыл жаңалықтары » СЕЙІТ СӘМЕКЕҰЛЫ – XVIII ҒАСЫРДЫҢ ОРТАСЫНДА БИЛІК ҚҰРҒАН

СЕЙІТ СӘМЕКЕҰЛЫ – XVIII ҒАСЫРДЫҢ ОРТАСЫНДА БИЛІК ҚҰРҒАН

Сейіт Сәмекеұлы – XVIII ғасырдың ортасында билік құрған хандардың бірі. Деректерде Шасеит-хан, Сеит-салтан, Шах Саййид бахадүр хан аттарымен белгілі. Ол Орта жүздің бір бөлігінің ханы болса керек. Түркістан қаласында хижра жыл санауы бойынша 1228 жылы, яғни біздің қазіргі санауымызша шамамен 1813 жылы Абд Рахим Узканди жазған «Шыңғысхан рисолясы» атты қолжазбасында көрсеткен мәлімет бойынша: «Шах Саййид ат қою себебі, аналары Ташкенттегі пірдің қызы еді. Саййид аты осыған байланысты қойылды» делінген.
Ортағасырда Сеиіт қожаның қызын алу үлкен мәртебе саналған. Сейіттер Мұхаммед пайғамбардың ұрпағы ретінде ортағасырлық дәуірде қатты қастерленген.

Сейіт — Сәмеке ханның үлкен ұлы, Тәуке ханның немересі. Қазақ хандарының Жәдік әулетіне жатады. Туған жылы белгісіз, шамамен 1745 жылдардан кейін қайтыс болған. Билік құрған жылдары 1741-1745 жылдар аралығын қамтиды [Ерофеева, 1997. С.79, 114].

Сейіт ханның балалары ішінен Қарабас Мұхаммет сұлтан белгілі. Жоғарыда аталған Абд Рахим Узканди қолжазбасында «… Шығай хан. Оның ұлы — Есім хан. Оның ұлы — Жәңгір хан. Оның ұлы — Тәуеккел Мұхаммет бахадүр хан. Оның ұлы — Әли шах. Оның ұлы — Шах Мұхаммет бахадүр хан. Оның ұлы — Шах Саййид бахадүр хан. Оның ұлы — Қарабас Мұхаммет сұлтан» деп көрсетіледі.

Түркістан қаласында Сейіт хан 1738-1739 жылдары орыс өкіметінің өкілі Карл Миллермен бірнеше мәрте кездесіп, орыс патшасының қол астына өтуге ниет білдірген [ИКРИ-6. С. 33-34, 46].

Ол 1742 жылы Түркістан қаласы мен оның төңірегін жеке дара, 1743-1745 жылдары Әбіл — ханмен бірлесіп иелік етті. Оңтүстік Қазақстан, Сырдарияның орта ағысы, Түркістан қаласы, Қаратаудың теріскейіне билігі тараған. Хан ордасы Түркістан қаласында орналасты. Әкесі Сәмеке ханнан Түркістан қаласы мен оның төңірегіндегі аймақты, Оңтүстік Қазақстанда көшіп-қонып жүрген қоңырат тайпасының бір бөлігін мұрагерлік жолмен басқаруға алды. Хан лауазымы мен басқару құқығын тікелей жоңғар ханы Қалдан Сереннен алғандықтан оған тікелей бағынышты болды. Бұл жөнінде 1741-1742 жылдары Түркістан мен Ташкентте болған саудагер Шубай Арасланов жазады [ИКРИ-6. С. 100].
XVIII ғасырдың 40-жылдарының ортасына қарай белгісіз себептерге байланысты саяси биліктен айырылып, жазба деректерде хан жөнінде мәліметтер кездеспейді.

Пікір жазу