Арыс, біз біргеміз! Арыстықтарға осы уақытқа дейін 270 тонна азық-түлік жеткізілді. Оған Қазақстанның барлық облысынан еріктілер мен түрлі мекемелер, жомарт жандар күш салды. Көмек қолын созғандар арасында жетісайлықтар да бар. Аудан әкімдігі жергілікті азаматтар бірлесіп Арысқа қаржылай және заттай көмек жіберді.
Бұл туралы облыстық «On’tu’stik» телеарнасына сілтеме жасаған «didarbek.kz» хабарлайды.
Арыстағы жарылыстан қашқан 100-ге жуық азамат Жетісайға жан сауғалап келген. Мырзашөл халқы оларды жатсынбай, тиісті көмек көрсетіп отырды.Солардың бірі — Жұмабековтар әулеті. Басына нәубет түскенде Жетісай жұртынан жылу көргенін айтып, алғыс айтуда.
Үйіне қайтқан ағайынның көңілі күптенбеуі үшін, тамағы тоқ болу қажет. Көрші ақысы – Тәңір ақысы. Іргелес отырып, көмек қолын созу – біздің азаматтық әрі көршілік парызымыз, — деп есептейді. Сондықтан арысқа қолдан келгенше көмек жіберіп отыр. Игі істің басында жүрген – аудандық ардагерлер кеңесі.
Әбдіғаппар Исаев — Жетісай аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы: Жалғыз ардегерлер ғана емес, бүкіл Жетісай халқы түгел осы мәселеге үн қосып жатыр. Қаржылай, ақшалай беріп жатқан азаматтар көп. Жаңағы түрлі азық-түлік, киім-кешек жиналып, екі камаз Жетісайдан Арысқа аттанып бара жатыр. Міне, бүгінде аудандағы ардагерлер осы жерде басын қосып, Арыстық ағайындарға қолдан келгенше қаржылай және заттай жәрдемдерін беріп жатыр.
Жетісайлықтар көмекті мұнымен тоқтатпайды. Арысты қалпына келтіру үшін аттанатын еріктілерді топтау жұмыстары да белсенді жүргізілуде.