Арыстық тұрғын, кәмелет жасына толмаған жоғалған қызын тапқан учаскелік полицейге алғыс айтты, деп жазады Түркістан облысы ПД-нің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған «didarbek.kz».
Түркістан облысы, Арыс қаласының жергілікті тұрғыны тамыз айының ортасында 14 жасар қызының үйінен белгісіз бағытқа шығып кетіп, қайта оралмағандығын айтып, Арыс АПБ-не арызданады. Арыз түскен сәттен бастап, бірден бағыт алған полицейлер іздестіру шараларын жоғары деңгейде жүзеге асырады. Бірнеше мобильдік топтарды құрып, ауыл аймақты тінтіп шығады.
Куәгерлердің айтуы бойынша, жоғалған қыз жақын маңдағы ауданға қарай кетіп бара жатқан таксиге мінген. Одан басқа бірде-бір ілік жоқ. Осылайша бағыт алған полицейлер жақын жердегі Темірлан ауданын түгел тінтіп шығады.
Ұйқысыз түндер мен мезгілсіз күндер бойы іздеу жұмыстарының нәтижесінде кәмелет жасына толмаған қыз анасының танысының үйінен табылады. Полицейлер бірден ата-анасына хабарласып, қызды аман-есен үйіне жеткізеді.
Бүгінгі таңда қыздың денсаулығына төніп тұрған қауіп жоқ. Қызбен түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Бүгінгі таңда тәртіп сақшылары жасөспірім қыздың қалайша үйінен ізім ғайым жоғалып кеткені бойынша толық мән-жайды білу үшін тексеру амалдарын жүргізуде.
Полицейлердің тез арада бағыт бағдар алып, қызының бұзақыларға жолықпай аман-есен табылғанына ризашылығын білдірген ақ жаулықты ана сақшыларға сәттілік тіледі. Сондай-ақ, жоғалған қызын табу үшін өзінің қырағылығын танытып, уақыт жоғалтпай тез арада өз көлігімен іздестіруді бастап кеткен учаскелік полицей Пернебек Біржан Еркінбекұлына ыстық ықыласын білдірді.
Полицейлер үнемі ескертеді, егерде жақындарыңыз бен балаларыңыздан көз жазып қалсаңыздар уақыт жоғалтпай тез арада полицияның «102» нөміріне қоңырау шалыңыздар. Бұл өз кезегінде балаларыңыздың аман-есен табылуына септігін тигізеді.
Сонымен қатар, полицейлер әрбір ата-анаға өз балаларыңызға жоғалудың қаупі жайлы үнемі ұғындырып отыру керектігін айтады. Бастысы балалардың қауіпсіздігі.