Түлкібас ауданы Азаттық ауылындағы Хазіреті Усман Жамиь мешіті күрделі жөндеуден өтті, деп жазады аудандық «Шамшырақ» газетіне сілтеме жасаған «didarbek.kz».
Имандылық пен парасаттылыққа, сауаттылық пен адалдыққа толы «Алланың үйіне» бүгінде келушілер легі жетерлік. Жастардың да имандылыққа бет бұрғаны, қарттардың да азан шақырып, баталы болғаны кімді де болсын қуантары анық.
Мешіттің жөндеу жұмыстарына жауапты болып, басы-қасында жүрген ауыл жанашыры Тұрсынбаев Қабылжан мырзаның айтуынша құрылыс жұмыстарына аудан кәсіпкерлерінің жеке атынан көптеген қолдаулар көрсетіліпті. Олардың ішінде жеке кәсіпкер Байысбаев Хамит 1 млн.теңгені ақшалай берсе, Тойшыбеков Ағзам мен Байысбаев Данияр мырзалар бірігіп 680м2 кілемді сыйға тарту етті. Сонымен қатар, ауыл тұрғындары да бұл сауапты істен кеш қалмады. Бірі құрылыс заттарын қалтасы көтергенінше әперіп заттай қолдау білдірсе, ендігісі жұмысшыларға азық-түлік әкеліп, кейбірі тамағы мен кәуабын беріп барын салуда.
Айта кетерлік тағы бір дүние мешіттің шатырының әдемі материалмен көмкерілуіне өзінің ерен еңбегін қосқан құрылысшы, ауылымыздың тұрғыны Турсынбаев Ахмад болды. Ол жалғыз өзі емес, үш үлкен ұлдарымен — Мамюсупов Закир, Махмуджан, Исламжанмен бірігіп кірісті. Кәсіпкер Саидов Абдіхалық көп жәрдемдсіп, 500 мың теңгені мешіттің құрылыс қорына аударды. Ауыл ортасында орналасқан ақ мешіт бүгінде көркейіп, жаңарған, сәнді үлгідегі мешіттер қатарынан. Мешіттің бас имамы Миразизов Мирабей болып бекітілді. Имам құрылыс жұмыстары кезінде жұмысшылар мен ауыл тұрғындарына ізгі ниеттерін білдіріп, үнемі дұғада болатынын айтып жеткізді. Сонымен қоса, уағыз- тілектерін, дұрыс бағыттағы әңгіме-аңыздар айтуды үзген жоқ. Сауатты, иманды, салиқалы ұрпақ өсіруді, тәрбиелеуді мақсат тұтқан ұйымшыл, еңбекқор ауыл азаматтары шынында да үлгі боларлық жандар.
Ауыл игілігі үшін басталған жұмыс оларға үлкен міндет пен жауапкершілік болып саналатынын сөз барысында байқап қалдық. Содан-ақ, ол ауылдың ауызбіршілігі мен бауырмашылдығының жоғары екенін түсіндік. Ауыл азаматтары осындай қамқорлық танытып жүрген ауыл әкімі Аманов Макулбек Керимбековичке, қолдап-қолпаштаған барша демеушілер қауымына алғыс айтады. Сауабы тиіп, Алланың шарапаты мен рахымына бөлене берсін деген ниеттерін білдірді ауыл тұрғындары.