Социалистік Еңбек ері, Арыс қаласының «Құрметті азаматы», ширек ғасыр мектепте директор болған, ұлағатты ұстаз Артур Кудриннің жағдайын жарылыстан соң сұрай барған Патрульдік полиция қызметкерлері оны ауруханаға апарып, тексертті. Одан соң, полицияға қатысты мәселелері бойынша құқықтық кеңес берді.
Түркістан облыстық ПД-нің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған «didarbek.kz» хабарлайды.
Сонымен қатар, зейнеткердің үйіне қажетті заттарын түгендеп алып, қолдарынан келгенше көмектесіп қарияны үйіне жеткізіп тастады. Ал қайырымды да, қарапайым полицейлерден кәсіби біліктілікпен қатар, жылы шырайды байқаған егде жастағы азамат шын көңілден алғысын жаудырды. «Мендей үлкен азамат болыңдар, генерал болыңдар», -деп тілегін жеткізеді. Халық пен ашық, тығыз қарым-қатынас орнатып, алғыс алу деген осы болар. Еске сала кетсек, айдың-күннің аманында, Арыс қаласында орын алған жарылыс арыстық тұрғындармен қатар, Бүкіл Қазақстандықтардың қабырғасын қайыстырды. Бірлігі бекем еліміздің барлық азаматтары осындай қиын сәтте бір-біріне көмек беріп, қайырымдылық танытты. Еліміздің түкпір-түкпірінен Арысқа ағылып азық-түлікпен қатар, тұрмысқа қажетті заттар, киім-кешектер жеткізілді. Ең бастысы Арыс қаласы 14 секторға бөлініп, жарылыс салдарынан қираған үйлер қайта қалпына келтіріле бастады. Бүгінгі күні аталған жұмыстар толық аяқталуға жақын қалды. Осындай қиын шақтарда Түркістан облысы Полиция департаментінің полицейлері күні-түні қызмет етті. Тұрғындар қауіпсіз аймаққа көшірпілген сәтте, мал-мүліктеріне қарап, ұрылардың жолын кесті. Осы бойынша бірнеше ұрлық жайттары тіркеліп, заңды шешім қабылданды. Сондай-ақ, тұрғындар қайта үйлеріне келген сәттен бастап «Жолда қабылдау» акциялары ұйымдастырып, Арыстағы тыныштық пен қауіпсіздікті қатаң бақылауда ұстады. Қазіргі таңда маңызды жұмыстар өз жалғасын табуда. Жарылыс болып, жан-жаққа бас сауғалаған жергілікті тұрғындар алдында да тәртіп сақшылары өз қызметтерін мінсіз атқарып, көмек қолын созып, ас-суларын тасыды. Қорқыныш сезімі себебінен, үйінен шықпай қалып кеткен балалар мен ересектерді жарылыс болып жатқан аймақтан алып шығып, аман алып қалды. Өз кезегінде, тұрғындар да полицейлерге алғысын білдіріп, жұмыстары табыс тілегені жайлы мақалалар мен бейнежазбаларын жароиялаған болатын.